​«Бай жігітке ғана тұрмысқа шығам»: шымкенттік әйел ескі көзқараспен қоштасу керек деп санайды

0
2 220

«Ақша, байлық болмаса махабатың «маңырап» кетеді


​«Бай жігітке ғана тұрмысқа шығам»: шымкенттік әйел ескі көзқараспен қоштасу керек деп санайды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Отбасы мәселесі, жігіттің үйленуі, қыздың тұрмысқа шығуы таусылмайтын әңгіме, өмірлік тақырып. Себебі әр адамның басындағы тағдыры әртүрлі, өмір жайлы түсінігі өзгеше. Біріне махаббат, шынайы сезім керек, енді біреуіне материалдық байлық, ақша маңызды», - дейді Жансая есімді әйел.


Оқырманымыз бір емханада мейірбике боп істейді екен. Жақында әріптес құрбысының үйіне қонаққа барып, өзі есіткен жағдайды ERNUR.KZ оқырмандарымен бөлісуді жөн көріпті.


«Күйеуім вахталық әдіспен жұмыс істейді, 15 күн үйде болмайды. Ұл-қыздарымыз да есейіп қалған. Жақында әріптес құрбым үйіне қонаққа шақырды. «Күйеуің жоқ, біздікі де ауылына кеткен, келсей, әңгімелесіп отырамыз» деді. Тәттілерімді арқалап бардым. Құрбым манты істеп, дастарханын жайнатып қойыпты. Шай ішіп, жұмыстың әңгімесін бітіріп тастадық.


Тамақ жейтін уақытта дастарханға екі қыз келіп отырды. Бірі құрбымның Астанада оқитын қызы, екіншісі соның мектептегі құрбысы екен. Сабақтарын сұрадық, анау-мынау әңгімені айтып, соңында тұрмысқа шығу туралы әңгіме қозғалды.

Ойымда дым жоқ, «Аяна, бойжетіп қалдың, сөз айтып, артыңнан жүгіріп жүрген жігіттер көп шығар. Енді қашан тойға барамыз?» деп сұрақ қойдым.

Аяна деген құрбымның қызы ғой, кішкентайынан білем, көз алдымызда өсті. Шешесімен емхана келіп-кетіп жүретін. Өзімсініп жеке басына қатысты сұрақ қойғаныма кейін өкініп қалдым.


«Әпше, әр адамның жеке шекарасы бар, шекарадан өтпесеңізші» деп бетіме алара қарады. Онысын құрбым жуып-шайғандай «бұлар қазір психология дегенді оқып алып, осындай бірдеңелерді шығарып алған» деп қызарақтай күлді. «Шекара дегеніңді білмеймін, қыз баласы уақыты келгенде тұрмысқа шығып, бала сүйіп, отбасылық өмірдің қызығына бөленуі керек. Әйтпесе Астанада жұмыс деп қалып кетесің, әпкелік ақылым ғой» дедім өз-өзімді ақтап алғым келіп. Ал Аяна қыз осы сөзімді күтіп отырғандай, әңгімесін бастап кетті.


«Осы жұрттар біреуге ақыл айтуға құмар ше. Көңіліңізге келмесін, әпше. Бірақ сіз, мынау мамам күйеуге тиіп, не рахат таптыңыздар?! Мысалы, сіз, неше жасыңызда күйеуге тидіңіз? Он тоғызда ма? Сосын не болды, ата-енемен тұрдыңыз, оларға қызмет еттіңіз. Еншілеріңізді бергенде бастарыңызда баспана жоқ, пәтерден пәтерге көшіп, әрең дегенде екі бөлмелі үй алдыңыз, дұрыс па? Сонда да жетіспеушілік, бала-шағаның киімі, тамағы, оқуы деп сіз арзымайтын жалақыға жұмыс істеп мұнда жүрсіз. Ал күйеуіңіз басқа қалада, жалғыз жүр. Осы өмір ме, несі қызық оның?!


Мейлі, сізді айтпай-ақ қояйын. Мамам мен папамды айтайыншы. Әке-шешем бір үзім нан үшін өмір бойы тыраштанып жұмыс істеді. Олар үнемі жұмыста болып, бізге дұрыстап көңіл бөле алмады. Үйді несиеге алдық, көлікті несиеге алдық. Үйдегі жиһаздар да несиеге келген. Енді соны төлеу үшін екеуі дұрыстап ауыра да алмайды. Ауырып қалса ай соңыңда жалақылары аз шығып, несиеге құя алмайды. Сол үшін үйде талай рет ұрыс болды. «Бәрі сенің кесірің, алмау керек еді» деп папам айғайлайды, ал мамам жұрттан қалмайын деп тыраштанып, қарызға батып қалған. Несі қызық осы өмірдің?


