​«Бәрі менен теріс айналды»: созақтық әйел қайырымды жандардан көмек сұрап отыр

0
1 587

«Өгей шешем өмірімді өксітіп жіберді»


​«Бәрі менен теріс айналды»: созақтық әйел қайырымды жандардан көмек сұрап отыр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


ERNUR.KZ редакциясына Түркістан облысы, Созақ ауданында тұратын Гүлсара (аты-жөнін өзгерттік) есімді әйелден хат келіпті. Ол кісі әңгімесін «Жақсы психолог, дәрігерлердің кеңесі керек еді, көмек бере аласыздар ма?» деп бастапты. Тағдыры шынында да қиындыққа толы болған екен. Біз оның жазбасын өз рұқсатымен көпшіліктің назарына ұсынуды жөн көрдік. Бәлкім ел ішінде көмек қолын созып, ем алуына, өмірінің жақсы арнаға ауысуына септігін тигізетін жақсы адамдар кездесіп қалар...


«Сенесіздер ме, кейде өзімді табиғаттың қателігі, артық туылған адам сияқты сезініп кетем. Әке-шешем, бауырларым бар болса да тірі жетімнің күйін кешкем. Жан баласынан жылулық көрмей өскесін кейде «осы менің жүрегім тас болып қалмаған ба» деп өз-өзіме сұрақ қоям. Себебі жылай-жылай көзімнің жасы да таусылған.


Өмірге келіп, екі айға толғанымда мені баласы жоқ әкемнің қарындасына беріпті. «Сендерде топырлаған бала ғой, осыны маған беріңдер» деп миын жей берген-ау. Содан мен әпкемнің қызы болып өстім. Өзі жанын қинап, тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, бейнетімді көмеген соң ба, асырап алған анамның маған мейірімі түспей қойды. Ерлі-зайыптылардың жалғыз перзенті болып өссем де еркелік дегенді білмедім. «Ей, қыз!» деп атайтын шешем. Онысына әкем ұрысып, менің арама түсіп отыратын. Ол кісі біреудің жалдамалы малшысыболды. Біз қойшы ауылда тұрдық. Ертелі-кеш малдың соңында жүретін әкеме шешем тым құрығанда дұрыстап тамағын да бермейтін. «Мына қызға не тәрбие беріп отырсың, кішкене қимылдап, өнеге болсайшы. Тамақ істеуді үйретсейші» деп әкем жиі айтатын. Ал оны шешем тікесінен түсініп, «Істе, үйрен» деп бар тірлікті мойныма іліп қоя салатын.


Ертемен тұрып күбі пісем, құрт қайнатам. Кейде үйдің тірлігінен қашып әкемнің қасына, мал бағысуға шығып кетем. Күннің аптап ыстығы мен қыстың қаһарлы суығында мал бағу да оңай кәсіп емес. Әкем байғұс ақыры ауру тауып, өмірден ерте озды. Жалғыз қамқоршым дүниеден өткен соң менің де жай-күйім мүлдем қиындап кетті. Шешем арасында ішетін, «ерте жесір қалдым» деп жылайтын. Ақырында ақысын менен алады. Жиі таяқтың астында қалушы едім.


Бір күні үйден қашып шығып, жаяудан-жаяу өз ата-анамның үйіне бардым. Олардың менен басқа жеті бала-шағасы бар. Бірақ не ата-анам, не бауырларым мені іштартып, жақын сезінген емес. Өзара ойнағанда, тірлік істегенде ұйымшылдық танытып, күліп, әзілдесіп кететін. Ал мен сөйлей қалсам жатырқап, көздерінен жақтырмайтынын сезем. Сол жолы, қашып барғанымда бауырларым «не үшін келдің, қашан кетесің» деп сұрақтың астына алды.


