​«Үш күйеуім де қайтыс болды»: алматылық кәсіпкер ешкімге ұқсамайтын тағдырын әңгімелеп берді

0
2 089

«Қаралы әйел» деп жұрт мені өсектеп жатыр»


​«Үш күйеуім де қайтыс болды»: алматылық кәсіпкер ешкімге ұқсамайтын тағдырын әңгімелеп берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Мені айналамдағы таныстар «черная вдова» деп атап кеткен. Басында бұлданып, жүйкем тозып, осылай деп айтқандардың әрбірімен айтысушы едім. Қазір былқ етпеймін. Айтқан адам айта берсін, олар менің ізімді басып, мен ішкен уды ішіп көрмеді ғой, қайсыбірінің аузына қақпақ болайын. Бірақ сыртымнан өсектеп, пыш-пыштап отырған әйелдердің ешбіріне менің басымнан өткен тағдырды тілемеймін», - дейді Гүлбаршын есімді әйел.


Төрт күйеуден бағы жанбаған оқырманымыз ешкімге ұқсамайтын тағдырын ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Үйдің екінші қызы болдым.Әкеміз аурушаң, төсекке таңылған, ал анамыз күні-түні соның қызметінде. Амал жоқ үлкен әпкем қаладан майда-шүйде заттар әкеп, ауылдың орталық көшесінде сататын. Мектеп бітіретін жылы мен қатарға қосылып, екеулеп тірлік қылдық. Болар-болмас табыс түсетін, әйтеуір күнделікті қант-шайымызды ақтап тұрды. Арада екі жылдай уақыт өткенде ауданның орталығындағы базардан жай алып, порошок, сабын, жуынуға қажетті заттарды әкеп сата бастадық.


Ауылдан ауданға қатынап істеу бізге аздап қиындық туғызатын. Сол себепті әпкем арасында демалғысы келіп, «бүгін өзің сатып кел» деп мені жіберетін. Сондай күндердің бірінде мені танымайтын, өмірі көрмеген бір жігіт алып қашты. Ойбайладым да қалдым. Үш жігіт мені мал сияқты өңгеріп, бір ауылға күштеп апарды. Айқайлағаныңа да, басқаңа да қарайтын олар жоқ, басыма орамалды салып отырғызып қойды. «Менің күйеуім кім, көрсетіңдер» деп жылап ем, базарда бірге сауда істейтін әйел бір жігітті ертіп кірді. Сөйтсем менен бірнеше орын арыда сатушы боп істейтін апай інісіне айтып, алып қашқан екен. Сүмірейген інісін асырай алатынымды білсе керек.


Інісінің түр-әлпеті келіспей қалған, бойы бір тұтам, көзі тұздай, өзі қап-қара жігіт екен. Бір көргеннен жақтырмадым. Отызға жақындаса да үйленбей жүріп алғанын айтты, «жуас қой, содан қыздарға сөйлей алмай қалып қойған» деп жеңгелері әзілдеп күлген. Артымнан қуғыншы боп келген әпкем де басу айтып, «кіммен қарайсаң, сонымен ағар» деген бар, осы сенің бағың шығар» деп тастап кетті.


«Жуастан жуан шығыпты» деген рас екен, сүмірейген күйеуім келе-келе мені ұратын болды. Аяғым ауыр болғанына қарамайтын, уақтылы тамағы дайын болмай қалса, кірі жуылмай қалса қолына түскен затты бетіме лақтыра салатын. Бір күні қатты ұрысып қалдық. Астындағы кәдімгі томардан жасалған столды еш аяусыз сілтеп кеп жіберді. Отырған жерімнен мұрттай ұштым. Есімді жисам ауруханада жатыр екем, басымды таңып тастаған. Ішімдегі баланы да тастап қойыппын.


Ауруханада басымды күзеткен әпкем ол үйге қайтып бармайтынымды, ажырастыратынын айтты. Солай төркініме қайтып келдім. Қиын сәтте менің жанымнан табылатын жан – әпкем. Қашан да аялап, ақылын айтып, қайта аяққа тұруыма қатты көмектесті. Қайтадан базарға шықтым. Араға екі жыл салып тағы да тұрмыс құрдым. Бұл жолы сондай жақсы адам кезікті.


