​«Бала ма, әлде күйеу ме?»: қызылордалық келіншек таңдау жасауда қиналып жатқанын айтты

0
642

«Құдайдан сүйгеніммен бақытты өмір сүруден басқа нәрсе тілемеп едім...»


​«Бала ма, әлде күйеу ме?»: қызылордалық келіншек таңдау жасауда қиналып жатқанын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Сәлеметсіздер ме, ERNUR.KZ ұжымы. Мен сіздерге өз басымнан өткен оқиғаны баяндап, көпшіліктен ақыл-кеңес сұрасам деп едім. Дәл қазір таңдау жасауға тура келіп тұр. Аналық махаббатым мен әйел бақыты таразының екі жағында» дейді Ақалтын есімді келіншек.


Қызылорда қаласында тұратын оқырманымызға енесі «тұрмысқа шық» деп қоймай жатыр екен. Оның себебін тілшімізге айтып берді.


«Қорқыт ата атындағы университетте оқып жүргенде күйеуіммен таныстым. Менен екі курс жоғары оқитын тамаша адам еді. Әкемдей мейірімді, ағамдай қамқор бола білді, жігіт ретінде де көңілімді аулап, кездесуге тым құрығанда бір шоколадпен келіп, қуантып кететін.


Сөйтіп жүріп екеуміз бас қостық. Екі тойымызды ата-аналарымыз дүркіретіп өткізіп берді. Бізден бақытты адам жоқтай көрінетін. Ел-жұрт та «екеуің бір-біріңе қатты ұқсайсыңдар, Құдай қосқан деген осы шығар» деп айтып отыратын. «Енді маған екі ұл, екі қыз туып бер» деп күйеуім балалы болғанша асықты. Бірақ шебер Жаратушының есебі басқа екен, балалы бола алмай үш жыл жүріп қалдық.


Осы аралықта ковид деген ауру елді жайлап, бәріміз әуре-сарсаңға түстік қой. Қуатты да сол ауру алып жықты. Үйдің жалғыз ұлы болғасын бәрінің жаны қалмады. Үш қайынәпкем ең күшті деген дәрілерді алдырып, емдетті. Бірақ сол дәрі ковидтен емдегенімен, бауырына зақым келтірген екен. Бір жылдан соң церроз ауруына шалдыққанын білдік. Апармаған жеріміз, көрсетпеген дәрігеріміз қалмады. Асқындырып алған екен, «шанс жоқ» деп шығарып салды.


Не керек, сол аурудан күйеуім көз жұмды. Бұл уақта менің аяғым ауыр еді. Күйеуім «баламды көріп үлгерсем болар еді» деп армандаумен кетті. Ол өмірден өткенде қатты қиналдым. Жыладым. Қыз-жігіт боп жүрген үш жылым, отбасылық өмірдегі үш жылымды ойлап езіліп кеттім. Оның қазасын көтеру енем екеумізге өте ауыр болды. «Баламның баласы үшін бекем бол» деп енем байғұс менің асты-үстіме түсіп күтті. Негізінде ол кісіні ене деуге аузым бармайды. Анамдай жақын адам.


Солай толғағым келіп, аман-есен ұл босандым. Әкесінен аумайтын, қара торы балапанды көргенде енемнің де бетіне қан жүгіріп, баласы тіріліп келгендей қуанды. Өзі қарап, жанына алып жатады. Балама да менен гөрі апасы жақын сияқты. Үйден шығып кетсе келгенше тамақ ішпей, күтіп отырады. Жұмыстан бірдеңе алып кірсем, алдымен апасына ауыз тигізеді.


Мендегі мәселе мынау: енем мен қайын әпкелерім «қашанғы жалғыз жүресің, әлі жап-жассың ғой» деп айта береді. Бір әпкеміз тіпті күйуеуі жағынан туыс боп келетін жігітті жұмысыма жіберіп, таныстырды. Ол бірақ ұнай қойған жоқ. «Мені мазаламаңыз» деп қайтарып жібердім.


Енем де, ағаларым да, өз шешем де «басың жас кезде біреуді тауып ал, біз саған ризамыз» деп отыр. Бірақ «күйеуге тиер болсаң Алиханды бізге алданыш қылып тастап кет, анда-санда келіп, көріп тұрасың» деп айтады. Ал мен баламның көзін жутеңдетіп қалай тастап кетем? Онда менің аналық парызым қайда қалады? Ертең балам өскен соң «мені адам ғұрлы көрмей, тастап кеткенсің» десе қай бетіммен қараймын?


Осы жерде бір құпиямды ашайын, жұмыстағы бастығым «екеуміз анда-санда кездесіп тұрайық, бар жағдайыңды жасаймын» деп қолқалады. Дәл сол кезде қайынәпкелерім әлгі жігітпен таныстырып, «күйеуге ти» деп айтып жүрген. Тұрмысқа шығып кеткенше осы кісімен кездесіп тұрайын деп ойлап, бастығыммен бір-екі мәрте оңаша кездестік. Бірақ ұнамайтын адаммен жалғыз қалудың өзі жиіркенішті болды. Тірлігін тындырып болған соң «мә, мынаны әзірге жарата тұр» деп ақша ұсынды. Өзімді жезөкше сияқты сезіндім. Оның үстіне үйлі-баранды адам ғой, әйеліне жасап жүрген тірлігіне жыным келді. «Осымен тоқтатайық, мен бұлай істей алмайды екем» деп жылап айттым. Түсінгендей болды, бірақ соңғы кездері жұмыста қырын қарап, әр тірлігімнен мін іздейтін боп алды.


Сүйгеніммен бақытты ғұмыр кешуден басқа нәрсені тілемеген едім. Әйел бақытын сезіне алмай қалғаныма қатты қапаланамын. Жасым 28-де, өзімнің мамам «сенімен жасты қыздар әлі тұрмысқа да шыққан жоқ, балаң сенімді қолда ғой, мектепке барғанша апасы қарап, өсіріп береді, алаңдамай тұрмысқа шық» деп күнде хабарласады. Не істесем екен? Құдай мұндай сынақты ешкімнің басына бермесін. Өте қиын жағдайда жүрмін, екі жолдың бірін таңдау керек».