​«Бұрынғы ғашығымның анасы күйеуімді бауырына басты»: түркістандық келіншек ешкімге ұқсамайтын тағдырын баяндап берді

0
6 746

«Күйеуімнің адамгершілігіне басымды иемін»


​«Бұрынғы ғашығымның анасы күйеуімді бауырына басты»: түркістандық келіншек ешкімге ұқсамайтын тағдырын баяндап берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Алғашқы махаббатымнан айырылып қалғаныма бүгін тұп-тура 12 жыл болды. Жыл сайын оның туған күнінде, қайтыс болған күнінде иіс шығарып, рухына дұға жасаймын. Бір қызығы, оны күйеуім біледі. Мен пісірген шелпекке Құран оқып береді. Оның осы адамгершілігіне, азаматтығына ризамын», - дейді Мадина есімді келіншек.


Екі ұлдың анасы боп отырған оқырманымыздың басынан өткен оқиғасы да ерекше екен. ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Ауылымдағы мектеп 9 сыныптық болан соң, 8-сыныптан соң нағашы әпкемнің ауылына барып оқыдым. Бір ауданда тұрсақ та бөтен ауылға жатырқай барып едім, бірақ ол жақтағы қатарластарым құшақ жая қарсы алды. Тез тіл табысып кеттік. Әсіресе, өзімнен бір сынып жоғары оқитын Бауыржанның маған деген ықыласы ерекше болды. Ол менің нағашы әпкеммен көрші тұратын. Мектепке бірге барып, бірге келіп жүріп жүретінбіз.


Біздің достығымыз бір жылдан соң махаббатқа ұласты. Екеуміздің қыз бен жігіт боп жүретінімізді оның ағасы мен анасы, менің нағашы әпкем де білетін. Бауканың анасы менің әпкеме «осы сіңліңді әпкең мен үшін арнап туғандай, Құдай бұйыртса келін қылып аламын» деп күлетін.


Екеуміздің сезіміміз мектепте де жыр болды. Баука қоңырау уақытында хат жазып, сыныптастарымнан беріп жіберетін немесе күнделікті тәттілер, шоколад пен әр түрлі әшекейлі бұйымдар алып келетін. Арада тамаша тәтті күндер өтті. Махаббаттың жетегіне еріп кетпей сабақты да жақсы оқыдық. Ол жылдары жартылай жетім жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар олимпиадаларға қатысып, жүлделі орын алса мемлекеттен тегін грант бөлінетін. Бауыржан соны жеңіп алды, сөйтіп Алматыға, мемлекеттік университетке оқуға түсті. «Нағашы ағамның үйіне барып тұрамын, саған агентпен хат жазып, хабарласып тұрам» деп кетті.


Сүйгенім Алматыға кеткелі арамыз алыстап кеткендей көрінді. Себебі Баука күн сайын хабарласпайтын. «Сабақ көп, уақыт жоқ» деген жаттанды жауапты естігелі бері көңілім біртүрлі боп, «менен басқа бір қызды ұнатып қалған шығар» деп ренжіп жүрдім. Бір күні Бір күні мен оған «Баука, жоғалып кеттің ғой. Мені сағынбадың ба? Қалаға кетіп бұрынғыдан да әдемілене түсіпсің» деп агентпен жазып жібердім. Он минуттай өткенде оның хабарламаны оқығаны туралы белгі жанды. Бірақ сол күйі жауап жазбады. Оның сұрағыма жауап бермегеніне одан сайын ренжіп, ішім қыз-қыз қайнаған.


Сол күні түнге қарай «Мадикош, сен осы күнге дейін маған бірде-бір мәрте «Мен сені сүйемін» деп айтпағансың. Осы сен мені шынымен жақсы көресің бе, айтшы?» деп сұрақ қойыпты. Мен оны сол сәтте ашып оқыдым, бірақ күндізгі қырсықтығыма басып жауап бермей қойдым. «Қырсығым сол, жауап бермесең мейлі. Бірақ мен сені шексіз сүйем» деп жазыпты. Онысын таңертең оқыдым. Сөйтіп дереу қоңырау шалып, оны сүйетінімді айтқым келді. Бірақ тұтқаны көтермеді. Арада бір сағаттай уақыт өткенде Бауканың анасының зарлы үні құлағыма жетті. «Не боп қалды?» деп үйдегілерден сұрап үлгерместен суық хабар жеткізді. Нағашы әпкемнің кіші ұлы «Баука тәте қайтыс бопты» деген сәтте есімнен танып қалдым.