Мен әкеме шешемнің қаталдығын, ертелі-кеш қара жұмысқа салып қоятынын, әкемнен қалған бар малды қазір бір өзімнің бағып жүргенімді жыламсырап айтып бердім. Тіпті ұрып, шымшып көгерткен денемді, күстенген қолдарымды да көрсеттім. Бірақ олардан аяушылық сезімді байқамадым. «Мұның бәрін не үшін айтып тұрсың?! Сен қыз енді маған жылап келуші болма! Сен үшін жалғыз қарындасымнан ажырап қалатын жайым жоқ. Өлмейсің, тірліктен ешкім өлген емес, істейсің. Ал қазір көлікке отыр, сені апарып тастаймын» деп сүйрегендей етіп машинасына салып алды да, қойшы ауылға жеткізіп тастады.


Өзіңдікі өзектен тепсең де кетпейді деген емес пе, туған әкемнен, бауырларымнан сондай сөздерді естісем де оларды сағынып, көргім келіп тұратын. Бірақ ата-анам жеті баласына бір басқа да маған бір басқа қарайтын. Ал асырап алған шешем мені күннен-күнге азар етті. Бүйтіп жүргенше оқуға түсіп, қалаға кетіп қалайын деп ойладым. Бірақ шешем мені өздерімен құрдас келіншектін түрмеде отырып шыққан баласына тұрмысқа берді де жіберді. Алғашында оның бұл тірлігіне қуандым. Сөзімді сөйлемесе, күнде ұрыс есітіп, таяқ жеп жүргенше күйеуге тиіп, бала-шағалы болған дұрыс деп ойладым. Енді тым құрығанда өз отбасым болады деп жақсы нәрселерді армандадым. Бірақ бұл да алдамшы сәт қана екен. Енемнің қылығы өгей анамның қылығын жолда қалдырды. Ол ертеден кешке дейін атымды атамай, «ей, қатын», «сайқал» деген сөздермен шақырады. Істеген тірлігімнің бірін де жақтырмайды. Өзім ұнатып тұрмысқа шықпаған соң күйеуіммен де қарым-қатынасымыз жақсы бола қоймады. Шешесінің тіліне еріп екі күннің бірінде көкала қойдай етіп сабап тастайды.


Осылайша енеммен 9 жыл бірге тұрды. Ол кісі үш жыл бұрын өмірден өтті. Екі бала, бір қыз таптым. Бірақ үлкен екеуі де туа сала шетінеп кетті. Кіші қызым қасымда, бірақ оның да денсаулығы нашар, дұрыс сөйлей алмайды. Уақытынан кеш дамып жатыр. Жиі ауырып қалады. Күйеуімнің бұрын сотталып шыққанын айтып едім ғой. Ауру қалса да, әдет қалмайтыны рас екен. Ауылдың малын ұрлап, түрмеге жабылды. Алты жылға сотталған еді, былтыр сол жерде біреулермен төбелесіп, қайтыс болып кетті.


Қазір қызым екеуміз тұрып жатқан үйге қайынағам көз тігіп жатыр. «Бұл – қарашаңырақ, егесіз болмауы керек. Әке-шешемнен қалған үйде өзім тұрам. Сен шешеңнің үйіне кет» деп қоятын емес. «Менің қасыма кел, маған қарайтын адам керек» деп өгей шешем шақырып жатыр. Бірақ оны көрерге көзім жоқ. Бүйте берсе қайынағам қуып шығып, далада қалатын сияқтымын.


Кімнен көмек сұраймын, қайдан қолдау табамын, білмеймін. Туған бауырларыма барсам қуана қарсы алатын ешбірі жоқ. Әйтпесе бәрінің жағдайлары жақсы, жоғары білім алған. Бір-екеуінен ақшадай көмек сұрап едім, «жағдайымыз жоқ» деп жылап жіберді. Сол күйі олардан күдер үзгенмін. Тығырыққа тіреліп, өзімдің жардың шетінде тұрғандай сезініп жүрмін. Менің өмірім неге бұлай болды? Көмек беретін қайырымды жандар бар ма?»


Хат иесіне моральдық, психологиялық, қаржылық көмек көрсетемін деген қайырымды жандар болса, байланыс телефонын ERNUR.KZ тілшісінен алуға болады. Тілшінің нөмірі – 8-771-669-36-69.