«Ол мені танымағандай кейіп танытты»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Өмір деген кейде біз ойламаған жаққа қарай арнасын бұрады екен. Тосынсыйы көп. Енді көрмеймін-ау деген адамыңмен ойда жоқта кездесіп, тіпті жекжатқа айналғанда, тағдырға қарсы тұрар шамаң жоқ екенін байқайсың. Осындай жағдай жуырда менің басымнан өтті. Отыз жыл бұрынғы алғашқы махаббатымды ұлымның үйлену тойында кездестіріп қалдым», - дейді Жаңылсын есімді түркістандық әйел.
Оқырманымыздың алғашқы махаббаты бүгінде оның құдасы. Оқиғаның қалай болғанын Жаңылсынның өзі ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.
«Осыдан екі ай бұрын кенже ұлым Қызылорданың қызын алып қашып келді. Екеуі де Алматыда оқитын. Жол алыс, ата-анамыз әбіржімесін деп өзара келісіп шешіпті. «Дайындалыңыздар, мама, келіншек апара жатырмын» деп хабарласқанда абдырап, қуанар-қуанбасымызды білмей қалдық. Жас қой, әлі ерте деп жүргенбіз. Дегенмен келінді ағайын-туысымызбен думандатып қарсы алдық. Дүркіретіп беташарын өткіздік. Құдалық болар күн келгенде... үйіме өзімнің алғашқы махаббатым келді.
Бекбол екеуміз Шымкенттегі педагогикалық институтта бірге оқыдық. Ол өнер жағында оқыды. Өнерлі еді, гитарасын қолына алып, әуелеткенде университеттің жатақханасындағы қыздардың бәрі еріп сала беретін. Бекбол үшін жанын қиюға әзір қыздар күн сайын ол үшін дәмді тамағын пісіріп, киімін жуып, айтқанының бәрін екі етпей орындайтын. Ал ол маған қыздарды дегеніне көндіре білетін өркөкірек адам сияқты көрінді де, араласуға мүлдем құлқым болмады.
Бір күні бөлмедегі қыздардың бірі туған күнін істеді. Бекбол достарымен келіп, таңға дейін ән шырқап, мені өзіне баурап алды. Әңгімесінен ауылдың қарапайым баласы екенін, әке-шешесінен ерте айырылып, ата-әжесінің тәрбиесінде өскен, өте сыпайы жігіт екенін байқадым. Ол да сол күннен кейін маған ерекше көзбен қарайтын болды. Оның махаббат жайлы, сезім жайлы лирикалық өлеңдері мен қоңыр дауысы бірте-бірте мені де елітіп, өзіне көзсіз ғашық етті.
Бірде Бекболмен Пушкин кітапханасында ұшырасып қалдым. Ол мені кафеге шақырды. Көңіліме қуаныш ұялап, бір жақсылықты сезетіндей жүрегім дүрсіл қағады. Екеуміз кешке дейін саябақты аралап, табиғаттың сұлу көрінісін тамашаладық. Кеш бата киноға шақырды. Сол күннен бастап біздің жұбымыз жазылмады. Маған сөз салып, ұнатып қалғанын айтты.
Институттағы жігіттің төресі ықылас білдіргесін басқа қыздардың іштері күйді. Көре алмайтындар да, қызғанатындар да жетерлік еді. Арамызға от салғысы келіп, мені өсектейтіндердің қарасы көбейді. Бірақ Бекбол оның бірін де елемеген еді. Университет бітіретін жылы мәңгі бірге болуға серттестік. Ол менің ауылымның, ата-анамның, тұратын көшемнің атын жазып алып, екі айдан кейін іздеп келуге уәде беріп, Қызылордасына қайтты. Ал мен ауылға бет алдым.
Екі ай екі жылдай әрең өтті. Бірақ «келем» деп кеткен Бекболдан сол күйі хабар болмады. Бір жақсысы ішімдегі сырды анамнан ешқашан жасырмай, айтып беретінмін. «Қызым, уәдесіне берік жігіт болса, маңдайыңа жазылған адамың болса келер, уайымдама» деп жұбататын. Бірақ бір жыл хат-хабарсыз кеткесін мен де өз тіршілігімді жасайын деп, сыныптасыма тұрмысқа шықтым. Бала күннен маған ғашық еді, оқу бітіріп келгеннен қыр-соңымнан қалмай, ақыры бас қостық. Шүкір, қазір үш ұл, екі қыз тәрбиелеп отырмыз, бақытты анамын.
...Жаңа түскен келінім «әкемнің аты Бекбол, анамның аты Анар» дегенде Бекбол атына онша мән бермеген екем. Балалардың оқуы басталмай тұрып құдалық жасап жіберейік деп құдағиға хабарластық. Екеуміз бірнеше мәрте әңгімелесіп, құдалықтың мәселесін телефон арқылы шешіп, күнін белгілеп қойдық. Межелі күні Қызылордадан бір «Альфард», екі жеңіл көлікке мінген құдалар жетті. Алдынан шашуымызды шашып, билеп шықсақ баяғы Бекбол түсіп келе жатыр. Кішкене шашы сиреп, ағарған демесең, сол баяғыша. Түрі, көзі түк өзгермеген. Тіпті толмаған да, азбаған да. Ол да маған тесірейе қарап қалды да, бірақ артынша өзін жинап алды. Танымаған адамша қол беріп амандасып, төрге озып кетті.
Сол күні құдалықтың қалай өткенін білмейм, есім ауысып қалған адамдай не істеп, не қойғанымнан хабарсызбын. Құдалар отырған бөлмеге кіруге ыңғайсызданып, көбінше сыртта жүрдім. «Жеңеше, не болды, опыты жоқ ене сияқты, қазанның басынан шықпайсыз, құдалардан ұят қой, кіріңіз» деп қайныларым сөзімен қағытып жүрді. Бірақ келгендердің бәрі риза болысты, әсіресе құдағиым ерекше алғысын білдіріп, ауылына аттанды. Бір қарағанда жүзі жылы, мінезі жайлары адам екен, соған қарағанда Бекбол оның бойынан менде жоқ қасиетті байқап, үйленген шығар.
Міне, екі ай өтті құдаммен бір хабарласып, өткеннен сыр шерткім келеді. Сол жылы неге уәдесінде тұрмай, келмей қалғанын сұрасам деймін. Бір жағынан мұнымды біреу-міреу біліп қойса, ел-жұрттан, келін мен баладан ұят па деймін. Бірақ студенттік шақтың естелігі есімнен кетер емес...»
«Көршім көлікте зорлады»: алматылық бойжеткен көршісіне тоқал болуға дайын екенін жеткізді
«Етті неге көп қостың?»: шымкенттік келіншек абысынының тосын мінезін түсінбей жүргенін айтады
«Бұдан да алқаш болғаның артық еді»: құмар ойынының құрбаны болған әйел өз өмірінен сыр шертті