«Шаңырағын сатып, содан пайда көру жақсы нәрсе емес»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Біздің қазақты «болмасаң да ұқсап бақ» деген нәрсе құртады екен. Яғни бір адамды «идеал» қылып аламыз да, соған ұқсағымыз келіп, тыраштанамыз. Әркімнің өз жолы, өлшеп берген несібесі барын ескере бермейміз», - дейді Аружан есімді келіншек.
Оқырманымыздың туысы баспана салып, сатумен айналысам деп, алаяқтарға тап болған көрінеді. Болған жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.
«Отау құрғанымызға он үш жыл болды. Осы жылдар ішінде «қоя жесең, қой қалар, тарта жесең, тай қалар» дегенді ескеріп, жатпай-тұрмай ақша жинап, өзімізге лайықты үй тұрғызып алдық. Биыл сол үйге көшіп кіріп, ел-жұртқа шай бердік.
Үй салу оңай емес, бір жылы фундаментін құйдық, келесі жылы қабырғасын көтердік, үшінші жылы шатырын жауып, төртінші жылы ішін әрледік. Соған дейін жұрт қатарлы ел көру, жер көру дегенді ойламадық. «Үй бітсін, бәріңді қыдыртам» деген күйеуімнің сөзіне сеніп, тәтті қиялмен күндеріміз өтіп жатты.
«Баха, енді үйді бітіріп, кіріп алдық қой, ендігі тапқанымызды ішіне жапсыра бермей бір уақ өзімізге көңіл бөліп, балаларды қыдыртып, рахаттанып өмір сүрейікші» дегем шай үстінде. «Қоя тұрамыз-ау» деп күйеуім міңгірледі. «Менде басқа план боп тұр. Соны істесек, одан кейін бәрін қатырамыз» деп тағы бір әңгіменің шетін шығарды. Сөйтсем қайынәпкеміз бен жездеміз күйеуімнің «миын айналдырып» қойған екен.
Күйеуімнің әпкесі мен жездесі бірнеше жылдан бері үй салып, бірнеше ай тұрып, артынша сатып жіберетін бизнес тапқан. Салған үйлерінің санынан жаңылысып қалдық. Басында олардың бұл тірлігіне ағайын-туыстар үрке қарайтын. Қазір үйреніп қалды. Қайта көбі «солардікі дұрыс, әр үйден 15-20 миллион көріп, байып отыр» деп мақтайтын болған.
Сол әпкеміз інісіне «Мына үйіңді сат та, ақшаңды бір айналдырып ал, сен ішін бітіріп кірем дегенше дизайны ескіріп қалды. Заманауи етіп басқасын соғып аласың» деп үгіттепті. Біздікінің есі соған ауды да қалды. «Қой, айналайын, өзіміз мына үйді қалай соғып едік, тыныштық керек, рахатымызға отырайық, шаңырағын сатып байыған дегенді түсіне алмаймын» деп бетін қайтарып тастағам.
Жазда үйге туысқандарды тамаққа шақырғанбыз. Әлгі әпкеміз бен жездеміз келіп, ең соңында бір-ақ қайтты. Шай үстінде «Не істейтін болдың, айналдырып аласың ба?» деп күйеуіме қараған. Менің көңіліме қарап ештеңе дей алмай отыр еді, әңгімеге өзім араластым. «Жезде, бізді бұл үйден ешкім қуып жатқан жоқ, байып, мода қууды да ойлап отырған жоқпыз. Баспанамыздың барына шүкір деп отыра берсек деймін. Бахаға салсаң үйдің бағасын түсіріп-түсіріп сата салғысы бар. Ол ақшаға ертең осындай үй тұрғыза аламыз ба, жоқ па, белгісіз ғой» дедім.
Айтуым мұң екен, жездеміз қызып кетті. «Еркектің шешіміне әйел араласпауы керек, қайта бастамасын қолдап, «Сенің қолыңнан келеді» деп қолдап-қуаттап отырмайсың ба? Миллиардқа сатсаң да ол ақшаның берекесі болмаса, су боп ағып кете салады. Тәуекел етіп көріңдер, жүрміз ғой біз де, інілерім де осыдан нан жеп. Ойланба, Баха, үйіңді сұраған бағасына сат» деп жел беріп, желпіндіріп қойды.
Содан не керек, біздің күйеу айныды ғой. «Үйді 60 миллион деп жазам» деп бастаған. Онымен алушы шықпап еді, 55 миллионға бір-ақ түсірді. «Берекесін берсін, осы ақшаға бір жер, үш-төрт бөлмелі пәтер алып қойсам, машинамды жаңаласам...» деп армандап кетті. «Артылып жатса інімнің үйіне қосқаным деп екі миллион берем» дейтінін қайтерсіз... Ол да үй салып жатқан. Үйін сатып інісіне жәрдем берем дегеніне жыным келді-ау. Бірақ менің айтқанымды тыңдайтын күйеуі жоқ, арғы жақтан құлағын бұрап отырғандар бар. Ақырында қолымды бір сілтеп, «білгеніңді қылшы» деп қоя салдым.
Қалайда мына үйді сату керек деп жүргенде бір жағдай орын алды. Әпкеміз бен жездеміз тұрып жатқан екіқабатты жекежайларын 135 миллионға бағалап, біреуге сатпақ болған. Сөйтсе әлгі сатып алатын адам «Менің нақты ақшам жоқ, бос жатқан жерімді, Түркістан мен Шымкенттен екі пәтерімді, сосын астымдағы көлігімді берейін, қалғанын ақшалай...» деп ұсыныс айтыпты. Ондайға үйреніп қалған жездеміз ғой, бәрін нарықтағы бағадан төмен бағалап, ала берген. «Үйді саттық, енді жаңа үй бастаймыз» деп қуанып отырғанда бір шикілік шықты.
Сатып алушының берген жерінің құжаты дұрыс емес екен, болашақта ол жерге мектеп пе, аурухана ма түседі екен. Онымен қоймай, Түркістандағы екі бөлмелі пәтер әйелінің атында боп, бірақ оны сатып алушы жасырып қалып, өзінің таныс нотариусы арқылы тоқалына қол қойдыртып жіберген. Яғни жездеміздің үйін бәйбішеден жасырып, тоқалға әпермекші болған. Кейін бәрі әшкере боп, жездеміз соттасып жүріп үйін әрең қайтарып алды.
Ақша жүрген жер оңай дейсің бе, түтігіп, зәр-имандары қалмады. «Бата қалам, байып кетем» дегеннің соңы осындай болады, тек жүрсең тоқ жүресің, үйіңді сатып мені байытпай-ақ қойшы» деп күйеуімді әрең тоқтаттым...»