​«Екі досымнан бір күнде айырылып қалдым»: түркістандық азамат төрт жыл бұрынғы оқиғаны есіне алды

0
1 517

«Арақ деген бәленің кесірінен екі құрдасымыз жесір, бес бала жетім қалды»


​«Екі досымнан бір күнде айырылып қалдым»: түркістандық азамат төрт жыл бұрынғы оқиғаны есіне алды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Бүгін менің екі бірдей досымның өмірден қайтқан күні. Ойлғанда ет жүрегім езіліп кетеді. Төрт жылдан бері бұл күн мен үшін ең ауыр күн. Басқа достарымызға да солай екен. Себебі сол күні біз тойдан шығып, кафеге барып едік...» - дейді Айболат есімді түркістандық азамат.


Үйлену тойының соңы кісі өлімімен аяқталған сол бір оқиғаны оқырманымыз ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Бауыржан, мен және Нұрлан үшеуміз ажырамастай достар едік. Ағайындығымыз тағы бар. Бала күнімізден бірге өстік, мектепке жетектесіп бірге бардық. Сабақтан соң футбол ойнап, қой жайып, ләңгі теуіп, балалықтың бал дәмін бірге таттық.


Мектеп бітірген соң мен оқуға түстім, ал олардың бірі анасының саудасына көмектесті, екіншісі ауыл мен қала арасында такси қызметін көрсететін. Қалаға кетсем де күнара мені іздеп келіп, қалада думандатып, арман-қиялмен талай жерді шарлап қайтушы едік. «Арамызда сенің басың қатты істейді ғой, оқуыңды бітірген соң бір фирма аш, біз саған жұмыс істейміз. Тапсырма беріп отырсаң болды, тек сенің қасыңда жүрсек жетеді» деп Нұрлан қоймайтын. Ал Баука дос «Үйленген соң қаладан қатар тұрған үш жерді алайықшы, көрші боламыз, арамызда үй болмасын» деп жоспар құратын. Олар жайды өткен шақта еске алу қандай қиын еді...


Біз мың жерден қиялдасақ та өмір бізді әр тарапқа шашып тастады. Таксист боп жүрген досым аяқасты Астанаға құрылысқа кетті. Мен армияға аттандым. «Сенің қолыңда жұмыс істейм» дейтін Нұрланның саудасы өрге домалап, қаладан екі сауда нүктесін ашып, соны жүргізіп жүрді. Арамызда бірінші боп үйленген де Нұрлан еді.


Екі жылдан кейін мен үйлендім. Әскерден келгесін қалаға жұмысқа тұрдым. Балалы болғасын баяғыдай достармен кездесу, қыдыру да азаяды екен. Баяғыдай жиі көріспейтін болдық. Бірақ той-жиында Нұрлан екеуміз отыра қалып Баукаға «үйленсейші» деп айта беруші едік. «Сендер сияқты емеспін, жағдайымды жасап алайын» деп отызға келгенше бойдақ жүріп қалған досымызға бір қызды көрсетіп, екеуін жарастырып жібердік. Нұрланның алыстау балдызы боп келетін Айдана мен Бауыржан көп ұзамай үйленді.


Төрт жыл бұрын тағы бір «отырып» қалған досымыз үйленіп, бәріміз ауылға, соның тойына бардық. Көптен көрмеген сыныптастар қауқылдасып, тойдың соңына дейін отырды, жақсы ішті. Өзім бұрыннан ондайға жоқпын, «жетер енді, қайтайық» деп бір-екі мәрте айтып ем, тыңдайтын ешкім болмады. Той тарқап, тойхананың есігі жабылған соңда сыныптас жігіттер келіншектерімен қоса ауылдың іргесіндегі кішігірім асхананы аштырып, сол жерде жалғастырды. Асханада сатылатын арақ жоқ екен. «Бүгін бәріміз түгел жиналыппыз, ішеміз, бәріңді мен күтем» деп Нұрлан лепіріп, ерекше қуанышты көңілмен қалтасынан он мың теңгеліктің біреуін шығарды. «Мынаған көшеден арақ алдырыңдар, кім барады» деп айқай салған. «Жетер енді, ішетін жерлері жоқ, бәрі тойып алған ғой» деп айтып едім, көнбеді. «Өзің ішпегесін түсінбейсің, қойшы» деп тоқтатып тастады. «Онда мен арақтарыңды әкеп берейін, машинаңның кілтін бер» дей бергенім сол, Баука досым «Жоқ, сен қаладан келген қонақсың, отыр. Мен барып әкелем, дүкен жабылып қалған, өзім оятып, ашқызып әкелем» деп көлігіне отырған күйі зыта жөнелді, «анау мас қой» дегенімше болған жоқ.


Ауылдың шетіндегі асханадан орталыққа қарай беттеген досымыз қарсы бағытта келе жатқан жүк көлігіне соғысып, сол жерде тіл тартпай кете барыпты. Сол маңдағы үйден шыққан адамдар телефонын тауып, әке-шешесіне хабар беріпті. «Ойбай, Бауыржаныма неге қарамадың, сен оның досысың ғой» деп мамасы маған телефон шалғанда айтарға сөз таппай қалғам. «Баука авария бопты» деп айтқанымша болған жоқ Нұрлан «менің кінәм, мен едім оны жұмсаған» деп сандырақтаған күйі көлігіне отырды да, құйындатып кетті. Артынан бәріміз көлікке мініп, қуғанымызды қайтейін, ішіп алған Нұрлан досым қатты жылдамдықпен кетіп бара жатып сайға қарай аударылып кетіпті. Жабылып жүріп шығарып алғанымызбен «жедел жәрдем» жеткенше үзіліп кетті. Үлгермедік.


Той-қуаныштың соңы екі бірдей досымыздың қазасымен аяқталды. Нұрланның үш, Бауыржанның екі баласы жетім қалды. Жылаған екі әке, қайғыдан жүрек талмасына ұшыраған аналар мен езілген екі құрдасты көргенде айтарға сөз таппай қалдық. «Сен ішпеуші едің ғой, есің жайында ғой, неге екеуін тоқтатпадың» деп аналары сұрағанда айтарға сөз таппай қалдым. Әшейінде сөзімді өткізе алатын менің сол күні неге екеуінің бетін қайтарып тастамағаныма ішім күйді.


Бауыржан досымыз еншісін алмақ боп ауылдан үлкен үй тұрғызуға ниеттенген. Сөйтіп фундаментін құйып қойған еді. Сыныптастар жабылып, асарлатып, сол үйді тұрғызып, әйелі мен екі баласына табыстадық. Ал Нұрланның кәсібін әйелі дөңгелетіп әкетті. Өзі кетсе де балаларының тойына жәрдемдесіп, хабарын алып тұрамыз.


Десе де іштегі өкініш, екі бірдей бауырымның қан-жоса боп көшеде жатқаны көз алдымда қалып қойған. Кетер емес. Аналары да мені көрген сайын көздеріне жас алып, балаларын еске түсіреді. Бұл мен үшін ең ауыр көрініс. Айтарға сөз таппай қалам. Жан жарасы қашан жазылар екен...»