"Енем сияқты келін бұйырса екен!": төрт ұлдың анасы өзінің не қалайтынын айтты

0
556

"Қайынағам да, менің күйеуім де үй шаруасын жасауға көмектесуді ар санамайды. Мынау әйелдің, мынау еркектің ісі деп бөлмейді"


көрнекілік үшін сурет: pinterest.com


"Әр жерде келіншектер күйеулерінің ұнамайтын, көңілі толмайтын қырларын айтып жатады ғой. Айналаға қарасам да, ғаламтор, әлеуметтік желілерден де көп әйел бақытсыз боп көрінеді. Олардың сөздеріне қарап, айтқандарын өз күйеуіммен салыстырып көрем де, өміріме шүкір деймін" деп жазады ERNUR.KZ оқырманы.


"Енем аты жаман аурумен үш-төрт жылдай ауырған екен. «Ең болмаса үлкен ұлымның үйленуін көрсем» деп армандапты. Ақырында екі баласы қатар шаңырақ құрып, біз бас қосқаннан кейін бес айдан соң арғы дүниеге кете барды.

Астамсығаным емес, бірақ, күйеулері ұнамайтын, көңілдері толмайтын әйелдердің жағдайын да, күйеулерінің ісін де түсінбейді екенмін. Өйткені, өз отағасымнан ондай кем-кетістікті көрмегенмін. Осы жағынан марқұм енеме өте ризамын. Төрт ұлды дүниеге әкеліп, алтынға бергісіз азамат етіп тәрбиелеп кеткен.
Үйленгенімізге он жылға таяп қалды. Қайынағам да, менің күйеуім де үй шаруасын жасауға көмектесуді ар санамайды. Мынау әйелдің, мынау еркектің ісі деп бөлмейді. Қолым босамай жатқанын, ауырып не шаршап тұрғанымды көрсе, айтқызбай-ақ балаларға қарап, тамақтарын беріп, артынан ыдыс-аяғын жинай салу оған түк емес. Қайныларым да көп жәрдемдеседі. Тек ұлдар болғасын аналарына көмектесіп үйреніп қалғаннан шығар, мүмкін.
Үйдің шаруасын істегеннен намыстары тапталып, еркектік қасиеттері кеміп қалып жатқан жоқ. Ешқайсысы зиянды әдетке үйір емес. Ауыздарынан былапыт сөз шыққанын да естімеппін осы уақытқа дейін. Жұмыстарын тиянақты істеп, табысын тауып отыр. Бір-бір отбасыны асырауға шамалары келеді.
Қайнағам да, менің жолдасым да бала тәрбиесіне салғырт қарамайды. Өз баламызбен қоса, ержетіп қалған екі қайнымды да қиыс басып бара жатса, түзу жолға салып, жөн сілтеп отыруды ұмытпайды. Олардың болашағын, үйленіп, үйлі болуын ойлап, қамын жасап, қаражатын дайындап жүр. Осының бәрі ер-азаматы ерте қайтыс боп кетсе де, түтінін түзу ұшырып, ұлдарына дұрыс тәрбие бере алған енемнің арқасы екені анық.
Апа -ау, жатқан жеріңіз жайлы болсын. Сіз дүниеге әкеліп, тәлім-тәрбие берген ұлыңыз – бүгінде менің бағым, арқа сүйерім, тыныштық табатын мекенім, кең иықты ер-азаматым. Тек солардың қызығын көрмей, соңғы жылдарыңызды аурумен арпалысып өткізіп, арамыздан ерте кеткеніңіз өкінішті. Немерелеріңізді ұлдарыңызға ұқсатуға барынша тырысамын. Ал өзіме сіз сияқты келін бұйырса екен деп тілеймін."
Бөлісу