«Қызыммен сырлас дос болмаған екенмін»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Анасы мен қызының ортасында сыр болмауы тиіс екен. Дер кезінде жағдайын сұрап, сырласып, керек жерде ақыл-кеңесіңізді айтып отырсаңыз, қызыңыз ертеңгі күні барған жерінде де қиналмай сіңісіп кетеді. Мен мұны өз басымнан өткізген соң айтып отырмын», - дейді Рысбала есімді түркістандық әйел.
Оқырманымыз қызымен дұрыс қарым-қатынас орната алмағанына күйініп отыр. Болған оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.
«Үш ұлдың ішіндегі жалғыз қыз болған соң, Айнұрым менен гөрі әкесіне жақын боп өсті. Ерке еді, бірақ өз тірлігіне тас-түйнек, пысық болды. Ауылдың мектебі оның танымына таяздық етті. «Мен қалада, Дарын мектебінде оқимын» деп өз күшімен емтихан тапсырып, 7-сыныптан бастап сол жақтың интернатында өмір сүрді. Аптасына бір мәрте әкесі барып, үйге әкелетін. Қалған уақытта телефонмен әңгімелесеміз. Қысқасы, қызыма сырлас дос бола алмадым.
Сөйтіп ол өз күшімен Алматыға оқуға түсті. Әбден сыртта жүріп үйреніп қалған соң Алматыға да қиналмай аттанды. Төрт жыл жақсы оқып, қызыл дипломын әкеліп қуантты. Әкесі екеуміз секілді мұғалім болуды қалаған, сол ниетіне жетті. Дипломын алған жылы алматылық жігітті Шымкент жаққа шақырып, бізбен таныстырып қойды.
Күзге қарай сол жігіттің ата-анасы, туыстары келіп, қызымызға құда түсіп, өздерімен алып кетті. Арамыз шалғай, күнде телефонмен сөйлесіп, жағдайларын біліп тұрамыз. Анда-санда өздері келіп-кетеді. Бір қыз, бір ұлды дүниеге әкеліп, бәрімізге отбасымен жап-жақсы тұрып жатқандай көрінетін. Жақында төбемізден жай түскендей оқиға болды.
Мектептегі сабақтарымды бітіріп, үйге келсем есіктің алдында «Газель» жүк көлігі тұр. Алдын күйеуім үйге жөндеу жұмыстарын жасау керек деп жүрген, соның заттарын әкелген шығар деп үйге кіре бергенім сол еді, алматылық екі немерем алдымнан жүгіріп шықты. «Қайдан жүрсіңдер, келетіндеріңді айтпадыңдар ғой» деп аң-таң болдым. Бір уақта үйден қызым шықты, ентігіп, алқынып жүк көлігіндегі заттарды үйге тасып жүрген екен. «Қызым, қашан келдіңдер, келетіндеріңді неге айтпадыңдар?» деп бетінен сүйдім.. «Мама, мен енді осында болам, біржола көшіп келдім. Бірақ менен әзірге «не болды» деп сұрамаңызшы, өтініш» деді. Жүрегім шым ете қалды.
«Құдай-ау, ренжісіп қалса, өзіміз берген жасауымен, жүктерімен бірақ көшіп келгені несі? Әйел деген сабырлы болмай ма, мынадан енді қалай сыр тартып, сұрап аламын» деп күйеуіме сөйлеп едім. «Үндеме! Өзі қазір күйзеліп жүр, уақыты келгенде айтар. Әзірге алқымынан алмайық» деп басты. Әкесі қызының онсыз да жаны қиналып, күйзеліп, бізден пана іздеп келгендіктен оны мазаламауды, артық сұрақ қоймауды ұйғарды.
Үйде келін бар, қыздың екі баласы мен баланың үш баласы қосылғанда үйіміз балабақша боп кетті. Сол себепті бір айдан кейін келін мен баланы бөлек шығардық. Қайтеміз енді, қызға «сен бөлек шық» деп айту да ыңғайсыз екен. Әкесі «қызым көз алдымда болады» деп тұрып алды. Оны естіген, көрген ауыл адамдары «Рысбаланың жалғыз қызы қайтып келіпті» деп гу-гу өсек таратты. Кімнің аузына қақпақ боласың, сұрағандарға «өздері солай шешіпті» деп қысқа жауап беріп жүрдім.
Қызымды әңгімеге тартып, жағдайды сұрадым. «Мен ештеңе айтпаймын бұл жайлы, екеуміз солай шештік, болды» деп ашылып ештеңе айтпады. Күйеу бала телефон соғып тұрады. Ондайда қызым телефонды бірден баласы мен қызына ұстатып, солармен сөйлестіреді. Өздерінің сөйлескенін көрмедім. Құда-құдағилар жақтан да хат-хабар жоқ. «Жағдай осындай болды, келінімізді қайтадан алып кетейік» деген әңгіме күткем. Бірақ олай болмады.
Күздігүні қызым «мен де мектепке кірсем деп ойлап отырмын» деп ұсыныс тастады. Тура сол уақытта бір мұғалім зейнетке шығып, орнына адам іздеп отырған. Жұмысқа тұрды. Содан кейін қызымның бетіне қан жүгіріп, адамдармен араласып, кішкене ашылайын деді. Өзімен қатарлас мұғалімдермен араласа бастады. Онысына біз де қуандық.
Бір күні өзіммен әріптес бір мұғалім «Айнұрдың ажырасып келгені де дұрыс болған, күйеуі шіріген бір жұмыртқа екен ғой. О заман да, бұ заман еркекке артылатын адаммен бір шаңырақ астында қалай тұрасың» деп аузымды аңқитып қойды. «Сен оны қайдан естідің?!» деп бәрін сұрап алдым. Сөйтсем әріптесімнің келіні де мектепте істейтін, Айнұрым соған сырын айтып, шер тарқатқан-ау. «Күйеу балаңның әуесі әйелге емес, еркекке көбірек ауады екен» дегенде айтарға сөз таппай қалдым.
Енді соны қызымнан қалай сұрарымды білмей жүрмін. Байғұс қызым әкесінен ұялғаннан осындай мәселесін айта алмай қиналған екен ғой. «Сенің күйеуің сондай екен ғой» деп әңгіме бастасам ұят сияқты. Өтірік болса екен, күйеу баламыз қайта келіп, отбасын алып кетсе екен деп ойлап қоям. Бірақ ажырасып кеткендеріне жылға жуықтап қалды. Енді келе қоймайтын сияқты.
Қазір Алматы жақта сондай көбейіп кеткен дейді ғой. Кім білсін, бәлкім шынымен де күйеу баламыз адасып, сондай жолға түсіп кеткен шығар. Не болса да, ақиқатын Құдай біледі. Қызым ойланбай бір-ақ күнде ажыраса салатын адам емес, оның үстіне екі баласы бар. Тұрмысқа шыққан соң ол бізге ешқашан өзінің отбасындағы қиындықтар туралы айтқан емес, бәрі жақсы секілді көрінетін. Қызыммен ертерек неге сырласып, әңгімелесіп тұрмадым, мүмкін уақытында жағдайын біліп отырсам, осындай жағдайға жеткізбес пе едік деп өзімді кінәлап жүрмін».