​«Мен жоқта үйге тоқалын әкеліп, той жасапты»: қызылордалық әйел көпшіліктен ақыл-кеңес сұрап отыр

0
2 767

«Дәрі ішіп, өле салғым келді»


​«Мен жоқта үйге тоқалын әкеліп, той жасапты»: қызылордалық әйел көпшіліктен ақыл-кеңес сұрап отыр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«ERNUR.KZ сайтында жарияланып жатқан қыз-келіншектердің неше түрлі тағдырларын оқып, біріне күйініп, біріне сүйініп отыратын қызылордалық оқырмандарыңызбын. Бүгін мен де ешкімге ұқсамайтын тағдырымды көпшілікпен бөлісіп, жеңілдеп алғым келеді», - деді Алмажан есімді әйел.


Бүгінде үш қыз, екі ұлды тәрбиелеп отырған Алмажанның күйеуі ойламаған жерден үйіне тоқал әкеп, астаң-кестең етіпті. Шаңырағында болған оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіге бүкпесіз баяндап берді.


«Жолдасым Талғат қыз күнімде соңымнан қалмай екі жыл жүгірген. «Саған үйленбесем өлем» деп небір тәтті сөздерін арнап, менен бұрын әке-шешемнің іші-бауырына кіріп, сеніміне ие болып, ақыры өзіне қаратып алды. Ол кезде мен универсиеттің үшінші курсында оқимын. «Ағам үйленіп, Астанаға еншісін алып кетті, әке-шешеме келін керек» деп қоймай, шаңырақ көтердік.


Мен келгенде Талғаттың үйі өте жұпыны тұратын. Атамыз он үш ағайынды болған, әбден таршылық көріп, осы күнге жеткен ғой. Аядай ғана үш бөлмелі времянкада тұрады екен, онда да үйдің фундаменті жерге кіріп кеткен, тепкішексіз кіріп кете бересің. «Құдай-ау, қандай жерге келдім» деп ешкімге көрсетпей жылап алатынмын. Өзім қаланың қызымын, ауылдың өміріне үш жылдай үйренісе алмай, ажырасып кеткім келіп жүрдім. Кейін бірінен соң бірін, екі қызды босанып алдым да, ауылдың гүл келіні боп шықтым.


Біз үйленген кезде Талғат жұмыссыз еді. «Мен қызметте тұрғанда жалғыз күйеу баламның бұлай жүргені жарамас» деп әкем оны Ішкі істер департаментіне, Күзет басқармасына кіргізіп қойды. «Ауылға барып-келіп жұмыс істеу қиын ғой, мына тұрған көлікті міне бер, жиендерім жаяу жүрмесін» деп үйде тұрған «Опель вектраның» кілтін ұстата салды. Содан бастап жағдайымыз оңала түсті.


Үйлену тойымызға менің нағашыларым бір сиыр, өз ата-әжем бір сиыр берген. Содан қорамызға шыр бітіп, екі сиырымыз бір табын болып, аузымыз аққа жарып, берекеміз кірді. Бұрынғы кепехананы бұзып, орнына тоғыз бөлмелі екі қабатты үй тұрғыздық. Ішін дүниеге толтырдық. Қазір ауылдағы адамдардың бәрі «Меңдібайдың үйіне қаланың қызы бақ боп келді» деп айтып отырады.


Жасырмаймын, мен өте ерке келін болдым. Енем жайлы, сиырды да өзі сауа салады, тірлікке де пысық, «Жассың ғой, түнімен бала емізіп шықтың, асықпай тұра бер» деп айтып қойған. Күйеуім табыс тауып, енем сөзімді сөйлеп тұрғасын мен семірмегенде кім семірсін. Әр баланы босанған сайын 10 килодан қосып отырдым. Қазір баяғы талдырмаш денелі, ұзын шашты Алмажан жоқ. Дәу алмаға айналғанбыз. Бірақ көңілім де, пейлім де жас кезімдегідей. Үйдің тірлігін ұршықша иіріп әкеттім, балаларымның киімі таза, қазаным асулы. Қонақ келсе бір өзім бәрін ептей аламын. Арасында мектебіме барып, сабағымды беріп келем. Бір қарағанда төрт құбылам түгел, бақытты әйел сияқтымын. Кешеге дейін өзімді бақыттымын деп келгем. Сөйтсем мені сүйген Талғатым бірнеше жылдан бері көзіме шөп салып жүріпті.


Талғаттың қызметі осы жылдар ішінде әжептеуір жоғарылады. Қазір бір басқарма басшысының орынбасары. Қызметі қоғамның тыныштығына тікелей байланысты болған соң ерте кетіп, кеш келетініне, кейде қаладағы пәтерде қонып қалатынына күдіктенбейтінмін. Сөйтсем бұл қаладан бір қатынды тауып алып, сонымен әмпей-жәмпей болып жүрген екен.


«Алмаш, саған айтатын әңгімем бар» деп Талғат бар шындықтын бетін ашты. Үш жылдан бері әлгі әйелмен байланысқанын, қазір одан бір жасар қызы барын, енді әлгі әйел өзіне үйленуін талап етіп жатқанын көзімді бақырайтып қойып жеткізді. «Еркекпін ғой, ақымақтық жасап, осындай жағдайға душар болдым. Шегінерге жол жоқ, арада бала бар. Саған білдірмей-ақ қояйын дегем, «Мені әйгілеп, әулетіңмен таныстырып, қызыңның барын жария етпесең басқаға тиемін де кетемін, қызыңды көрмейтін боласың» деп шарт қойып отыр. Ағасы КНБ-да істейтін, ол да қарындасымды алмасаң ісім сенімен болсын» деп ескертіп кетті. Басқа амалым жоқ, үйге әкеліп, кішігірім Құдайы жасауымыз керек» деп тұр.


Мына жағдайдан қан қысымым көтеріліп, ауруханаға түсіп қалдым. Күйеуім деп сеніп, асты-үстіне түсіп келген адамымның опасыздығынан кейін өмір сүргім келмеді. Сөйтіп уыстап дәрі ішіп, асқазанымды күйдіріп, әлі ауруханада жатырмын. Ал бұл уақытта күйеуім әлгі әйелін үйге әкеліп, әке-шешесімен таныстырып, ағайынға ас беріпті. Артынан қызын құшақтап, тоқалын жетектеп қаладағы пәтерге кетіп қалыпты.


«Алмаш, айналайын, бес баланың анасысың, бәйбішесің, Талғаттың бір айыбын кешіріп, кеңдігіңді көрсет. Сенің орның біз үшін бөлек, үй де, дүние де сенікі. Қайтейін, іштен шыққан шұбар жылан болды, құдаларға да қарайтын бетіміз жоқ. Біз оны осындай бала болсын деп өсіріппіз бе? Мен үшін бір ашуыңды бер, балаларың үшін басыңды көтер» деп ата-енем ауруханаға кешірім сұрап келіпті.


Бір-екі балам болса күйеуімнің осындай опасыздығына шыдамай жетектеп алып кете салар едім. Қызымның үлкені биыл он беске толады. Кімге сиям, қайда барам? Мен мында ата-енемнің бабын жасап, үлкен үйдің отымен кіріп, күлімен шығып жүруім керек те, қайдағы біреу қалада күйеуімнің тапқанын ішіп-жеп жата ма? Мына қиын жағдайдан қалай шығарымды, кімнен ақыл сұрарымды білмей отырмын...»