«Тұңғышымның көз жасы ұрған сияқты»
иллюстрациялық фото ашық дереккөзден алынды
«Жас кезде көп нәрсенің байыбына бара бермейді екенсің. Уақыт өте кей істеріңнің орны толмас өкінішке ұласқанын түсініп, бармағыңды тістейсің. Бірақ одан пайда жоқ, өткен қайта оралмайды. Осы күні «әттең маған сол кезде шын жанашыр, дұрыс шешім қабылдауыма көмектесер жан болғанда ғой» деп күйінемін. Бірақ одан енді не пайда?..»
ERNUR.KZ тілшісіне хабарласқан Ләйла есімді әйел әңгімесін осылай деп бастады.
«Мен тоқалдан туған қызбын. Әкеміздің алғашқы жары төрт қыз, екі ұл тауып, ауыр дерттен көз жұмған екен. Кейін өзінен 20 жас кіші менің анамды алған. Бір шешеден бір ағам бар. Жасы келгенде көрген кенжесі болған соң ба, әкем мені кішкентайымда қатты еркелететін. Жасырып қайтейін, анам жас болғанымен тірлікке түк ебі жоқ, салақ кісі болды. Оның үстіне кішкентай күнінде өгей әкесінен көп таяқ жеген екен. Содан ба, мінезі біртүрлі. Көпшілікпен араласпайды, томаға-түйық. Кейде өзімен-өзі күбірлесіп, сөйлесіп жүреді. Оны мен кейін, өскенде аңғардым ғой. Әкем байғұс анау алты баласына қарап, бас боп отыратын адам болса, соған шүкір деп ала салған-ау.
Желкілдеп өсіп келе жатқан шағымда әкем өмірден өтті. Бірінші әйелден туған әпкелердің бәрі ол кезде тұрмыс құрып, балалы-шағалы болып кеткен. Біз қарашаңырақта, үлкен ағамыздың қолына қарап қалдық. Обалы не керек, ол кісілер бізді шеттеткен жоқ. Анама да, бізге де жақсы қарады. Малы көп еді, ауыл шетінен қора салып, анама мал бақтырды. Інім екеуміз сол жақта өстік. Малдың соңында жүрген бала оқуды қайбір жарытар дейсің. Ел қатарлы бітіріп алғанымызға шүкір дедік те, университетке түсуді мүлдем армандамадық. Сол замандарда елдің бәрі астанаға барып, құрылыспен айналысушы еді ғой. Өзім секілді қыздар бас қалаға үдере көшіп бара жатқан соң, мен де ілестім. Қабырға сырлаушы болып біраз уақыт жұмыс істедім. Сонда жүріп Өзбекстаннан келген бір жігітпен танысып, екеуміз ерлі-зайыптыларша өмір сүрдік.
Енды ол жағын егжей-тегжейлі айтпай-ақ қояйын, қысқасы, мен әлгі өзбектен жүкті болып қалдым. Оны естіген жігітсымақ еліне тайып тұрды. Шегінерге жол жоқ, іштегі бала әжептеуір өсіп қалған. Амал жоқ, ауылға қайттым. Бірақ ауылдағы ағаларым басымнан сипай қоймады. «Масқара! Әкеміздің сүйегіне таңба болдың! Қайдан келдің, сол жағыңа құры! Көзімізге көрінуші болма» деп қуып шықты. Осы кездегі сезімді айтып жеткізе алмаймын. Шешемнің түрі анау, әкем жоқ, бауырларым түсінбейді, «енді өлуден басқа амал жоқ» деп шештім. Қалаға келіп, орталық базардың аялдамасында отырғам. Құдайдың құдіретін қарамайсыз ба, тауда тұратын әпкем кездесе кетті. Әпкелерімнің ішіндегі мейірімділеуі, жанашыры осы кісі еді. Дереу асханаға кіргізіп, тамақ әперіп, жағайымның бәрін сұрап, біліп алды. «Менімен бірге ауылға жүр. Сол жақта босанасың. Қалғанын кейін көреміз» деп жетектеп алып кетті.
Әпкемнің ауылында жүріп аман-есен қыз босанып алдым. Өзім әлі баламын. Балалы болудың қандай екенін сезінбей жатып қызымнан ажырадым. «Басың жас, әлі тұрмысқа шығуың керек, ішіңдегі бала аяғыңа тұсау болады. Менің келінімнің төркін жағында біреулер бала асырап аламыз деп жүрген екен, мына балаңды соларға берейік. Маңдайынан шертпей өсіреді, ештеңеден кем болмайды» деп үгіттеп қойған. Келіскендей, туа сала қызымды соларға беріп жібердік. Жол-жобасы болсын деп қолыма отыз мың теңге ұстатты.
... Арада екі жыл өткенде ауылдағы жеңгемнің араласуымен әйелі қайтыс болған, өзімнен он жас үлкен бір кісіге тұрмысқа шықтым. Бақыттымын деп айта алмаймын. Бұл кісі де малдың соңында жүрген, дүниені тек малмен өлшейтін, кешкісін жүз грамдататын адам. Әйтеуір төркініме кіріптар болмасам екен деп жүрген жайым бар.
Құдай маған бірінші қызымнан кейін тағы үш қыз берді. «Ұл тумайтын қатынсың» деп күйеуім тілімен де, қолымен де тиіседі. «Үйді топырлаған қызға толтырдың, ұрпақсыз қалатын болдым» деп қыздарына жиі тіиісіп, қарғана берген соң Құдайдың да қаһары тиді ме, ортаншы қызым ойламаған жерден қаза тапты. Есіктің алдындағы қора құлайын деп тұрған. Күйеуіме «мынаны бұзу керек» қанша мәрте айтқанмын, тыңдамаған. Сол жерде ойнап отырған қызыма қораның бір қабырғасы тұтас құлап, астында басылып қалды.
Одан кейінгі қызымның ақыл-есі өз қатарынан кеш дамып жатыр. Бойы да, денесі де кішкентай. Қаратып, емдетіп жатырмын, бірақ нәтиже жоқ. Нұр-Сұлтандағы, Алматыдағы оңалту орталықтарына апару керек дейді, оған малын қызғыштай қорыған күйеуім ақша бермей отыр.
Осы жағдайларды ойлап, өткенге көз жүгірте отырып баяғы өзім бас тартқан қызымды еске аламын. Мені соның көз жасы ұрды-ау. Арада пәлен жыл өткенде іздеп барғым келген. Оны асырап алған кісілер Еуропаға қоныс аударыпты.
«Қызымды өзім жеткіземін» деп бермей қоюым керек еді. Мүмкін сонда бәрі басқаша болар ма еді. «Балаңнан бас тартпа, кейін өкінесің» деп айтатын бауыр табылмағанына қазір іштей қапа боламын».
«Бір сәттік ләззаттың кесірінен бүкіл ғұмырым өкінішпен өтіп жатыр» деп шер тарқатқан Ләйла қыздар ешкімге алданбаса, асығыс шешім қабылдамаса екен деп тілейді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
«Жаназадағы төбелес»: түркістандық бойжеткен жеңгелерінің масқара болған қылығын айтып берді
«Он екі жыл опасыздық жасаған»: шымкенттік бойжеткен әкесінің сатқындығын кешіре алмай отыр