​«Анамның айтқаны қате, әйелімдікі – дұрыс»: отбасылы азамат екі оттың ортасында қалғанын айтады

0
7 499

«Әйелімді кетірудің түрлі амалдарын қарастырып жатыр»


​«Анамның айтқаны қате, әйелімдікі – дұрыс»: отбасылы азамат екі оттың ортасында қалғанын айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Ене мен келін» тақырыбы ғасырдан ғасырға жалғасқан, мәңгі жырлайтын тақырып екен. Бұрын үйленбей тұрғанда бұл мәселеге анау айтқандай бас қатырмайтын едім. «Енесін өз анасы сияқты сыйласа, ал ана келін өз баласы сияқты көрсе болды емес пе? Не жетпейді екен?» деп ойлайтынмын. Сөйтсем кейде болмашы нәрседен арадағы нәзік, көзге көрінбейтін сыйластыққа сызат түсіп, ит пен мысық боп шыға салады екен ғой», - дейді Нұрым есімді азамат.


Екі жыл бұрын сүйген қызымен шаңырақ көтерген ERNUR.KZ сайтының тұрақты оқырманы өз басынан өткен оқиғаны баяндауды жөн көріпті.


«Сүйген қызым «мен енеммен тату-тәтті тұрам, оны өз анамдай көрем» деп көп айтатын. Анам да «Айналдырған екі келінім болады, оларды жақтырмай жын көрініп пе?» деп отыратын. Олардың осы сөзін естіп жүрген соң екеуінің тату тұратынына нық сенімді болдым.


Үйленетінімді айтып, жүретін қызыммен таныстырғанда ата-анамның қуанышында шек болмады. «Көзімді ашып көргенім» деп менің тойымды дүркіретіп өткізді. Жаңа құдаларына сый-сияпатты үйіп-төкті. Менің әке-шешем олардың да алғашқы құдасы болғасын барын салып күтті. Екі жақ ештеңеден аянып қалған жоқ. Солай біздің отбасылық өмір басталды.


Жасырып қайтейін, жазда үйленсек, көктемге дейін жап-жақсы тұрдық, құлақ тыныш болды. Бірақ келе-келе анамның әңгімесі көбейді. Қазір сол түсініспеушіліктер ренішке, ұрыс-керіске ұласып барады. Анам мен әйелім тіл табыса алмай-ақ қойды. Екеуін бөліп-жара алмай мен отырмын. Екеуі де мен үшін ерекше, орны бөлек.


Былай қарасаң әйелімде мін жоқ. Ерте тұрып, жұмысқа кеткенше ата-анамның таңғы асын әзірлеп, онша-мұнша жерді жинастырып кетеді. Жұмыстан келе сала басына орамалын тағып, шашылған жерді жинап, сыпырып, кешкі асын әзірлеп қояды. Үй жиюлы, мен келгенде ыдыс-аяқ жуулы. Анама қарсы сөйлеген кезі жоқ. Мамам не айтса да үндемей құтылады.

Ал анамның айтқанын тыңдасам, бәрі басқаша. «Баяғыда мен жерде бір қыл жатса, бәрін басынан бастап жинайтынмын. Мына әйелің салақ. Заттар өз орнында тұрмайды. Уақтылы ыдыс жуылмайтын болды» деп жамандайды. Осындай ұсақ-түйектен басталып отыр.


Расында да анам тазайын адам. Кітаптағы ережелермен өмір сүреді. «Кейін істей салам» деген сөз оның сөздік қорында жоқ. Түннің жарымына дейін жүрсе де бастаған ісін аяқтап барып жатады. Әр заттың өз орны бар, алып, орнына қоюды ұмытып кетсек бала кезде таяқ жейтінбіз. Соны менің әйелімнен талап етеді. «Әйелің бір күлмейді, бедірейіп қалған. Қонақ келсе қабағы ашылмайды» деп шағымданады.


Оның бәрін Айданаға айтсам, «Бес күн жалғанда бәрін бір ережеге сыйғызып, рамкамен шектеп өмір сүрмейікші. Не бопты орындары ауысып кетсе, сыртқа шығып кеткен жоқ қой» деп күйіп-піседі. Айтып отырса, онікі де дұрыс сияқты. «Бір-екі кесе кештеу жуылса бірдеңе қирап қалды ма?» дейді.

Шынымен оның мінезі ауыр. Ашылып әңгіме айтатын кезі сирек. «Енеме жағу үшін өтірік күліп жүрейін бе? Барым осы ғой. Қонақ күтуден шаршамаймын, келе берсін, енді бекерге ыржалаңдап отырмайтын шығармын. Айтатын болсам менде де ауыз бар ғой, үлкен кісіге сөз қайтармайын деп бәріне үндемей құтылам» деп ақталады. Оның сол сабырлылығына да ризамын бір жағынан...


Екеуінің келіспеуінің тағы бір себебі балалы бола алмай жүргенімізден де сияқты. «Пәленшенің сенен кейін үйленген баласы балалы болды, мен қашан немеремді иіскеймін, қатыныңа айт, дәрігерге көрінсін» деп отыр. Айдана онсыз да барып, тексерілген. «Бәрі дұрыс, денің сау, күйеуіңмен бірге кел» депті олар. Ал мен өз денсаулығымды жақсы білем, балалы болатыныма жүз пайыз сенімдімін. Бұйырған күні болар деп күтіп жүрмін. «Апа, Нұрым да барып тексерілуі керек» деп айтып қалып еді, «сен менің баламды белсіз деп тұрсың, оның түк кінәсі жоқ» деп тағы шу шығарды. Маған шаң жуытпайды.


Осы күні Айдана «апаммен қатты ұрысып қалмай тұрғанда бөлек шығайықшы» дейтін болды. Менен кейінгі ініме «үйленсейші» десем, асығатын түрі жоқ. Қызы дайын емес екен. Одан бұрын еншімді алып кетсем әке-шешемді өкпелетіп алатыным анық. «Сен әйеліңді жақтайсың, оған қатты айтып, жолға салмайсың» дейтінді шығарды мамам.


Шынымды айтсам, бар мәселе әйелімде емес, анамда. Бірақ оған «кінә сізден, келініңіз жап-жақсы» деп айта алмаймын. Олай десем өмір бойы бетіме қарамай кететін шығар. Үлкен кісі ғой деп үндемеймін. Бұрын тек мамам сөйлеуші еді, енді оған папам қосылды. Үйдегі ұрыстан шаршап кеткен бе, «балам, ақыры балалы бола алмай жүрсеңдер ажыраса салғаның да дұрыс шығар, әлі жассыңдар ғой» деп айтып қалды. Әкемнің сөзінен байқағаным, егер жақын арада Айдана бала көтермесе, біздің үйден мүлде тыныштық кететін секілді.


Осыны естіген соң «еншімді алам» деп екеуіне ойымды айтып ем, «кетсең қайтып келме, біздің батамызды алмай кетейін деп отырсың» деп тағы шу шығарды. Екі оттың арасында қалдым. Жұмыстан үйге әрең қайтам. Келсем екеуінің әңгімесі дайын тұрады. Үйленудің машақаты мұншалықты ауыр екенін білгенде бойдақ жүре тұрар едім...»