​«Үйімді тартып алып, нәрестеммен қуып шыққан»: кәсіпкер әйел күйеуінен көрген қорлығын еске алды

0
5 080

«Дер кезінде арамыздың алшақтағанына шүкір деймін»


​«Үйімді тартып алып, нәрестеммен қуып шыққан»: кәсіпкер әйел күйеуінен көрген қорлығын еске алды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жетім мен жесірдің көз-жасына себепші болған адамды Құдай аямайды» деуші еді, таяуда соған көзім жетті. Кезінде «сүйдім, күйдім» деп үйленіп, артынан итше далаға тепкілеп, шығарып жіберген күйеуімнің қазіргі жағдайы тым мүшкіл екен. Қызы екеуміздің көз-жасымыз, наламыз жібермеген шығар оны», - дейді Эльмира есімді әйел.


Балалар үйінде тәрбиеленген оқырманымызды тағдыр талай мәрте сынға салған екен. Басынан өтке оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Әке-шешемнің кім екенін білмеймін, балалар үйінің басшылығы «есіктің алдына тастап кеткен» деп түсіндірді. Рас-өтірігін кім білсін. Әйтеуір бір беймәлім сағынышпен, есікке телмірумен кәмелет жасқа толдық. Ешкім асырап алмады.


Мектепті бітірген соң кәсіптік училищеде оқыдым. Мықты кондитер, повар боп шығып, өзімдің дәмханамды ашсам деп армандаушы едім. Бірақ дипломымды алуға мұршамды келтірмей, жүріп жүрген жігітім алып қашып кетті. «Үйленуге асықпаймын, оқуыңды бітіріп ала бер» деген ғой. Бірақ аяқасты жоспары өзгеріп, мені үйіне келін етіп түсірді. Жетім қызды кім жақтыра қойсын, ата-енеміз ырымын жасап, беташарымызды өткізді де, бізді бөлек пәтерге шығарып жіберді.


Бара сала көтеріп қойдым, оқу жайына қалды. «Оқып, дипломымды алуым керек» деген сөзімді күйеуім тыңдаған да жоқ. «Сол да оқу ма, сәл шыда, үй алып, жағдайымызды жасап алған соң сені университетке түсірем» деп сендіріп, уәдемен тойдырып қойды.


Айы-күнім жетіп қыз босандым. Бірақ өте беймаз болды, әлде мен жастықпен бабын жасай алмадым ба, күні-түні соның жанынан айналшықтап шықпай, жыласа қосыла жылап, өз-өзіммен әлек боп кеттім. Сол мезетте күйеуімнің көңілі басқаға ауып, менен суып бара жатты. Қызымыз сәл жылап қалса бітті, «мамамның үйіне кеттім, мына жерде тыныштық жоқ» деп шығып кететін. Несін айтайын, көп нәрсесіне көз жұма қарадым. Бар сырымды балалар үйіндегі тәрбиешіммен бөлісуші едім, ол кісі «қызың үшін шыдайсың, кейде еркектердің теріс қылығын көрсең де көрмегендей боп жүру керек» деп мені басып отырды.


Бұл кезде біздің үйленгенімізге үш жылдай уақыт боп қалған. Бірақ арамызда заңды неке жоқ. Некеге тұру жайлы сөз қозғасам «Сен жетімсің, әрі жалғызбасты ана ретінде кезекке тұрып, үй алып алайық, неке деген қашпайды» деп шыға келетін. Ақырында айтқанын істетіп, мені жетектеп жүріп құжаттарымды өткізді. Екі жыл дегенде екі бөлмелі пәтердің кілтін алдық. Кейін соны қалай істегенін білмеймін, араға таныстарын салды ма, ақшамен туралатты ма, әлгі пәтерді күйеуім анасының атына жаздырып алған. Заңнан хабарсыздығыма осы кезде қатты налыдым.


«Үйді босат, қызыңмен қайда кетсең онда кет» деп бір түнде екі жасар қызыммен далаға айдап шықты. «Осыдан пәтеріңді даулайтын болсаң, қызыңды тартып алып, аналық құқығыңнан айырам» деп қорқытты. Күздің қара суығы еді, барар жер, басар тауым жоқ, үйдің жертөлесіне қонып шығып, ертеңіне өлместің қамын жасауға кірістім. Қолымда күйеуім сыйлаған жүзік бар еді, соны ломбардқа өткізіп, ақшасына бір орыс кемпірдің бөлмесін жалға алдым. Жетім екенімді, қазіргі жағдайымды түсінген баба Нинаға көп рахмет, «оңалып кеткенше сенен пәтерақы алмаймын, қызыңа өзім қараймын, алаңдамай жұмыс іздеп, орналасып ал» деп жанашырлық танытты.


