«Біз мінген көлікке толғағы қысқан әйелді отырғызып, өзіміз түсіп қалдық»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
Қазір қоғамда Бишімбаев ісі, еркек пен әйелдің қарым-қатынасы жайлы әңгіме өршіп тұр. Әйелдердің бәрі жаппай еркектерді қаралауға кірісіп кетті, себебі соңғы жағдай күйеуінің езгісіне амалсыз шыдап жүрген талай әйелдің солқылдап тұрған сыздауығын жарып жібергендей болды. Десе де, ел ішінде сөзі мен ісі сай келетін, уәдесіне берік азаматтар да аз емес.
ERNUR.KZ редакциясына телефон соғып, өз өмірінен сыр шерткен Нағима есімді оқырманымыз күйеуіне деген ризашылығын жеткізуді жөн көріпті.
«Біз сонау сексенінші жылдары бас қостық. Ол кездің қыз бен жігіт боп жүруі де басқаша еді ғой. Жігіттер жағы жасқаншақтау, қазіргідей бір көре салып жабыса кетпейтін, ұнатанын ептеп, іс-әрекетімен түсіндіріп, көзбен көріп, ішпен сезетін заманда бас қостық.
Мен шалғай аудандардың біріне, училищеге оқуға түсіп, алыс туысымыздың үйінде тұратынмын. Ал күйеуім сол ауылдың адамы, әкесі мемлекеттік қызметте істейтін, беделді, дәулетті отбасы болды. «Училищеге жаңадан қыздар келіпті» дегенді естіген соң ауылдың бір топ жігіті жолымызды торуылдап, танысудың мың сан айласын қарастырып жүретін. Сөйтіп менің Қалдыбаймен әңгімем жараса кетті.
«Сені сүйем» деп бір ауыз сөз айтпайтын. Бірақ би кештеріне барғанда басқа ешкімді маңыма жолатпай, тек өзі ғана билеуші еді. Сосын шөп шабуға, жүзім теруге барамыз. Онда да достарымен артымыздан ілесіп барып, мұғалімдермен өзара келісіп, менің күндік нормамды орындап, әнін айтып, қасымдағы дос қыздардың көңілін аулап қайтатын.
Оқуды аяқтап, шөптің нормасын орындап, ауылыма қайтқан кезім-тұғын. Қалдыбай артымнан екі мәрте іздеп келіп, үй-жайымды, тұратын жерімді байқап, бақылап көріп кетті. Үшінші мәрте түннің жарымында іздеп келіпті. Ұлы сөзде ұят жоқ шығар, жаздыгүні дәрет қысып, айдың жарығымен сыртқа шыға салған бетім еді, қақпаның сыртынан сығалап, мені шақырып алудың ретін таппай тұрған Қалекең «Нағи, сен бе, бері келші» деп сыбырлады. Жаным қалмады, үстімде ұйықтағанда киетін ішкөйлек, аяқта әжемнің галошы, не боп қалды деп көшеге атып шықтым.
«Алматыға оқуға, сессияма кетіп бара жатырмын, ертең жүріп кетем, соған сені көріп кетейін деп келдім» деп қолымнан ұстады. «Түннің жарымында қалай қайтасың, немен келдің» деп аң-таң боп мен тұрмын. Сөйтіп әңгімелесіп отырғанымызда қып-қызыл бір «москвичтің» біздің көшемен ары-бері жүргенін көзім шалды. Бір уақта әлгі көлік дәл жанымызға келіп тоқтады да «Жастар, осы жерде Рахым деген кісінің үйі бар екен, қай көше екенін айтып жібересіздер ме?» деп сұрады. Рахым көкеміз бізден үш-төрт үй ары тұрушы еді, «Міне, мына жақпен жүрсеңін, төртінші үй» деп мен жол көрсеттім. Соны күтіп отырғандай Қалекең «Рахым деген адам тұра ма? Жүрсей, мына кісілерге жол көрсете салайық, әрі әңгіме айтып, серуендеп қайтамыз» деп қолымнан ұстап, көлікке қарай жүрді. Сөйткенде көліктен үш жігіт атып шығып, мені ай-шайға қаратпай көлікке өңгеріп алды да, өз ауылдарына қарай тартып кетті.
