​«Жеңгесін көріп күйеуім шыдамады»: шымкенттік келіншек келін деген атқа лайық болу керек екенін айтты

0
1 293

«Жұмыстан шыға сала түнгі клубқа жүгіреді екен»


​«Жеңгесін көріп күйеуім шыдамады»: шымкенттік келіншек келін деген атқа лайық болу керек екенін айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Кейде тым жақсы, айналасына зияны жоқ, тіпті бар-жоғы білінбейтін адамдардың неге өмірде жолы болмайды, осы? Қайынағамның отбасылық өміріне қараймын да, осы сұраққа жауап таба алмай қиналамын. Ол кісі өте жақсы адам, бірақ әйелден жолы болмай жүр», - дейді Гүлсім есімді келіншек.


Бір отбасының ортаншы келіні боп, ата-енесінің ақ батасын алған оқырманымыз өзін мазалайтын мәселені ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Күйеуіммен мектеп бітіріп, университетке оқуға түскеннен дос болдық. Мінезі жайлы, қылтың-сылтың әңгімеден аулақ, не айтса да кесіп, бір сөйлейтін жігіт, маған да сондай адамдар ұнайтын. Дипломымызды алған жылы үйленеміз деп шешім қабылдадық.


Ердостың алдында үйленбеген ағасы болды, үш әпкесі тұрмысқа шығып кеткен. Бір інісі студент. «Ағаң тұрғанда сенің үйленуіңе рұқсат бермейтін шығар» деп ойланғам. Сөйтсе ата-енем «дер шағында, өзі қалап тұрғанда үйлендірейік, әйтпесе ағасы сияқты таңдап, жүріп қалар» деп батасын беріпті.


Ата-енеден, жалпы, келін боп барған жерімнен жолым болды. Анамның титтейімнен құлағыма құйғаны бар, барынша ізетімді жасап, ата-енемнің көңілінен шығуға тырыстым. Олар да еркелетіп, үйге келген кісілерге істеген әрбір майда-шүйде тірлігімді таудай етіп көрсетіп, мақтап отырды. Ата-анам қыдырып келсе де «осындай қыз тәрбиелеп, өсіргендеріңізге рахмет» деп айтып отырды. Бір жаққа шықса енем бір түйір кәмпит болса да «саған әкелдім» деп мәз қылып қоятын. Көңіл ғой бәрі, мен оған балаша қуанам.


Біздің баламыз жасына толғанда қайынағамыз үйленетінін айтты. Күні-түні Құдайдан сол кісінің бақытты болуын тілеп отыратын енем жүрегі жарылардай боп, дереу той-құдалықтың қамына кірісіп кетті. «Құдаларыңыз бір мекеменің бастығы, шешесі бір университетте сабақ береді» деп шет-жағасын ескертті. Бақуат тұратынын білдік. «Ойпырмай, біздің асып-тасып жатқанымыз шамалы ғой, ол жағы қалай болар екен» деп енем сөйлеп еді, атамыз тиып тастады. «Анасы мұғалім екен, мұғалімнің балалары жаман болар деймісің, екеуінің табысқанын айт, артық әңгімеңді тоқтат» деп ұрысты.


Бірақ тәтті шайына барып келгенде енем біртүрлі, қабағына қар жауып оралды. Енеммен құрбым сияқты сырласамын ғой. Шайын дайындап, әңгімені өзі бастасын деп күтіп отырдым.

«Қыз тым ерке екен, орысша тәрбиеленген бе, үлкен кісілер екен-ау деген жоқ, ернін жыбырлатып амандасты да, бетімізге бақырайып қарады. Имену, ұялу деген жоқ, қайдам енді...» деп күрсінді. Бірақ баласының көп қыздың ішінен таңдағаны сол болғасын, амал жоқ, тойын істеп, келін еттік.


Енемнің айтқанындай бар екен, абысынымның сұп-суық түрінен мен де тіксініп қалдым. Үлкен-кіші демей, ішіндегісін айтып салатын көкірек қыз екен. Қайынәпкелерім аң-таң боп, «Құдай ақырын берсін енді» деп тарқасты. Бауырының қалауы сол болғасын қайтсін енді...


Үлкен келін түскен соң бізді атамыз бөлек шығарды. Бұл кезде мен де баламды бақшаға беріп, жұмысқа шығып кеткем. Тек сенбі-жексенбі күндері үлкен үйге барамыз. Барғанда абысыным ғой деп иіліп сәлем салам, оны елеп жатқан ол жоқ. Бетіме тесірейіп бір қарайды да, өте шығады. Сосын мен де сәлем салмайтын болдым.


Келін боп түскеніне үш ай өтпей жатып абысынымның сыры ашылды. Қашан барсаң үйдің іші шаң-тозаңнан көрінбейді. «Келдіңдер ме, шай қояйын деген жоқ, бөлмесіне кіріп кетеді де, біз кетерде бір-ақ шығады.

Бір жолы енем «сенің қадірің өтті, мынау келін кей күндері тамақ та істемейді, аш жатамыз. Мына шалдан обал деп тамақты мен істеп қоямын. Оны жұмыстан келіп ішеді де, ыдысты да жумай кете салады» деп көзіне жас алды.

«Апа, онда біз келіп тұрайық» деп едім, «қой, есі кіріп, адам боп кетер, «жас келінді сыйдырмай, қуып шығыпты» деп ел өсектейді» деп біздің көшіп келуімізді қаламады.


Бірақ абысыным уақыт өте жұмыстан кеш қайтатын әдет шығарған. Күйеуіне де ескертпейді екен. Енем бір-екі рет ескерту жасаған екен, «жұмысыңыз болмасын, өзім білем» депті. Мына сөзді естіп енемнің қан қысымы көтеріліп, дәрігерлерді шақырып, үйдің іші абыр-сабыр болған. Енемді аяп кеттім, бірақ менің қолымнан келетін не бар?


Бір күні күйеуім жаңа жылды тойламақ боп әріптестерімен бір мейрамханаға барған. Сол жерде ішімдікке сылқия тойып алған жеңгесін көріпті. Тесірейіп қарап қалғанын әріптес жігіттер байқаса керек, «не болды, есің кетіп жатыр ма, бір көруге болады былай» деп күліпті. Жеңгесі екенін айтуға намыстанып, күйеуім үйге түтігіп келді. «Қой, араласпа» дегенімді тыңдамай, ертеңіге көрген-білгенін ағасына, ата-анасына жайып салды.


«Бауырымызға кірген сұр жылан болды ғой, баламның жуастығын пайдаланып тиген, бұған күйеу, отбасы емес, «күйеуге тиді» деген атақ керек болған екен» деді енем. Сөйтіп қайынағама жағдайды түсіндіріп, әйелден басын әрең ажыратып алды. Енді ол кісі үйленуден қорқып қалған. «Жалғыз өзім өмір сүре берем» деп отыр. Қартайғанда ата-енеме де қиын болды. Жақсы адамдарды бір шетінен қысып қояды деген осы екен-ау...»