​«Шубамды қайшымен тілгілеп тастады»: алматылық жас келін қайынәпкесінің тосын мінезінен шаршағанын айтты

0
1 448

«Мені өзінің тегін күңі еткісі келді»


​«Шубамды қайшымен тілгілеп тастады»: алматылық жас келін қайынәпкесінің тосын мінезінен шаршағанын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Отбасылық өмірде аз-маз қиындықпен сыналу әр келіннің мойнына жүктелген міндет-ау деймін. Біреу енемен, енді бірі баламен сыналады. Тағы біреудің күйеуімен қарым-қатынасы онша болмайды. Әйтеуір, әркімнің басында әртүрлі проблема бар. Ал мені Құдай қайын әпкемен сынап жатыр», - дейді Дидар есімді жас келін.


Оқырманның айтуынша, қайынәпкесі жас келінді құлша жұмсайды екен. Басынан өткен жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Өзіміз қызылордалықпыз. Күйеуге шыққаныма үшінші жыл болды. Бұған дейін арамыздан ала мысық өтпеген. Алматыға көшіп келгелі жағдайымыз қиындап кетті. Күйеуімнің жұмыс бабымен келіп едік. Үлкен қайын әпкеміз «пәтер жалдап босқа шығындалмай, біздің үйде тұра беріңдер» деп қоймай шақырып алған. Бір жыл болды, қазір әпке-жездемізбен бір шаңырақ астында «өмір сүріп» жатырмыз.


Өзі екі тал қайын әпкем бар. Бірі ауылда, екіншісі осы Алматыда. Ауылдағысының мінезі тіктеу, төркіні жақын болғасын аптасына екі-үш рет келіп-кетіп тұратын. Ал үлкенінің түсі жылы, мейірімді адам боп көрінген еді. Сөйтсем бұл кісінің де оңған жері жоқ.


Басында бәрі тамаша болды. Әпкем әзілдесіп, «бүгін тамақ істеп қоя саласың ба» деп өтінішпен сөйлейтін. Келе-келе «приказ» бере бастады. Жездеміз екеуі мемлекеттік қызметте істейді, уақыттарының басым бөлігін жұмыста өткізеді екен. Біз көшіп келгенге дейін олардың үй қызметшісі болған. Кейін «Дидар бар ғой, топырлатып қайтеміз» деп жұмыстан босатып жіберді. Менің де жұмыс істейтінім оларды қызықтырған жоқ.


Жұмысым онлайн,бәрін компьютермен тындырып отыра берем. Сонымды бұл кісілер жұмыс деп көрмейді-ау, азанда үйіп-төгіп тапсырма беріп кетеді. Үш баласының тамағы, сабағы менің мойнымда. Бірін күтіп алып, екіншісін шығарып салып, шаршап жүрмін. Мінездері әжептеуір, бірі сорпа ішпейді, екіншісі қою тамақ жемейді, анау-мынау деп сыпсыңдап әке-шешесі келгенде жамандайтынын қайтерсің. Бекерге жала жауып, түріңе ыржалаңдап қарағанда қарадай күйіп кетем.


Бір жолы қайынәпкем мен жездеміз екі күнге Алматының сыртына достарымен демалуға кеткен. Кетерде «Мына екі бөлменің пердесін алып, жуып қойшы» деді. «Жарайды» деп айта салғам. Кешке күйеуім келгенде сатымен пердені әперсе жуа салу қиын емес деп ойладым. Тап сол күндері оның да серіктесі сұранып, екі күн қатарынан ауысымға түсіп қалды.


Содан әпкеміз қыдырып келді де, үйде қырғын салды ғой. «Саған адам сияқты айтып кеттім ғой, неге жуылмаған?!» деп діңкілдегенде айтарға сөз таппай қалдым. Сол күннен кейін арамыз жақсы емес. Тамақ істесем «неге етті көп қосқансың», «күйіп кеткен бе», «майды аямай құйыпсың» деп жақтырмай, сынап шығады. Арасында Қызылордадағы енеме хабарласып «мына келініңіз дым істей алмайды, бәріне өзім үйретіп жатырмын» деп өтірікті шындай сапыратынын қайтерсіз...


Қайын әпкем үйде болса да балаларына жарытып қарамайды. Ұялы телефонына үңіліп, не бөлмесінде ұйықтап жатады. Күнделікті күйбең тірліктен шаршадым. Тіпті, өз жұмысыма үлгере алмай бірнеше рет басшылықтан сөгіс естіп үлгердім. Мәселені күйеуіме айтып, жалдамалы пәтерге көшейік десем, «Тезірек үйлі болғың келсе, шыда. Кішкене ақша жинап алайық» дейді. Өзімнің балаларымды тумай жатып өзгенің балаларынан шаршап қалдым. Күйеуім де үнемі жұмыста жүреді. Екеуіміз тегін тұрған ұят деп жалақымыздың бір бөлігін қайын әпкеме беріп тұрамыз. Оған қоса күйеуім күнде азық-түлік көтере келеді. Сонда біздің әпкемізбен тұрудың қандай артықшылығы барын түсінбей-ақ қойдым. Күйеуіме осыны айтсам, «сен білмейсің, Алматыда бәрі қымбат. Әпкемнің үйі бізге арзанға түсіп жатыр» деп айта береді.


Анам тұрмысқа шыққанда артымнан әдемі шуба әкелген. Өзім ұнатып, таңдап, күтіп киіп жүрген ең қымбат киімім еді. Жұмысқа баспен кіріп, балаларды бір сәт назардан тыс қалдырып қойып, оңбай опық жеп қалдым. Бақшаға баратын кішкентай қызы қайшыны алып, жеңінен, алдынан түктерін ойып-ойып қырқып тастапты. Киюге жарамай қалды. Қатты ашуланып, қызының құйрығынан тартып жібергенімді мойындаймын. Соны бірінші сыныпқа барған баласы көріп қалған екен. Кешке әке-шешесі келгенде «мынау Аяланы ұрды, жылатты» деп мені саусағымен шошайтып тұрып көрсетті.


«Өзі менің шубамды қырқып...» деп бастағаным сол еді, «Затыңа еге болмай не қарап отырсың титтей қыздың не кінәсі бар?!» деп әпкем өзіме «атылды». «Үйіме кіріп, асымды ішіп, көрпемді тіліп отырсың» деген сөзін естігенде ол үйде қалудың ретін таппадым. Дереу киімдерімді жинап, көшеге шықтым да, күйеуім келетін аялдамада күтіп отырдым. Мені қолдайтын шығар, мына жанжалдан кейін ол үйден кететін шығармыз деп сенімді отырсам, «Қойшы, шуба деген табылар, бауыр табылмайды ғой, қазір кетсек өмір бойы арамыз суып кетеді» деп менің емес, бауырының сөзін сөйлеп шықты. Сол жерде теріс бұрылып, бөле әпкемнің үйіне кетіп қалдым.


Міне, қазір бір апта болды, бөлек жүрміз. Ол өз әпкесінің, мен өз әпкемнің үйінде. «Сәл шыда, пәтер іздеп жатырмын» деп қояды. Дегенмен туған қайын әпкемізбен осындай жағдаймен ренжісіп, шығып кеткеніме көңілім алаңдаулы, уайымдай беремін. Бет көріспейтін адам емес, енді онымен қалай араласам, білмеймін...»