"Өгей шешенің қолынан әзер құтылдық" - анасыз қалған қыз қиын жағдайға тап болғанын айтты

0
964

"Түпкі мақсаты тұрып жатқан үйімізді тартып алу секілді"


Сурет: forbes.com

"Ауылдық жерде туып-өстім. Ата-анам қатарымыздан кем етпеді, қолынан келгенше балалары үшін еңбек етті. Мектепте жақсы оқыдым. Ауылдағы тоғыз жылдық мектепті ойдағыдай аяқтап, оқуымды ары қарай жалғастыру үшін қалаға кеткен болатынмын. Сыныптастарымның бірі аудан орталығына, бірі колледжге түсіп, бірі көрші ауылға барып ары қарай оқуын жалғастырып жатты. Тоғызыншы сыныптан соң, он бір жылдықты жалғастырмай-ақ, қыз балаға қажетті мамандық қой деп кәсіптік білім беретін колледжге оқуға түсуді ұйғардым. Бұл шешімімді үйдегілер де құптады. Үйдің тұңғышы, өзім де еті тірі, пысықтау қыз болғандықтан, әкем де, шешем де қарсылық білдірмеді. Қыз баласы болғандықтан, аздап уайымдайтыны да бар, әрине. Сонда мен өз өзіме деген сенімділігімді ата-анама дәлелдеп, оқуға аттанып кеткен болатынмын..."

Анасынан айрылып, өгей шешеден қорлық көрген Аружан қазіргі уақытта әкесінің әлекке салып жатқанын ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.

"Сол кезден бастап өмірімде аумалы-төкпелі өзгерістер орын ала бастады. Колледжге барып, енді ғана алғашқы оқу аптасын бастаған кезімде анамның жалғыз бауыры жол апатынан көз жұмды. Бұл қайғы анама ғана емес, барлығымызға да өте ауыр тиді. Мен үшін жақын адам ғой. Нағашыларым да ауылда тұратын болғандықтан, біз жиі көрісіп, араласып тұратынбыз. Нағашым емес, туған ағамдай болып кеткен адам еді, біраз уақытқа дейін сенгім келмеді. Өмірімдегі алғашқы ауыр қаза осы болатын.

Осы оқиғадан соң анамның да ұнжырғасы түсіп, ауырыңқырап қалды. Кім де болса, мұндай қайғыны көтеріп, еңсеріп кету оңайға түспейтіні анық. Өзі жас, үйленбеген, қылшылдаған жігіт болғандықтан, «Жалғыз бауырымның артында ізін жалғайтын, әулетіміздің атын өшірмейтін мұрагер де қалмады-ау» деп анамның көкірегі қарс айырылып жылаған кезінде оны ешбір адам жұбата алмаушы еді. Анамның өзі де ата-анасынан жастай айырылған, жетімдіктің азабын тартқан адам. Енді-енді барлығы өз орнына түсті, енді жақсы болады деп үміттеніп отырғанда бұл жағдай қиын болды.

Содан енді өзім армандап оқуға түскен соң, оны жалғастыру керек. Бір аптаға сұранып, сосын қайта барып, оқуымды жалғастыра бердім. Бір күні сабақта отырғанымда «анаң ауырып қалды» деген хабар жетіп, анамды осы мен оқып жатқан қалаға ауруханаға жеткізгенін естідім. Әкем де келді артынан. Сөйтіп, әкем екеуміз анам түскен ауруханаға қарай тарттық.

Анам жансақтау бөлімінде қимылсыз жатыр екен. Қайғы ішіне түсіп кеткен бе, оңала алмады. Сол бойы есін жимады. Жансақтау бөлімінде де ұзақ уақыт жатқан жоқ, екі күннен соң көз жұмды. Анам қайтқанда дүние төңкеріліп кеткендей күй кештім. Бір қайғының артынан бір қайғы еңсемді тіпті көтере алмайтындай күйде болдым сол кезде. Бірақ, жаның бөлек болған соң, бәрін де көтереді екенсің. Сүйретіліп жүріп, айналам қара түнекке айналғандай күйде жүрдім. Кеудемде жаным бар, бірақ тірі емеспін. Осындай да сәттер болады екен адамның басында. Көзі тірісінде анамның қадірін білмегенімді осы сәтте түсіндім. Бірақ бәрі кеш еді.

