​«Өлі мен тірінің шілдесі араласты»: түркістандық ана тұңғышынан айырылған кезін еске алды

0
863

«Келінім беташардың ертеңіне жесір атанды»


​«Өлі мен тірінің шілдесі араласты»: түркістандық ана тұңғышынан айырылған кезін еске алды
иллюстрациялық суре ашық дереккөзден алынды


«Қазақта тұңғыш немеренің орны ерекше екен. Әсіресе ол марқұм ұлыңнан қалған жалғыз тұяқ болса, онда ол дегенде шығарға жаның бөлек боп тұрады. Мен күні кеше жанымның бір бөлшегі – тұңғышымның тұңғышын құтты орнына қондырып, иығымнан жүк түскендей қуанып отырмын», - деді ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Ажар есімді ана.


Жастайынан жесір қалып, екі ұл, бір қызды жетілдірген оқырманымыз той өткесін жан сырын ақтаруды жөн санапты.


«Жасым қырыққа толмай жатып, үш баламен жесір қалдым. Бұл кезде балаларымның бұғанасы бекімеген, алды жетінші сыныпта оқитын еді. Сөйте тұра әкеден айырылып, арқа сүйейтін ешкім болмайтынын түйсініп, бір-біріне ерекше бауырмал боп өсті.


Әкенің орны бөлек қой, балаларымның тәрбиесі қалай болар екен деп қатты уайымдайтынмын. Бірақ ел мақтайтындай азамат боп ержетті. Тек екі ұлыма жоғары білім әпере алмағаныма өкінем. Өздері де менен ұзап кеткісі келмей, ауылдан шыққан жұмысты істеп жүре берді. Бірақ қолдарынан келмейтіні жоқ, көлікті де жөндей береді, үйді де қатырып тұрып соғады. Ауыл шетінен екі гектар жер алып, егінді де екті. Күн жылына бастағаннан қара күзге дейін тынбай жұмыс істеуші еді. Екі бауыр тырмысып жүріп трактор сатып алды, үлкенім сонымен ауылдағы кісілердің жем-шөбін тасып та табыс табатын. Әйтеуір солардың арқасында ішіп-жемнен кем болмадық.


Үлкен ұлым 23-ке келгенде үйленетінін айтты. Досының үйіне барып, араласып жүріп жиен қарындасына көзі түскен екен. «Мама, сол қызды бір көріңізші, екеуміз уәделесіп қойып едік» деп келді. Ертеңіне-ақ ауылдастың үйіне барып, мән-жайды түсіндіріп, «тәтті шайдың» күнін белгілеп келдім. Қыз да сол үйде жүрген екен, көріп, көзім тойып қайттым. Ұлымның ұнататынындай бар екен, аққұба, шашы беліне төгілген, сұп-сұлу, аты да затына сай – Айсұлу.


Құдағиым да үш қызымен жесір қалған, өзіммен қатарлас келіншек екен. Алыс-берісті көбейтпей, тойды да екі жаққа тиімді етіп жасайық дестік. Араға ай салып Нұрлан мен Айсұлудың некесі қиылды. Ауыл-аймақты жинап беташар жасадық. «Нұрланның аузының салымы бар екен, сұлу келіншек алыпты» деп бетін ашқанда тойға жиналғандар ду ете қалды.


Сүйгеніне үйленген баламның жүзі нұрланып, бақыттан бал-бұл жайнап жүріп беташарға әкелген стол, орындықтарды, ыдыстарды көрші ауылдағы егесіне жеткізіп бермек боп тракторымен шығып кеткен. Бара жатқан жолда қарсы бетте келе жатқан үлкен жүк көлігінің иесі ұйықтап кетіп, соғысып, ұлым тракторымен қоса сайға қарай аударылыпты. Сау-тамтығы қалмаған...


Екі ұлым ер жетіп, келін түсіріп, енді ғана ел қатарына қосылдым-ау дегенде Құдай төбемізден қос қолдап ұрды деп көзімнен жас емес, қан ақты. Менің сол кездегі қайғымды жер де көтере алмағандай көрінген. Кеше ғана бетін ашып, басына ақ жаулық салған Айсұлуым күн өтпей жесір болатынын біліп пе? Үйге келген жекжаттардың бәрі «Келіннің аяғынан...» деп неше түрлі сөз айтқанда жанымды қоярға жер таппадым. «Көз тиді, беташарда сұқтанбаған адам қалмап еді» деп құрдас келіншек те ашып тұрған жарама тұз сеуіп кетті.


Баламның жетісі өткенше Айсұлудың сұлу жүзі сұрланып, қайта-қайта талып қала берді. Арасында молда шақырып, дем салғызып, әжептеуір уайымдадым. Сөйтіп әбіржіп жатқанда көршім келіп «Келінге обал жасама, төркініне қайтар. Мына үйде өлі мен тірінің шілдесі арпалысып жатыр» деп айтты. Мына сөзден кейін дереу құдағиды шақыртып, келінімді қайтарып жібердім. Бірақ, обалы не керек құдағиым әр бейсенбі сайын қызын ертіп, келіп тұрды.

Қырық күндік асын бергенде құдағи маған Айсұлудың құрсағында Нұрланның баласы бар екенін айтты. Тұңғышым тірі болғанда бәрі басқаша болар еді деп тағы жылап алдық. Келушілердің аяғы басылып, өз-өзіміз қалғанда кіші балам Нұрсұлтанды шақырып алып, оған бар жағдайды баяндадым. Ағасынан айырылғанымен, одан ұрпақ қалатынын естігенде баламның жүздері жайнап, қуанып кетті.


Нұрланның жылдық асын уақытынан бұрын өткіздік. Бұл кезде келінімнің іші шығып, құрсағындағы сәби сегіз айлық боп қалған. Ас желініп, бата қылып болған соң сөз бастадым. Қысқасы, Нұрсұлтан мен Айсұлудың некесін қиып, әмеңгерлікпен қосқым келетінін айттым. Келінімнің көзі шарасынан шығып кете жаздады, артынан үнсіз егіліп үйден шығып кетті. Екінші балама да бұл күтпеген ұсыныс еді, біраз уақыт шекесін ұстап отырып қалды. Бірақ артынан сөз алып, «Менің де сөз байласып қойған қызым бар еді, кішкене уақыт беріңіздер, оған жағдайды түсіндіріп айтайын» деді.


Осылайша келінімнің босанатын күні жақындаған кезде екеуінің некесін қидық. Өмірге Мереке деген қыз келді. Айдай сұлу келінім Нұрсұлтанға тағы екі қыз, екі ұл туып берді. Сынақтың артынан осындай қуаныш сыйлаған Жаратқанға мың шүкір. Екеуі тату-тәтті тұрып жатыр.


Жақында Мерекемізге қаладан бір жігіт айттырып келді, екеуі біраз уақыттан бері жүреді екен. Сырғасын салып, біз құдалық-тойын өткізіп, міндетімізден құтылдық. Нұрланымнан қалған бір түйіп қызды жетімсіретпей, келінімді кіші балама қосқаныма қазір қуанамын».