​«Балаңның тұқымы құрысын!»: қариядан осындай қарғыс естіген азамат өткен өміріне өкінетінін айтты

0
4 380

«Сол сәттен бастап бастаған тірлігімнің бәрі кері кетті»


​«Балаңның тұқымы құрысын!»: қариядан осындай қарғыс естіген азамат өткен өміріне өкінетінін айтты
илююстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жүйелі қарғыс жүйесін, жүйесіз қарғыс иесін табады» деген сөздің растығына енді сене бастадым. Арада отыз жыл өткен соң... Оған дейін қарғыс, нала, кісінің көз жасы дегенге сенбеуші едім. Сенбегендігімнің кесірінен үлкен қателікке жол бердім», - дейді Бақытжан есімді азамат.


Өзіне қарғыс тиді деп сенетін оқырманымыз басынан өткен оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне ақтарып салды.


«Ауылдың қарапайым баласы болдық. Сол замандағы елдің баласы сияқты мен де мектеп бітірген соң оқуға түспей, ауыл тірлігіне ерте араластым. Аурушаң анама қарайласып, өзімнен кейінгі майда бауырларымды қатарынан кем қылмау үшін әкеме көмектестім. Алдымен ағайын ағамыздың жанында жүріп, құрылыста істедім, кейін қойшы ауылдарға қырықтыққа бардық. Сөйтіп жүргенде бір малшы аға мені өзіне көмекшілікке шақырды. Бір жыл сонда жүріп, жұмыс істедім.


Таудың етегіндегі қойшы ауылдағы бір жылдық жұмысым бүкіл тағдырыма әсер етті. Ол үйде шопан қарт анасымен, әйелімен және енді бойжетіп келе жатқан қызымен бірге тұрады екен. Үлкен ұлы қалаға, оқуға түсіпті, ал кішісін мектеп-интернатқа орналастырған, тек демалыс күндері келіп тұрады.


Қойшы ауылдың шаруасы бітпейтін, шопанның қасында жүріп қораның кем-кетігін жөндейміз, малдың жем-шөбін дайындап, кешкісін үйге сілелеп әрең кіретінбіз. Мен барған соң шопан бар тірлікті артып қоя салды, неше жылдан бері титықтап жүрсе керек, «бәрін өзің басқара бер, даланың жұмысы өзіңе аманат» деп маған тапсыра салды. Сол үйдің бір баласындай боп тез сіңісіп кеттім. Таңертеңнен кешке дейін қораның айналасындамын, ара-тұра бойжеткен қызы келіп, ыстық шайымды беріп кетеді. Сөйтіп жүріп екеуміздің әңгімеміз жарасып кетті. Оның менде көңілі бар екенін ішім сезді, сөйтіп жасырын кездесіп жүрдік.


Арада біраз уақыт өткенде шопанның қызы аяғының ауырлап қалғанын жеткізді. «Мен саған үйленбеймін» дедім, дайын еместігімді жеткіздім. «Баланы алдырмаймын, сен маған үйленесің, әйтпесе бәрін әкеме айтам» деп қыз жылады. Сол күні ел ұйқыға кеткенде қойшы ауылдан қашып кеттім. Балалығым ба, білмеймін ғой, менің қай ауылдың баласы екенімді шопан жақсы біледі, үйге іздеп келеді деп ойламасам керек. Бірақ екі аптадан кейін шопанның қарт анасы, әйелі, өзі қыздарын ертіп біздің үйге келіпті.


«Істеген тірлігіңе жауапкершілікпен қарап, мына қызға үйленесің» деп әкем кісілердің көзінше зіркілдеп, белдігімен осып-осып алды. «Үйленбеймін, ішіндегі бала менікі емес» деп әке-шешесінің көзінше қыздың намысына тиетін сөздер айттым. Сөйтіп үйден қашып шығып, қалаға тартып отырдым.


Қалада сол баяғы үйреншікті құрылысқа кіріп, жұмыс істеп жүргем. Бір күні қасымдағы ауылдас баланың анасы іздеп келіпті. Мені көре сала «Бақытжан-ау, әжептеуір қыз екен, бекер алмадың ғой. Ондайдың наласы жаман болады. Қартайған әжесі «Балаларыңның тұқымы құрысын! Бастаған ісі баянсыз болсын!» деп қарғап кетіпті. Баяғыда алты баласымен жесір қалған әйел еді, мен ол апаны жақсы танимын, қарғысы қате кетпеген» деп естігенін жайып салды. «Әлі де болса ойлан, алдарынан өтіп, кешірім сұра, тағдырыңды бүлдірме» деп ақылын айтты. Бірақ мен оған құлақ аспадым.


Ойлап отырсам, сол кезеңнен бастап менің барлық бастамам кері кеткен екен. Оқуға түсем деп үш рет құжат тапсырып көрдім, күні-түні дайындалып, өтіп кетеріме сенімді боп барсам да «құлай бердім». Төртінші мәрте әкем бір сиырын сатып, араға таныс салып жүріп әрең түсірді. Дипломымды алған соң да үш жыл жұмысқа тұра алмай әр тірліктің басын бір шалдым. Қазір де сол дипломды жаратып жүргенім шамалы, сол баяғы құрылыстың басы-қасындамын.


Студенттік шақта бір қызбен танысып, екі жылдан кейін үйлендік. Бірақ бес жыл сәби сүйе алмай, ажырасып тындық. Ол менен кете сала басқа біреуге тұрмысқа шықты да, пытырлатып туып тастады. Ал мен араға бір жыл салып, екінші рет үйлендім. Одан да түк шыққан жоқ. Қай дәрігерге барсақ та «сізден ешқандай кінәрат жоқ, бәрі тамаша» деп шығарып салады. Әйелім де сап-сау. Бірақ балалы бола алмадық. Кезінде өз ұрпағымнан сонша жерінгеніме қазір өкінем. Шопанның қызы көп ұзамай түсік тастапты деп естідім. Үйіндегі әжесінің сөзі «жеп» қойды ма, әлде тағдырдың жазуы солай болды ма, білмеймін. Әйтеуір менен ұрпақ болмады.


Әйелім менен бала сүйе алмайтынын біліп, бәріне мойынсұнған соң інімнің қызын асырап алғанбыз. Қазір соны бағып отырмыз. Әкем мен шешем ана дүниеге көшкенше «саған қарғыс тиді» деп алаңдап кетті. «Мен сенің сол қателігіңді кешіре алмадым» деп әкем марқұм кетерінде көзіне жас алып еді. Олардың да наласы мені «жібермеген» екен.


Менімен жастылар ұл-қыздарын ұзатып, құдандалы боп жатыр. Ал мен бауырымның қызын мектепке тасып жүрмін. Кейде жалғыз қалғанда өткен өмірімді ойлаймын да, еріксіз жылап жіберем. Себебі ештеңеден жолым болмады. Шопанның анасының қарғысы қалт кетпей, дәл тиді. Бірақ енді ештеңені өзгерте алмайсың, көрге кіргенше қарияның қарғысын арқалап жүруге мәжбүрмін.


Басқаларға айтарым, лажы болса кісінің ақысын жемеңдер, біреудің наласына, көз жасына қалмаңдар. Қарғыспен өмір сүру ең азап нәрсе екен".