Бала болып еркелеп, кейде анамның тілін алмайтын балалығымыз да, шалалығымыз да болды ғой. Сол күндеріме өкіндім. Бірақ, өкінгенмен не пайда? Ол күндерді артқа қайтара алмайсың ғой.

Менен кейінгі бауырларыма тіпті қиын болды. Олар тіпті кішкентай. Анасыз қалған балаға қандай ауыр. Оларды да қалай жұбатарымды білмей басым қататын.

Ал әкем сол күннен бастап тұйықталып, ашылып сөйлеспейтін болды. Оған да оңай емес, бірақ шиеттей бала-шаға әкемізге қарап ауыздарын ашып отырғанда қайғырып отыруға да мұршасы келмеген шығар. Ішкі әлеміндеалай-дүлей дауыл орнап жатса да, жұмысына барып, бізді асыраудың қамынан қол үзген жоқ. Отбасымызда осындай жағдай болып жатқан соң оқуымнан уақытша үзіліс алып, бауырларыма қарайласып тұрдым. Кейін әкем «Оқуыңды қалдырма! Сен арманыңнан бас тартпа, біз бірдеңе етерміз» деп анамның қырқы өткен соң қайтадан оқуыма жіберді. Ол жақтағылармен де әкем барлығын сөйлесіп, реттеп қойған екен. Содан мен қайтадан оқуымды жалғастырдым. Ал әкем бауырларыма ана керек деп екінші рет үйленді.

Жетімнің күні қайбір оңған? Өгей шешеміз алғашқы күндері ғана сыр алдырмағанымен, кейін бауырларымды табанынан тіліп тұрып жұмысқа салатынды шығарды. Мен оқуымды оқып жатырмын дегеніммен, бауырларыма алаңдап, апта сайын ауылға келіп-кетіп тұратынмын. Сол кезде өгей шешеміз мені де бала көргені ғой, еш аяқ тартып, именбейтін. Өгей шешеміздің сұсты қабағынан қорқып, оған қарсы ештеңе айта алмайтынбыз. Сонда бізге мұндай ананың қажеті қанша еді деп ойланамын. Қиындықтың үстіне қиындық жамап беріп отыр ғой. Ол бауырларыма ыстық тамақ пісіріп, кір-қоңын жуып бермесе, несіне келіп отыр?

Апта сайын ауылға баратынымды біліп алған соң, бауырларымның кір-қоңын жинап, тіпті моншаға да түсірмей, мені күтіп отыратын еді. Барған соң бауырларымды жуындырып, киімдерін тазартып, келесі аптаның оқуына дайындайтынмын. Мұның барлығын ауылдағылар білмейді ғой, балалар тап-таза болып сабаққа келеді, киімдері бүтін, қарындары тоқ. Өгей анасы жақсы адам екен деп ойлайтын шығар.

«Әкенің жақсысы жездедей» деген емес пе, мені қорғап, ойлап жатқан әкем жоқ. Арасында ішіп кететіні тағы бар. Екі күндік демалысымның өзі тек қана үйдің шаруасын істеумен өтетін. Қыста аязда алыста орналасқан құдықтан белім талып су тасимын. Мал жайғап, қиын тазалаймын. Үй жинау, нан илеу, нан салу, кір жуу секілді үйдегі жұмыстың бәрі менің мойнымда.

Анамыздан айырылғанымыз үшін алатын аз ғана жәрдемақыны ай сайын әкем сыпырып алып, үйге тамақ алып келеді.

Кейін осының барлығы әйгілі болды ғой, қанша жасырғанымен, шындық деген су бетіне қалқып шығатыны рас қой. Үйдегі жағдайды балалардың ешқайсысы ешкімге айтпасақ та, әкемнің қарындасы бұл жайлы сезіп жүрген екен. Сол кісі жағдайды білгенде қатты ашуланды. Сол әпкеме ғана рахмет айтамын, бізді қолдады, қорғады.

Мен он алтыға тола салысымен әпкем, яғни әкемнің қарындасы ашуланып, бұрын әкемнің атында болған жәрдемақыны менің атыма жаздыртып қойды. Жәрдемақыға енді қалаға өзім баратын болдым. Барғанымды қайтейін, бәрібір оны үйдегілер жұмсайды ғой.

