«Арғы жақта үш бала, бергі жақта 1 бала жетім боп қалды»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» демекші, қазір ел ішінде айтуға ауыз бармайтын небір сұмдық оқиғалар болып жатыр. Сондай жағдайдың біреуін жақында ғана танысқан бір кейуана ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді. Жасы сексенді алқымдап қалған алматылық әжей отбасының ойран болғанын айтып, кемсеңдеп жылап қалды.
«Не істерімді білмеймін, мұндайды көргенше көрге кіре салғаным артық еді» деп мұңын шақты ол кісі.
«Шалым екеуміз Құдай берген 2 қыз, бір ұлды тәрбиелеп өсірдік. Өзім 35 жыл мектепте бастауыштан сабақ берген ардагер ұстазбын. Үлкен қызымның өзі қазір алпысты алқымдап қалды. Немереден де, шөбереден де кенде емеспін. Бәрі «әжелеп» улап-шулап келіп кетеді. Бірақ ішінен бір қарын майды шірітетін құмалақ шығып, қазір берекеміз қашып отыр. Айнала-туғанға масқара боп қалдық.
Ұлдың қолында тұрам. Оның өзі екі қызын ұзатып, бір келін алып қойған. Балам ұлын үйлендірген соң қала сыртынан үлкен үй салып, бәріміз сонда көшіп алғанбыз. Бәленің бәрі сол жер үйге көшкеннен басталды-ау деп қазір өзім ойланып отырмын.
Бір бала туғасын немере келін «жұмыс істегім келеді» деп шықты. Мамандығы заңгер екен, немерем әрі-бері шапқылап әйеліне лайық жұмыс іздеп көріп еді, табыла қоймады. Енесі «екі балаңа қарап отыра берсеңші, табыстан кенде емеспіз ғой» деп келінін жұмысқа жібергісі келмеп еді, мен арасына түскем. «Отырмыз ғой екеуміз бірдей, жас кезінде істесін, бір уақ сыртқа шығып, серпіліп қайтсын, нең бар» деп немере келінімнің сөзін сөйлеп, енді «тіліме байла» деп отырмын.
Немерем әйеліне жұмыс таба алмай жүргенін туған жездесіне айтып қалған екен, күйеу бала «бізде как раз адамдарды қабылдап жатыр» депті. Ол өзі бір мекемеде істейтін. Оны естігенде немерем қуанып, әйелін жіберді. «Айлығы онша көп емес, бірақ біраз істесе басқа жаққа ауысып алады ғой» деп немерем әйелін қолдап отыратын.
Келіннің жұмысы қаланың арғы басында, барып келуі де бір қиямет. Екі автобусқа отыруы керек. «Енді қайттім, азанда өзім жеткізіп салып тұрам» деп немерем ойланып жүргенде әлгі күйеу бала «мен де сол жерде істеймін ғой, үйден әкетіп тұрайын» деп қалды. Содан келініміз жездесімен жұмысқа барып-келіп бақандай екі жыл жұмыс істеді. Осы жылдар ішінде келін де, күйеу бала да сыр алдырмады ғой. Керең болғыр құлақ пен көз ештеңені көрмепті.
Екі жылдан соң келін декретке шығып ұл тапты. Бірақ үйде көп отырмады. «Менің орныма таласып жатқан адам көп, сәл істесем бөлім басшысы болатын түрім бар» деп енесін көндіріп, баласы жасына толар-толмас шығып кетті. Сөйтіп жүргенде бір жыл болмай екіншісіне аяғы ауырлады. Уақыт-сәті жетіп қыз босанды.
«Келін, енеңе де үш баланың тамағы мен кірі оңай емес, енді біраз демалып, өзіңді де, балаларды да ойлап, өсіріп ал, жұмыс деген қашпайды ғой» дедім. «Мақұл, әже» деп тілімен алдап қойып еді, кішкентайы жасына толғасын тағы жұмысқа шықты. Немерем тура сол уақта салоннан машина алып, несиеге ұрынған. «Несиені екі жақтап жұмыс істеп төлемесек болмайды» деп сылтауратты.
Бір күні үлкен немере қызым базар аралап жүріп көптен көрмеген сыныптас құрбысын кездестіріп қалыпты. Екеуі шүйіркелесіп кафеге барып, әңгіме-дүкен құрған. Сыныптасынан «қайда істейсің» деп сұраса «пәлен жерде» депті. «Ойбай-ау, онда менің күйеуім де істейді ғой, аты Пәленше, танитын шығарсың?» депті. Сөйтсе құрбысы «Қой, ол сенің күйеуің ба не, мен білмеппін» деп әңгімені тез қысқартып, кетіп қалыпты. Бірақ арада біраз уақыт өткен соң сыныптасы тағы шайға шақырып, «енді айтпасам болмайды» деп көрген-білгенін жайып салған.
«Сенің күйеуің жұмыстағы бір әйелмен біраз уақыттан бері жүреді ғой. Екеуі түскі асты бірге ішеді, тіпті жұмысқа да бірге келіп кетеді» деп немереме әңгімені төтесінен қойып қалыпты. Тіпті әлгі әйелдің суретін де көрсеткен. «Әже, сол суретті көрген көзім шықсын! Біздің Дана екен сол әйел» деп жылап келгенде жұбатарға сөз таппай қалдық.
Ең сорақысы, күйеу баламыз келінімізбен жүретінін тап сол күнгі ұрыста мойындап қойыпты. «Мен емес, өзі жабысты» деп бәрін келінге жаба салғанын қайтерсің. Бұл әңгімені естігенімізге төрт айдай уақыт болды. Содан бері үйде береке жоқ. Баламның қан қысымы көтеріліп, инсульт алып қалды. Немерем әйелін сабап, үйден қуып шығып еді, бірнеше аптадан кейін «екі кішкентайды өзіме бер, ол сенің балаң емес» деп тағы бір сұмдықтың бетін ашты. Екі шөберем күйеу баламыздың балалары екен.
Немере қызым да күйеуін үйден қуып шықты. Оның үш баласы бар, жылап-еңіреп жүр. Үлкен немере бізде қалды, екеуін келін алып кетті. Отбасының ойраны шыққасын немеремнің де мазасы кеткен. Бұрын аузына татып алмайтын еді, қазір арақты басына қойып тұрып ішеді. Ішіп алып жап-жаңа көлігімен аварияға түсіп, машинасы жарамай қалды.
Шатылған бәлелер қазір пәтер жалдап бірге тұрып жатыр екен. Ұялмай-қызармай жұмысына барып-келіп жүрген көрінеді. Оны немере қызым сыныптас құрбысынан есітіп-біліп отыр. Мына жақта бір ұл, арғы жақта үш бала жетім боп қалды...
Құдай адастырам десе демде екен, үріп ауызға салғандай әп-әдемі келінімізден мұндай қылық шығарын біліппіз бе, еркек құрып қалғандай қайынәпкесінің байымен шатысқаны шошытты. Қазір туыстық қарым-қатынасы, отбасы киесі, төсектегі адалдық сияқты ұғымдар екінші орынға түсіп кетті-ау... Мұндайды көргенше өле салғаным артық еді...», деп кемсеңдеген әжей "жастар осындайдан аулақ болсын, сабақ болсыншы көпке" деп әңгімесін аяқтады...