​«Бала күтуші болам деп сорлап қалдым»: тараздық келіншек өткен өмірінен сыр шертті

0
1 263

«Қожайынның әйелін де Құдай ұрып қойған екен»


​«Бала күтуші болам деп сорлап қалдым»: тараздық келіншек өткен өмірінен сыр шертті
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жасым жиырма екіден енді асса да талай тауқыметті бастан кешкен жанмын. Анамнан ерте айырылып, қайғыдан қан жұттым. Жездемнің жақтырмағаны тағы бар. Одан бөлек ардан безген арамзалардың қолына түсіп, ар-намысым тапталды...», - дейді тараздық Ақерке.


Ол бүгінде бір баланың анасы. Бақытына орай өзін түсінетін, өткен өмірін кемшілік деп бетіне баспайтын жақсы жігіт жолығыпты. Ал оған дейінгі өмірін Ақеркенің өзі ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Менің анам ерте дүние салды. Анам байғұс алқаш әкемнің езгісі мен тепкісіне төземін деп өзінің де, біздің де өмірімізді тозаққа айналдырып жіберіп еді. Өмірден бір қызық көрмей кете барды. Аузы арақтан бір босамайтын әкеміз де бір жыл өтер-өтпес қыстыгүні ішіп алып, көшеде ұйықтап қалып, үсіп өлді. Анам қайтқанда шын қайғырдым, әкем өлгенде «өзіне де осы керек» дегендей безірейіп қалдым. Көзімнен бір тамшы жас шықпады.


Інім екеумізге үлкен әпкеміз қарады. Әпкем бізге біраз қарайлап жүріп, тұрмысқа кештеу шықты. Жездеміз аздап қытымырлау адам екен, бауырым екеуміздің көп барғанымызды жақтыра бермейтін. Әпкем байғұс онысын жуып-шайып, бізге білдірімеуге тырысады. Інім аңғалдау, ал мен бәленің бәрін сезіп тұрамын. Жездемнің қас-қабағынан-ақ оның бізді жақтырмайтынын түсінемін.


Мектеп бітіріп, қалаға келгеніммен, оқуға түсе алмадым. Ауылға қайтқым келмей, қалада жұмыс іздеп қалып қойдым. Жеке пәтер жалдауға жағдайым келмейді, біраз уақыт әпкемнің үйін паналадым. Алғашында мейрамханада даяшы болып істедім. Жалақысы арзымайды екен, жеке пәтер жалдай алмайсың. Ал жездемнің жұмыстан келгендегі көзқарасы өңменімнен өтіп барады. Екеуінің арасына от салмай тұрғанда бөлек кетейін деп шештім. Бірақ бөлек кеткенде қайда барамын?! Осы оймен жүргенде кафеде бірге істеген досым «Сен бала күтуші болсаңшы, тұратын жерін өздері тауып береді» деп ақыл айтты. Дереу хабарландыруларды ақтарып, бала күтуші жұмысын қарастырдым.


Іздегенге – сұраған. Бес-алты жас шамасындағы ұлдарына бара күтуші іздеген бір кісілермен кездестім. Қырықтар шамасындағы кісілер екен, үйінің жанынан дәмхана, қонақүй, сауна ашып тастапты. «Баламыздың сабағына көмектесіп, мектепке апарып-әкелесің. Жексенбі күні демаласың. Ара-тұра кафеге келген кісілерге даяшылық қызмет істейтін болсаң, жалақыңа тағы үстеме ақы қосылады» деді. Менің де іздегенім осы емес пе? Даяшылық тәжірибем бар. Қуана-қуана келістім. «Үй кең, осында тұра бер» деді. Сонымен әпкеме барып, жақсы жұмыс тапқанымды, енді сол үйде тұратынымды айтып, қажетті көрпе-жастықтарымды таксиге салып жаңағы үйге қайта келдім.


