«Шәйнекке құйып әкеліңдер!»: жетісайлық әйел халал той өткізгені үшін сөз естігенін айтады

0
5 225

​«Жұрттың арағын ішіп едік, енді соны қайтармаймыз ба?!»


«Шәйнекке құйып әкеліңдер!»: жетісайлық әйел халал той өткізгені үшін сөз естігенін айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Той жасаудың да өзінше бір қызығы мен шыжығы бар. Қиыншылық қыспаққа алып тұрған заманда екі адамның басын қосып, шай беру де оңай емес. Десе де ата-ананың парызы ұлына сүндет той жасап беру болғасын, көп адам қатардан қалмайық деп тыраштанып жатады.


Жетісайлық Қанат пен Әлия да таяуда жалғыз ұлын атқа мінгізіп той жасады. О бастан ішімдікке қарсы күйеуі «тойымыз халал болады» деп ниеттенген екен. Алайда арақ-шарапсыз өткізген тойдың соңы қонақтардың ренішімен аяқталыпты. Тойда болған оқиғаны Әлия ERNUR.KZ тілшісіне жайып салды.


«Той дегеннің машақаты көп екен. Өзіміз жас отбасымыз, бұрын-соңды көпті жиып, қонақ күтпегенбіз. Той істеуге келгенде әжептеуір әбіржідік. Тойға келетін қонақтардың тізімі бар, дастархан мәзірі, тойхана таңдау, киім-кешек, асаба, әртістер мен ата-аналарымызға беретін сыйлық, соларға кәдімгідей бас қатырдық. Бір-ақ нәрсе бізді ойландырмады. Ол – арақ-шарап. Жұрт сияқты қандай арақ аламыз деп бас қатырмадық. Тойымызға қымызды көптеп алдырайық, келген жұрт масаймай, есін біліп, тойды «трезво» тамашалап қайтсын деген тілек болды. Бірақ сонымыз ағайындарымызға да, сыныптас достарымызға да ұнамапты. Әжептеуір сөз болдық.


Тойымызды жақында ғана қажылық парызын өтеп келген азулы асабаға тапсырдық. Ішімдік ішілетін жерге бармайды екен, біздің тойға қуана-қуана келісе кетті. Обалы не керек, асаба біздің тойды барын салып басқарды. Дәстүрге сай, домбырамен арнау айтып, баламызды атпен ортаға шығарып, тойымыз өзімізге керемет өткен сияқты. Бірақ сонда да арасында өкпелейтін, сынап-мінеп кететін адамдар табылады екен. Дәл сондай адамның бірі өзімнің туған нағашым болды.


Құдалар сөйлеп, бірінші тамақ желініп жатқан. Төргі столда отырған нағашым алшаң басып жаныма келді. «Тойларың арақсыз ба не?» деп жақтырмай қарап тұр. Бізге дейін досының құдалығына барып, аздап ішкен екен. Жетпей тұрған сияқты, «Тез арақ тауып беріңдер, шәйнекпен болса да алып келсін» деп бұйрық берді. Оны естіген күйеуім жақтырмай қалды. «Ешкімге арақ жоқ, бір уақ аузын тиып отыра тұрсын, кішкентай бала емес қой. Үйіне барып ішсін» деп нағашыма айта алмаған сөзін маған ақтарып салды. Ойпырым-ай, қалай болар екен деп әжептеуір ойланып қалдым.


Сөйтсем масайып қалған нағашым шәйнекпен арақ бармағасын балаларын көшеге жұмсап, арақ алдырып ішіпті. Онысы таусылғасын сыртта ішіп тұрған сыныстас жігіттерге барып, олармен де сілтеген. Тойдың аяқ жағына қарай екі аяғынан тұра алмай, ортада қисалаңдап билеп жүр. Әлгіні көріп көңілім одан сайын түсіп кетті.


Бір уақта абысыным келіп тұр, «Менің төркінімнен келген адамдар арақ сұрап жатыр. Осынша тірлік жасап бір араққа ақша үнемдегендерің дұрыс болмапты. Елдің арағын ішіп жүрміз, қайтаруымыз керек шығар. Мен қазір баламды жұмсап, арақ алдыртамын. Ұятын-ай...» деп кетіп бара жатқан. Күйеуім білегінен ұстап, кері қайтарып алды. «Сен менің дастарханымды билейтіндей кім едің?! Қонақ алдына не қойды, соны ішіп-жеп кетсін! Беретін арағыңды үйіңе апарып бере бер!» деп айқайлап кетсін. Екі ортада қарадай қысылып қалдым...


Ертеңіне уатсаппен неше түрлі хат келе бастады. «Тойларың жақсы өтті, дастархан тола, жедік, жегеннен қалғанын салып әкеттік. Молынан қойыпсыңдар. Тек жүз грамм жетпеді. Онсыз бәрібір біртүрлі екен», «Арақ қоймағандарыңды қайтейік, сыртта бәрі «тойып» алды», «Тойларың молданың тойындай болып өтті ғой» деп ел сынап-мінеп тастады.


Осы уаққа дейін біреуінің арағын ішіп, тойын сынап көрмеп едік. «Бұлардың бәріне не болған?» деп жылап алдым. Бәрін қойшы, абысынымды айтсайшы, тойдан кейін хабарласқан жоқ. Өзінше өкпелеп жүр екен.


Алланың алдында да, адамның алдында ниетіміз түзу еді. Кеңестік кезеңнен санамызға сіңіп қалған орыстандыру саясатының жемісі өмірімізге тереңдеп еніп кеткені соншалық, той, қуанышымызды арақ-шарапсыз елестете алмайтын күйге жеткенбіз. Арақ болмаса, не болыпты?! «Ең үлкен күрес – өзіңмен, нәпсіңмен күрес» демекші, тым құрығанда тойларда өз-өзімізді жеңіп, иманға бет бұрып, шариғат жолымен жүретін уақыт әлдеқашан жетті ғой.


Кезінде ауылда ашық аспан астында өткен тойларды еске алсақ, міндетті түрде бір төбелес, дау шығып, соңы түсініспеушілікпен жаға жыртысып аяқталып жататыны өтірік емес. Ал қазір, құдайға шүкір, өз тәуелсіздігі өзіндегі егемен елміз. Дініміз бен дәстүрімізге бет бұрып, тойдың сценарийіне арқан тартыс, асық ату, т.б. сияқты ұлттық ойындарымызды қоссақ, ұлттық тәрбиеге негізделген іс-шаралар қатарын көбейтсек, керемет болмай ма?»