Үстімдегі киімнің түрі анау, белімнен асатын ұзын шашым жалбырап, жол-жөнекей жылап-еңіреп, «мен саған тимеймін, өтірікші» деп Қалдыбайдың жер-жебіріне жеттім. Бірақ оған көнетін жігіт жоқ, «Рахым деп қалай айта салдыңдар и, ондай адам шынымен тұрады екен ғой» деп достарының тапқырлығына риза болған күйі ауылына қарай ызғыта жөнелді.
Күйеуімнің адамгершілігіне риза болғаным, өзі тұратын ауылға жете берген тұста жүкті әйелін жетектеп, үлкен трассаның бойында көлік тоқтатып тұрған бір кісіні көрдік. Әйелін толғақ қысып, перзентханаға апаратын көлік таппай, көшеге шыққан беті екен. Қалдыбай досының көлігін сол жерде тоқтатты да, «Біз Нағима, Наурызбай үшеуміз ауылға жаяу кете береміз, сен мына кісілерді ауданға жеткізіп сал» деп шопыр досына тапсырма берді. Өзі қыз алып қашып келе жатқан адам ғой, әйтпесе. «Сенің есің дұрыс па, мен мынау үстімдегі киіммен көшеде қалай жүрем, бармаймын» деп мен бұлқан-талқан ашуландым. Сөйткен Қалдыбай «Сен мен үшін осы түріңмен де Айсың, Күнсің, маған сен, бізде бәрі жақсы болады. Алақанымда аялап өтуге уәде берем» деп сертін беріп, мені үйіне дейін қолында көтеріп апарды. Әке-шешесі келін әкелетінін білмеген де екен, түн ішінде абдырап, көрші-қолаңды шақырып, бәрі жабылып басыма орамал салды.
Міне, содан бері 40 жылға жуық уақыт өтіпті. Басымыздан небір қиындық, сынақ өтсе де күйеуім маған берген сертінде тұрды. Біраз жыл бала көтере алмай, үлкендердің уайымына айналғанымызда да «Бәріне өзім кінәлімін, баяғыда сені желеңдетіп үйге әкелген едім, суықтатып алғанмын ғой» деп жұбатқан. Қолымнан нық ұстаған күйі төрт баланы тәрбиелеп, құтты орындарына қондырдық.
Мен тұрмысқа шығып, тұңғышымды өмірге әкелген жылы анам, артынан әкем өмірден өтті. Бес бауырымның жағдайын ойлап, уайымнан азып-тозып кеткенде осы Қалекең бар ауыртпашылықты өз мойнына алды. "Сенің бауырың - менің бауырым, оларды өзіміз жеткіземіз" деп бәрін өз қолымызға алдырып, оқығысы келгенді оқытып, біреуіне жұмыс тауып беріп, кейін соларды үйлендіріп, үйлі-жайлы боп кетуіне зор еңбек сіңірді. Оған мен әйелі ретінде шексіз ризамын. Рахмет, саған, Қалеке! Сол түні тәуекелге бел буып, ішкөйлекпен мені алып қашып, үйіңе дейін арқалап жеткізгеніңе алғыс білдіремін.
...Қалекемнің жағдайы қазір бұрынғыдай емес, бойынан қуат кетті. Зейнетке шыққан. Қайта-қайта денсаулығы сыр беріп, мені қорқытып қояды. Осы ретте өздеріңізге күйеуімнің адамгершілін айтып, оған алғысымды білдіріп, көңілін серпілтіп қойсам деп едім.
Жақсы адамның жақсылығын айтсам айып емес шығар. Өмірде жақсы адамдар өте көп, солардың өнегелі өмірін көбірек насихаттап, онсыз да жағымсыз жаңалықтардан еңсесесі түсіп жүрген халықтың көкейіне жылт еткен үміт сәулесін жаға беру керек. Бәрімізде бәрі жақсы болсын».