Анам марқұм кезінде қала шетіндегі үйді екі бөлмелі пәтерге айырбастап, оның ішін су жаңа дүние-мүлікке толтырып қойған. Әкемнің қарындасы енді сол үйді менің атыма аудармақшы болды. Сөйтсе, нағашы әпкем несие алғанда анамды алдап-сулап, пәтерін кепілге қойдыртыпты. Сонымен, маған мұраға қалуға тиісті пәтер кепілде, ал нағашы әпкем болса банкке несиені төлей алмай қойған. Банк «үйді саудаға қоямыз» деп күнде қорқытады.

Бір күні әпкем (әкемнің қарындасы) банктен қоңырау шалған менеджерге айғайлап, іле шала адвокат іздеп кетіп қалды. Содан түрлі құжат жинап, неше түрлі адвокаттарға барып, түптің түбінде банкті сотқа берді. Ол банктегілердің құжаттарынан әлдебір заңға қайшы кемшілік тауып алыпты. Сол кезде жұрттың бәрі банкпен ұстасып жатқан әпкеме күле қарады. «Ойбай, мына кісінің банкпен соттасқаны қалай, әліне қарамай ма?» десті жұрт.

Оның үстіне әпкем адвокат жалдағысы келмей, сотқа өзі қатысатын болды. Сізге өтірік, маған шын, ол кісі ақыры үйді кепілден алып шықты. Бұл негізі ерлікпен тең әрекет қой. Десе де оны ешкім бағалап, шын көңілден рақмет те айтпадық. Мен әрине, әпкеме қарыздармын, қалған бауырларым бұл жайлы білмейді, түсінбеген де шығар не болып жатқанын. Осылайша анамның екі бөлмелі пәтері енді менің атыма жазылды.

Сөйтіп, ауылда қалған бауырларымды өзіммен бірге алып келдім. Қазір сол үйде тұрып жатырмыз. Әрине, оңай болған жоқ, бірақ бауырларымды өгей шешенің өткір тырнағынан арашалап алып қалғаным үшін өзіме, әсіресе үлкен ерлік жасаған әпкеме ризамын. Ағасының балалары үшін осылай шыр-пыр болып жүгіретін әпкелер көп емес шығар. Жиі хабар алып, көмектесіп те тұрады.

Міне, содан бері екі жыл өтті ғой, ал мен оқуымды аяқтауға жақын қалдым. Сол әпкемнің өзі де ауылда тұрады. Ол да жоғары білім алмаған. Мектептен соң тігіншілікті меңгерген осындай қарапайым әпкемнің бойына күш-қуат бітірген «жетімнің ақысын ешкімге жегізбеу» деген ұран ғой.

Қазір әкем мен өгей шешем екеуі ғана тұрады. Анда-санда әкем бізді іздеп келеді үйге. Сау келмейді, қазіргі әйелінің санасын улап тастағанын да байқаймын.

Әкемнің түпкі мақсаты тұрып жатқан үйімізді тартып алу секілді. Мені әлі бала көреді ғой, үйдің құжаттарын сұрап немесе әйелі екеуінің осында көшіп келгілері келетінін, жанымызда болғылары келетінін айтады. Қалада өмір сүру қиын, қастарыңда ересек адам болмаған соң, қалай боларын сендер білмей жүрсіңдер ғой деген секілді сөздерді айтып, бізді көндіруге тырысады. Бірақ мен де, қалған бауырларым да оған келіскіміз келмейді. Қазір әкем сол үшін өзінің туған қарындасымен де араз.

Әпкемнің де күйеуі қайтыс болған, бес баласын жалғыз өзі асырап отыр. Біз болсақ, «Әкем келгенше бұл үйге сіз келіп тұрыңыз. Ауылдағы үйіңізге де барып тұрасыз ғой. Әйтпесе, олар бізге күн бермей жатыр» деп жалынып жүрміз. Ал әпкем ауылдағы шағын кәсібін тастап мұнда келсе күн көре алмайтынын біліп тұр.

«Одан да жақсы, иманды, адамгершілігі мықты жігіт табылса, тұрмысқа шық. Сонда сендерге ешкім ештеңе дей алмайды. Бірақ, күйеу жігіт осында тұруы керек. Осындай талапқа келісетін болса ғана сені өзім ұзатамын» деп отыр.

Мен болсам, бауырларымды ойлаймын. Тағы қандай адам тап болады екен деген уайым басым."