Қолымда не дипломым жоқ, әрі-бері сандалып, жұмыс іздеп көріп ем, көңілге қонбады. Сосын амал жоқ, баба Нинаның рұқсатымен ас үйінде бәліш, блинчик, самса сияқты заттарды пісіріп, жол бойындағы дүкендерге өткізуді бастадым. Бұрыннан тамақ жасауға ебім бар еді, өз ісімді тапқандай қатты қуандым. Мен пісірген заттар ертеңге қалмай өтіп кететін. Бірте-бірте дүкендерді көбейттім. Қолыма шыр бітіп, қызымды бақшаға орналастырдым. Баба Нина да тәттілерімді жеп, риза боп жүрді.


Бір күні мен пісірмелерімді өткізетін дүкеннің қожайыны үйіне қонақ күтісуге шақырды. «Дастарханымды жайнатып жасап, етімді дұрыстап асып берсең» деп өтініш білдірді. Ондайда училищеде оқып жүргенде көріп, біліп алғам. Отыз адамға әдемілеп дастархан жайып, әкеп берген азық-түлігін әсемдеп, рет-ретімен қойып, соңғы қасығына дейін жуып бердім. Риза болған дүкен иесі маған келіскен ақшаны артығымен төледі. Сосын өзінің таныс құрбыларына айтатын болды. Бірте-бірте қолым жүріп, клиенттерім көбейіп, жағдайым жақсарды.


Ипотекамен екі бөлмелі пәтер алып, баба Нинадан бөлек шықтық. Екі жылдан соң астыма көлік міндім. Қызым биыл бірінші сыныпқа барды. Қазір командама он қыз алып қойғам, одан бөлек үлкен складым бар, құдалық-тойларға көшпелі тойхана ретінде қызмет көрсетеміз. Үстел, орындық, ыдыс-аяқ, бәрі өзімізден шығады. Дастарханын дайындап, ыдыс-аяғын жуып, кейде тіпті үйін жинап беріп кетеді. Табысымыз да соған сәйкес, шүкір.


Енді жақында басы артық ақшам болғасын бір бөлмелі болса да бір пәтер сатып алсам деп ойлағам. Сөйтіп жарнамадан арзандау үй қарастырдым. «Шұғыл сауда, бағасы келісім бойынша» дегесін қызымды мектептен алып, әлгі үйді көруге бардым. Үйден кім шықты, білесіз бе? Мені кезінде адам ғұрлы көрмей, пәтерімді тартып алып, қызым екеумізді далаға қуып шыққан күйеуім!


Көз алдымнан оның маған жасаған қиянаты, күздің қара суығында жертөледе дірдек қағып түнеген кезім, орыс кемпірдің сызданған үйі, әркімнің дүкеніне барып «бәлішімді сатуға қойыңызшы» деп жалынған күндерім... Ал қазір, міне, астымда көлік, үстімде әдемі киім. Ал оның басында шаш жоқ, сақал-мұрты өскен, жанында аузына темекіні қыстырып алған бір әйел бар. Түрлерінен араққа салынып кеткендері, карта ма казино ма, бірдеңеге ұрынып қалғаны анық байқалып тұр. «Шұғыл сауда» деп баспаналарын сатпақ болғаны да содан-ау. Менен тартып алған екі бөлмелі пәтерді де сатып, үстінен жонған деп топшыладым. Жағдайлары мәз емес.


«Мынау біздің қызымыз ба?» деп өтірік мүләйімсіп қолын созып келе жатыр еді, бетіне түкіріп жібердім. «Біз сені танымаймыз, менің қызыма қолыңды тигізуші болма, біреумен шатастырып тұрсың!» деп сөйледім де, көлігіме отырып кетіп қалдым. Үйге келгенше осы күніме шүкіршілік еттім және сондай оңбағаннан дер кезінде арашалап қалған Аллаға рахметімді айттым. Өмір – алма-кезек, кезінде мені «жетім» деп менсінбегендер енді күнелту үшін баспанасын сатуға мәжбүр бопты. "Үйіңді сатып алам" деп алдап, ақшаны бермей, атыма рәсімдеп алуға жағдайым да, танысым да жетер еді, бірақ ондай иттікке бара алмадым...»