​«Төркініңнен 9 адам шыға ма өзі?»: түркістандық әйел үш қайынәпкесінің қылығы үшін ұятқа қалғанын айтады

0
4 339

«Менің төркініме арналған сыйлыққа ауыз салып тұр»


​«Төркініңнен 9 адам шыға ма өзі?»: түркістандық әйел үш қайынәпкесінің қылығы үшін ұятқа қалғанын айтады

иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Елдің туыс-бауырларына қарасаң әуесің келеді, той-жиын бола қалса бәрі қоғадай жапырылып, бір шетінен болысып, қонағын гүл-гүл жайнап күтіседі. Ал менің қайын әпкелерім түк көрмегендей, үйіме қонаққа келсе қасығыма дейін әкеткісі келіп тұрады», - дейді Майра есімді түркістандық оқырманымыз.


Төрт қыз, бір ұлды жалғыз өзі тәрбиелеп, қарашаңырақтың түтінін түтетіп отырған ана таяуда ғана үшінші қызын ұзатыпты. Той-томалақ барысында болған оқиғаны Майра ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Не байдан, не туыстан рахат көрмеген адаммын. Енді балалардан бағымды жандырса екен деп тілеп жүрмін. Байдан рахат көрмедім дегенім, бірінен соң бірін, үш қыз босандым. Күйеуім алыс қалаларға жүк таситын. Апталап үйде болмайды, келген кезде ішіп алып «Сен қатын тек қыз туасың» деп сабайтын. Жер барып хабар айтпасын, тілі де сондай ащы еді. Құдайдан тілеп жүріп бір ұл туып бердім. Сол кезде барып Досымбектің беті бері қараған. Бірақ анда-санда ішетін.


Бесінші перзентіме аяғым ауырлап, босанатын күнім жақындаған кезде күйеуім қайтыс болды. Көлік сатып алатын болып жинап жүрген бар ақшасымен қалаға кеткен. Барған күні достарымен пәтер жалдап, әбден ішкен. Не болғаны белгісіз, жалдамалы пәтерде ашық қалған газға уланып қайтыс болды деген хабар келді...


Ол кезде менің жасым отыз бесте еді. Жастайымнан жесір қалдым. Бес баланың ас-ауқаты, адуынды ененің қас-қабағы бар, бәрін өз мойныммен көтеріп, осы күнге дейін жеткіздім. Әйтеуір әкем оқытып, диплом әперген екен, қазір соның нанын жеп, ауылдағы мектепте мұғалім болып жүрмін.


Айтайын дегенім, күйеуім екі ағайынды, үлкен қайынағамыз бен абысын ауылда, бір көшеде тұрады. Одан бөлек үш қайынәпкем бар. Көресіні сол үш әпкеден көріп келем. «Шешемізге қарап, бауырымның орнын жоқтатпай, балаларыңды жеткізіп отырсың ғой, саған рахмет» деудің орнына келген сайын мені талап, тартқылап кетеді.


Алдыңғы екі қызымды ұзатқандағы «концерттерін» айтпай-ақ қояйын. Күні кеше үшінші қызымды құтты орнына қондырдым. Сол жерде үш әпкем бүкіл елге масқара етіп, мені жылатып қойды. Құдалар мына әулеттің адамдары түк көрмеген топас екен деп кеткен шығар. Ұятын-ай...


Өзіммен тетелес інім бар, әл-ауқаты жақсы. Қызымды ұзатам дегенде «Мынаны керегіңе жаратарсың, алдын ала тойанамды беріп қояйын» деп 400 мың теңге беріп кетті. Өзім де қаражаттан қысылып отырғанмын. Қуанып кетіп қызымның жатын төсегін алып қойдым. Үш қайынәпкем де келіп, «Мынау біздің құдалыққа қосқанымыз деп 10 мың теңгеден беріп кетті. Тойанамыз деп тағы 10 мыңнан жинапты». Ешбірі өлетін жерде емес, балалары тәуір қызметте істейді, күйеулері де бабын жасап отыр. Сонда да пейілдері кеңімей-ақ қойды. Ішімнен «мейлі, бермесе бермесін, Құдай өзіме күш-қуат берсін, әйтеуір тыныш келіп, тыныш кетсе болды» деп тілегем.


Той күні құдалар алдымен үйге келіп, дастарханымыздан дәм татты. Екі тамақ желініп, елдің біразы сөз сөйлеп болғасын құдалар әкелген қоржынымызды ашайық деген. Тойдың ең қызығы осы ғой, ағайын-туыстың бәрі кәдені көреміз деп айнала отыра қалған.


Құдағиым «мынау - үй тоғыз, мынау - нағашы тоғыз, мынау - ағайын тоғыз» деп әкелгендерін ашып көрсете бастады. «Майра, мынау ағайын тоғызды бөлмеге кіргіз, кейін өзіміз бөліп аламыз» деп үлкен әпкем бұйыра сөйледі. Кезек нағашы тоғызға келгенде ең кіші әпкеміз «Майра, нағашы тоғызды аш, осы жерде тарқат» қоймады. Тоғыздың басы деп пальто салған екен, оны анамның орнына анам ғой деп үлкен әпкеме ұстаттым, кейінгісін тетелес інімнің келіншегіне бердім. Әкемнің інісінің әйелі отырған, оған да ішінен мата алып бердім. Қалғанын келмеген төркінім бар ғой деп шетке алып жатсам ең кіші әпкем баж ете қалды. «Сенің төркініңнен тоғыз адам шыға ма? Оның бәрін кімге бере бересің? Әкел, қалғанын біз алайық» деп екпіндеп тұр. Осы кезде үндемей отырған әпкем шыдай алмады.

«Құдаша, төркініңде адам жоқ дегенің қай сасқаның? Құдайға шүкір, біз көппіз. Біреудің үрметін бізден қызғанып не болды сізге?» деп қалды. Екі үлкен әпкемнің сондағы түрін көрсеңіз...

«Ойбай, әрі-беріден кейін қыз біздікі, біздің рудың адамы. Біздің қыз болмаса мына киіт қайдан келуші еді. Біздің шаңырақты билемей, тыныш отырыңыз. Әкелген дүниені біз бөлеміз, Майра былай тұр» деп екі әпкем ортаға шығып кетті.


«Әпке, сіз бұл әулетке қызсыз! Араласпаңыз, мен өзім білем, кімге не беретінімді. Шығыңыз ортадан!» деп қалай айтқанымды білмеймін. Осы уақытқа дейін бетіне қарсы келмеген келін едім, мына сөзден кейін үшеуі де шалқасынан құлай жаздады. «Тойың да өзіңе, киітің де өзіңе!» деп байларын жетектеп кетіп қалды. Отырған құдалар да сыбырласып, күбірлесіп қалды. Бұдан кейін күліп көр, түнеріп тұрып тойымызды өткіздік әйтеуір.


Тойдың ертеңіне енем бұрқылдап «Мата үшін өлдің бе? Қыздардың наласына қалдың» деп мені кінәлап тұр. Мата үшін таласқан өз қыздарынан ұялмайды екен.

«Апа, мен баяғы тоқпаққа көне беретін жас келін емеспін. Мен де ене болдым, кімге не беріп, кімге не айтатынымды өзім білемін. Қыз ба, жөнімен келіп, жөнімен кетсін!» деп ол кісіге де сөз қайтарып тастадым. Бірақ құдалықтағы болған жағдайды ойласам аяқ-қолым мұздап, мазам кетеді. Бір аптадан кейін құдалар той жасамақшы. Үш әпкемнің тырысып отырысы мынау... Не істерімді білмей басым қатып жүр...»