Қазақы отбасының басым көшілігінде осы өмір. Сол үшін адамдар мұндай өмірге үйреншікті нәрсе деп қабылдайды. Ал бай, бақуат өмір сүріп, қалағанына қол жеткізе алатындарға үрке қарайды, оларды бай болғаны үшін жеккөретіндер бар.

Үйленгеннен кейін әдетте не болады? Уақыт өте махаббат, сезім, сүйіспеншілік жайына қалады. Ақша, байлық болмаса махаббатың «маңырап» кетеді. Әйелі мен балаларына лайықты өмір, жарқын болашақ ұсына алмайтын еркектердің ешкімге керегі жоқ, қадірі де жоқ. Сондықтан мен бай еркекті уысыма түсіргім келеді. Сіз сияқтылар маған «парасатты, намысты, мықты болу керек, өз еңбегіңмен табысқа ұмтылу қажет» деп ақыл айтады. Бірақ өздері бақытсыз.


Мамамның сіңлісі Ботагөз әпшені елдің бәрі «мықты әйел» деп айтады. Себебі ол екі жерде жұмыс істейді. Есек сияқты таңнан кешке дейін шапқалау. Сонда да жетпейді. Өлме-талма өмір әйтеуір. Кезінде сол да жездеме «махаббатпыз, сүйеміз» деп тұрмысқа шыққан. Енді не болды? Жездеміз үш баласын, әйелін жақсы өмірмен қамтамасыз ете алмай жүр. Сонысына қарамай анда-санда әйеліне қол жұмсайды. Ішеді. Кім біледі, жағдайына қарамай әйелінің де көзіне шөп салып жүрген шығар ол.


Біздің елде бай еркектер жүргіш келеді деген түсінік қалыптасқан. Байларға деген қорқыныш бар. Ал мен олардан қорықпаймын. Таңнан кешке кеңседе отырып, арзымайтын ақша үшін бас ауыртқым келмейді. Сәнді киініп, жиі саяхатқа шыққым келеді, қалаған кезде қалаған ресторанға кіріп, тамақтанғым келеді. Сұлулық салондарына, фитнес залдарға барғым келеді. Өмірде ештеңеге қол жеткізе алмаған, мүмкіндігі шамалы, жаман жігітке қор болғым келмейді.

Мені қамтамасыз ете алмаған еркекке мен неге махаббат пен қуаныш сыйлауым керек? Кімнің бақытты болғысы келмейді? Жылы да жайлы үйім болғанын қалаймын. Өз күйеуімді құрметтегім келеді, сүйгім келеді. Солай, менің жағдайымды жасауға толық әлеуеті жететін жігіт табылар. Менің арман-тілектерім соншама ерекше ме? Меніңше, бұл қалыпты, ақылға қонымды тілек сияқты. Әлде менің оған қақым жоқ па?» дегенде айтарға сөз таппай қалдым.


Бірақ артынша өзімді қолға алдым да, «Айналайын, Аяна, өмірде барлық нәрсе ақшамен өлшенбейді, Құдайға шүкір, осы күніме өзім ризамын. Денім сау, балаларым алдымда, одан басқа не керек. Астанаға барып ақылың толысып қалыпты ғой, тегі! Мейлі, армандай бер, уақыт көрсетер басқасын» деп жақтырмағанымды білдірдім.


Менің жақтырмағанымды құрбым да сезді-ау, «Бұлар қазір осындай, бет-жүзіңе қарамай айтып отыра береді, ақырзаманның балалары ғой, көңіліңе алма. Жансая дұрыс айтады, мен де осы өміріме ризамын. Бізге ақыл айтпай бөлмеңе баршы» деп қызын тамақ жегізбей дастарханнан тұрғызып жіберді.


Үйге келіп Аянаның айтқандарын әбден ойландым. Ащы болса да шындықты айтты. Расында да тапқанымызды айдан-айға әрең жеткіземіз. Қырықтан енді ассақ та, күйеуімізбен кемпір-шалдай, бөлек қалада өмір сүріп жатқанымызға бес жылдан асыпты. Уақытымыздан бұрын қартайыппыз. Таным-түсінігіміз де ескі көзқараспен қалып кетіпті.


Қазіргі қыздардың есебі мықты. Жақсы өмірді қалайды, ел-жер көріп, балаларына көрсетіп, заманға сай тіршілік еткенді құптайды. Оның несі айып деп ойладым. Сондықтан, құрметті ата-аналар, қыздарыңызға «қашан тұрмысқа шығасың, ертерек кет» деп баяғыдай айтпау керек. «Оқы, білім ал, әлдеқандай жағдай болса өзің нан тауып жей алатындай жағдайға жет, басың салт кезде шетелге шық, саяхатта. Мүмкін болса өзіңе жеке баспана алып ал» деп ақыл айту керек екен...»