Бауыржанның анасы інісіне хабарласып, жиенінің оқуға түскенін, соның үйінде тұруға бара жатқанын айтқан екен. «Болды, өзім күтіп алам, уайымдамаңыз» деп уәдені үйіп-төккен бауыры әйелінің айтқанынан шыға алмай, Бауыржанды есігінің алдындағы от жағылатын кішкентай времянкаға орналастырыпты. Ауылдың намысшыл баласы емес пе, нағашысының иттігін анасына айтпаған. Сөйтіп таңертең сабағына кетіп, түстен кейін дәмханада даяшы боп қызмет етіпті. Үйіне кеш батып, қас қарайғанда бір-ақ жетіп жүрген.


Қайтыс болатын күні тұратын жеріне от жағып, жатып қалыпты. Улы көмірдің иісі ішке ұрып, сүйіктім уланып қалған. Онысын таңертең жұмысқа кетіп бара жатып нағашы ағасы да білмей қалған. Тек кешке келгенде бөлменің жарығы жоғын әрі жаңа жауған қар бетіне адамның ізі түспегенін көріп, іздеп кірген. Бір тәулікке жуық іздеу-сұрауы жоқ боп жатып қалған сүйіктімнің жансыз денесін ауылға әкеп жерледі...


Қоштасуға барғандағы оның мұздай суық әрі көгерген денесі көз алдымнан еш кетпейді. Сол кезде «Қазір күн суық, жер суық, жер қойнына тапсырсақ, ол тоңып қалады ғой» деп егіліп жылағаным есімде. Осылайша сүйіктіме тіпті «Мен сені сүйемін» деп те айта алмай, өкініш өзегімді өртеп, артында қала бердім. Қыршынынан қиылып, тым жас кетті. Араға екі жыл салып оның туған ағасы да өзіне қол жұмсап қайтыс болды. «Бауыржан түсіме жиі кіріп жүр» деуші еді, «Анашым, мен Бауыржанға керекпін, мен соның жанына кеттім» деп хат жазып қалдырыпты.


Бауыржанның анасына ержетіп қалған екі баласынан бірдей айырылу оңай тимеді. Бірақ басына түскен сынақты сабырмен жеңе білді. Басқалар сияқты езіліп, егіліп немесе ішімдікке үйін боп кеткен жоқ. «Сен менің қызымдайсың, Бауыржанымның жақсы көрген адамысың, енді мені іздеп тұр» деп қалаға оқуға түскенде ақ батасын беріп еді. Сол аманатына адал боп келем қазір.


Университет бітірген соң жақсы жігітті жолықтырдым. Ол анасынан ерте айырылып, әпкесінің қамқорлығында өскен бала екен. Басымнан өткен жағдайды жасырмай айтып бердім. «Ендеше сол Бауыржанның анасын өз анамыз етіп алайық, біздің үйге келіп тұрсын» деп ұсыныс білдірді. Бірақ үлкен кісі көнбеді, «шалымнан қалған ошақты сөндірмеймін» деп біздің үйге келмей қойды. Бірақ біз мерекелерде, демалыстарда ол кісінің үйіне барып, қуантып қайтамыз. «Сендерге қартайғанда барам, әзірге бойымда күшім бар, өзім тұра берейін» деп әзілдеп қояды. Екінші анамыздай боп кетті, балаларымды бауырына басып, бар тәттісін, зейнетақысын бізге көрсетпей тықпалап жатады.


Осы ретте менің кіршіксіз бала махаббатыма құрметпен қарап, кейуананың басындағы ауыр тағдырды жүрегімен сезіне білген күйеуіме алғыс айтқым келеді. Ондай азаматтықты екінің бірі жасамаса керек. Бұл да, бәлкім, тағдырдың маған берген үлкен сыйы шығар...»