«Үйді таракан басқан, ыдыстарды жумай жата салады»: шымкенттік бойжеткен құрбысына жасаған сатқындығын айтып берді

0
787

«Бір ұл немесе қыз туып берші» деп қиылады...»


«Үйді таракан басқан, ыдыстарды жумай жата салады»: шымкенттік бойжеткен құрбысына жасаған сатқындығын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Ерлі-зайыптының ортасына есі кеткен түседі» демекші, мен құрбымның күйеуіне есім кете ғашық болдым. Егер олардың қарым-қатынасы мінсіз боп, бір-біріне үздігіп тұрса, онда бәрі басқаша болар ма еді...» - дейді Айжан есімді шымкенттік бойжеткен.


Құрбысына сатқындық жасадым деп өзін жазғырып отырған оқырманымыз болған жәйтті ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Гүлнұр екеуміз бала күнгі доспыз. Бір нанды бөлісіп жеген айнымас құрбы болдық. Кішкентай кезінен ер мінезді, өзіне айтылған сөзді көтере алмайтын мінезі барын білсем де, онша мән бермегем. Сөйтсем қанда бар қасиет қанша жыл өтсе де өзгермейді екен ғой.


Гүлнұр екеуміз бір университетке оқуға түстік. Мамандығымыз басқа болғанымен күні-түні біргеміз. Пәтер жалдап тұрдық. Сырымыз да, жырымыз да бір еді. Даниярмен танысқан кезде де, үйленуге ұсыныс тастағанда да жандарында мен болдым. Екеуінің бақытына өз бақытымдай қуандым. Үнемі солар үшін күйгелектеніп, кішкене ренжісіп қалса күйіп-пісіп, татуластырғанша жаным жай таппайтын. Екеуі үш жыл жүріп, үйленгендерінде де тойында қыз жолдас боп, махаббаттарының куәсі болғам.


Биыл олардың шаңырақ көтергендеріне үш жыл болады. Осы үш жылда ыдыс-аяқ жиі сылдырлады. Ондайда бірінші Даниярға ұрысып, шаңын қағып алам, артынша Гүлнұрға ақылымды айтып, «күйеуіңмен неменеге салғыласа бересің, кішкене кішірейсейші, ол сенің балаң емес қой» деп сабасына түсіріп отырдым.


Шынымды айтсам, екеуінің ұрысында көбіне Гүлнұр кінәлі боп қалатын. Ол мектепте мұғалім боп істейді, Данияр бір басқармада бас маман. Кешкісін Гүлнұр тамақ істеуге ерінеді екен. «Әйел құсап бір уақ ыстық тамақ пісірсейші, қашанғы көшенің дайын тұшпарасын қайнатып ішеміз» деп өкпелейтін көрінеді. Ал досым «мен де сен сияқты кешке дейін жұмыс істеп, шаршап келген адаммын» деп бой бермейді.


«Қашан көрсең «белім ауырып жатыр» деп жата қалады. Үй дегенді көңілі келгенде жинайды. Салақтығын білгенде алмас едім, Айжан. Ас үйді таракан жайлаған. Ыдыстарды түнде жумай жата салады, азанда шай ішуге кірсең таза кесе таппай қаласың» деп шағымданғанда құрбымды ақтап алатын себеп таппай қаламын. Екеуінің арасында бала жоқ, бәлкім осы да араларының суып кетуіне себеп болған шығар.


Сондай кезекті жанжалдың бірінде Данияр маған қарап тұрып, «Айжан, сенің осындай керемет адамл екеніңді о баста сезсем-ші! Неге бұрын саған көзім түспеген?» деп сырын ақтарып алды. Оны естіп, денем шымырлай жөнелді. Даниярдан мұндай сөзді күтпегем, не айтарымды білмей, бір орнымда сілейіп тұрып қалдым. Ол менің ойымды оқып қойғандай ішімнен қуыстанып, бір ысып, бір суыдым. Себебі мен Даниярды бірінші көргенде ұнатып қалған едім. Бірақ оның бар ойы Гүлнұрда екенін білген сәтте сезімімді тұншықтырып, басып тастағам.


Бір күні жұмыстан шығып, үйге қайтатын аялдамада тұрсам, Данияр көлігімен келіп тоқтады. «Шаруаларымды бітіріп келе жатыр едім, сені көріп қалдым, кел, отыр, апарып тастайын» қолқалаған соң міндім. Бірақ оның әлгі сөзінен кейін не әңгіме айтарымды білмей қатт қысылдым. Бұрын әзілдесіп, аузымыз жабылмай сөйлесуші едік.


«Айжан, сенің біреуің бар ма? Жігіттермен қыдырғаныңды көрмейміз» деп әңгімені өзі бастады. «Ешкімім жоқ, жақсы жігіт жолықпай жүр» дедім.

«Айжан, сендей қызды көрмей жүрген кім екен. Кейде көзіміз байланып, соқыр боп қалатын еркектер де бар бірақ» деп үйге барғанша әңгімелесіп бардық. Әңгімесінен түсінгенім, Гүлнұрмен тағы қырғи-қабақ екен. Әйеліне суып кеткенін байқадым.

«Бір айлығын маған айтпай анасына беріп жіберіпті. Ипотека төлеп отырғанымызды біледі, менің айлығым содан артылмайды. Ал енді алдағы ай немен күн көретінімізді ойламады да» деп ренжіді.

«Жүр, үйге кіріп, шай іш» дедім ұялғанымнан. Ол бірден келісті. Үйге кіріп, ас үйде шай дайындап жүр едім, артымнан келіп, құшағына қысып, мені сүйе бастады. Дәл сол сәтте отпен ойнап тұрғанымды білсем де, сезімімді ақылға жеңдіре алмадым. Сол сәтте ғана бақытты болғым келді...


Екі ай болды, Даниярмен жасырын кездесеміз. Оның да маған деген сезімі шынайы, үйіне қимай-қимай, әрең кетеді. Құрбыма сатқындық жасап жүргенімді білсем де Даниярға деген сезімім күн өткен сайын күшейіп, артып барады. Ара қатынасымызды тоқтатуға дәрменім жетер емес. «Маған бір ұл немесе қыз туып берші» деп қиылады. Гүлнұр «бізге әлі ерте» деп бұл тақырыпта әңгіме қозғалса тыйып тастайды екен.


Екеуміз де Гүлнұрдың көз жасына қалатын болдық. Соны ойласам, жүрегім ауырады. Махаббат отын маздатып, артқа қайтар жол таба алар емесін. Көзі қарақты оқырман менің басымдағы жағдайға қандай ақыл-кеңес айтар екен...»