Бибол – екінші күйеуім, жанымды түсінетін, мені құрметтейтін адам еді. Көлік апатынан әйелі мен баласы қайтыс болған соң екі жыл бойына отбасын құрмаған екен. Ұзақ жүрмедік. Бір-бірімізді таныған соң бірден үйленуге шешім қабылдадық. Бірақ отбасын құрғанымызға жыл толмай ол кісі жол апатынан қаза болды. Осылайша өмір мені тағы да күтпеген жерден сынады. Бұл қаза маған өте ауыр тиді. Ұзақ қиналдым. Маңдайыма жазылғаны осы болғандықтан көндім.


Күйеуімнің қазасына көп өтпей төсек тартып жатқан әкеміз де шын дүниесіне аттанды. Бұл да бізге үлкен соққы болды. Тағы екі жылдан кейін әпкем өзімнен 20 жас үлкен бақуатты адамға тұрмысқа шығуымды өтінді. Бір ғана баласы бар екен, ол да өз шешесімен бірге тұрады. «Осы кісіден бала туып алсаң жаман болмайсың» деп ақылын айтты. Не істерімді білмей жүрген кезім, бірден келісімімді бердім.


Оқыған, біраз жыл университетте дәріс берген, атақты адам еді. Мені өте жылы қабылдады. Күні-түні қызметінде болдым, ол да мені сыйлап, тәп-тәуір екі жыл өмір сүрдік. Бірақ біздің ортақ сәбиіміз болмады. Бірінші күйеуім қатты соққыға жыққандықтан болар, менің бала көтеруім үлкен мәселе еді. Өкінішке қарай, 3 жылдан кейін ол кісі де бақилық болды. Жолдасымның көзі кете екі қарындасы мен бірінші әйелі «үйді босата ғой» деп талап қойып, мәдениетті түрде қуып шықты.


Бір емес, үш күйеуден қайтып келді деген ат кімге абырой әперсін? Қатты күйзелдім. «Неге маған жолаған адамдар өмірден өтіп кете береді» деп түсіне алмай, дал болдым. Тіпті «енді тұрмысқа шықпаймын» деп шешім қабылдадым. «Біріншісін менсінбей, екі күйеуінің басын жалмады» деп ауыл-аймақ түгел өсектеп кеткен соң әпкемнен рұқсат алып, Алматыға келдім.


Бұл жақта тағы бір азаматты жолықтырдым. Өзі мен сияқты сауда істейтін. Тағдырымды жасырмай айтып бердім. «Мен ондайдан қорықпаймын, үйленейік» деді ол. Ал мен ол ұсыныстан үзілді-кесілді бас тарттым. «Алдымен кездесіп, бір-бірімізді жақсы таниық» дедім оған.

Сөйтіп жүргенде аяғым ауырлады. Балалы болатынымызды естігенде жігітім «енді сенің ырымыңа да, басқаңа да қарамаймын, үйленеміз» деп қуанып, әке-шешесімен таныстырды. Солай кішігірім ас беріп, бас қостық. Айы-күнім жетіп баламды босандым. Мені перзентханаға апарып, ұлды болғанын есітіп, қуанып үйге келе жатқанда аварияға түсіп, күйеуім өмірден өтіп кетті.


Көргенімнің бәрі артта қалды-ау деп ұлымды иіскеп жатқанда мына жағдай маған өте ауыр тиді, бірақ ұлым үшін еңсемді тіктедім. Содан кейін тұрмысқа шықпаймын деген сөз бердім өзіме. Мен ұлы бар бақытты анамын. Жұрт не десе о десін, ендігі өмірімді балама арнаймын деп шештім.


Маған берілген сынақ осы болса, сынбай келе жатуым мықтылығым деп білемін. Бірақ, адамдар өз бастарына түспей өзгені түсінбейді. Менің осы тағдырымды оқып, мені танып отырған адамдардан ойланып сөйлеулерін сұраймын. Аузыңнан шыққан әрбір сөз бүгін болмаса да ертең ұрпағыңның тағдырына әсер етуі әбден мүмкін.