Ертеңіне олар мені кафе, қонақүй қызметімен таныстырды. Үй иесінің жұбайы тамақтың ретін айтпаққа орнынан тұрып кеткен. Сол-ақ екен, дардай жасына қарамастан жаңағы үй иесі менің жаныма келіп жайғасып, жайлап үстелдің астынан саныма қолы байқамай тиіп кеткендей бір оғаш қимылдар жасады. Жүрегім селк ете қалды. Менің тіксініп қалғанымды байқаған болуы керек, абайсызда тиіп кетті деп, өз орнына барып жайғасты.


Одан кейін оғаш тірлік байқамадым. Екі аптадай әлгі үйде бала күтуші болып жұмыс істеп жүрдім. Бала мектепке кеткенде кафеге келген кісілерге тамақ тасимын. Кешке қарай сұлқ түсіп, жастыққа басым тие ұйқыға кетемін. Сондай күндердің бірінде үйдің қожайыны мені зорлады. Шырт ұйқыда жатқанмын, үстіме еңгезердей еркек мінгенде бір-ақ ояныппын. Айқайлауға шамамды келтірмеді, тарпа бас салып, лас тірлігін тындырғанша асықты.


Бір күйінетінім, мұның бәрін қожайынның әйелі алдын ала білген екен. Менімен тірлігін тындырып болған соң сыртқа шықты да, «Асау екен. Бірақ енді қайда барар дейсің, болары болып, бояуы сіңді. Өзі жетім екен. Қыздарыңның қатарына қосып, қонақүйдің қызметіне пайдалана бер. Тұсауын өзім кестім» деп маған естірте сөйледі. Әйелі сықылықтай күлді де, екеуі бөлмелеріне кіріп кетті.


Жылай-жылай бетім күп болып ісіп кеткен. Қайдағы бір еркектің тұзағына түсіп, абыройымнан айырылғаныма ызам келді. Екеуі қазір келіп мені тарпа бас салатындай, қандай сынаққа болса да қарсыласа кетуге тас-түйін дайын жатырмын. Әрине, қарсыласуға дайын жатырмын деген аты ғана, аяқ-қолым қалшылдап, жүрегімнің тарсылдағаны өз құлағыма бомба жарылып жатқандай естіліп, қорқыныштан бір уыс болып жатырмын.


Таң қылаң бергеннен көрпе-жастығымды тастай сала, киім-кешегім салынған сөмкені ала сала асығыс аулаға шықтым. Қақпа сыртына жүгіре басып шыққан бетте артымнан біреу қуып келетіндей аялдамаға қарай зытып бердім. Жақын жердегі аялдамада отырсам, артымнан келіп алып кете ме деп қауіптеніп, сол жүрген бойда жаяулатып, әпкемнің үйіне сүріне-қабына жеттім. Әпкем енді ояныпты, оны көре сала жылап жібердім. Оны қорқытып жібердім ғой деймін, не істерін білмей байғұстың есі шығып кетті. Болған оқиғаны еңіреп отырып жеткізіп едім. «Оңбағандарды сотқа береміз» деп ашуланды. Бірақ жездеме айтқан екен, «Мен ол адамдарды сырттай танимын, ағасы прокурор ғой, бәрібір ештеңе істей алмайсыңдар. Сіңлің өз еркімен жұмысқа барып тұр» деп райынан қайтарыпты.


Сол оқиғадан кейін мен бір жылдай өз-өзіме келе алмай жүрдім. Көшеде кезіккен адамдардың бәрі арам пиғылды болып көрінетіндей, бәрі маған күдіктене қарайтындай болып кетті. Бірақ уақыт өте өзіме келдім, тіршілік жасау керек. Тек қыздар жұмыс істейтін түшпара цехына кіріп, көңілім көтеріліп, ойым бөлініп, бірте-бірте адам қатарына қосылдым.


Сол цехқа тауар жеткізіп тұратын жігіт мені ұнатып қалған екен. Болған жағдайды жасырмай айтып едім, «сонда да саған үйленемін» деп, ақыры дегеніне жетті. Қазір бір ұлымыз бар. Шүкір, бақыттымыз.


Айтайын дегенім, қазір жұмыс береміз деген жарнаманың түр-түрі қаптап кетті. Жалақысы жоғары екен деп алданып қалмаңыздар. Батпан құйрық жерде жатқан жоқ. Абайлаңдар, қыздар!»