​«Жетінші күні емшінің әйелі боп шыға келдім»: алматылық әйел бақытсыздығына әпкесі мен жездесін кінәлайды

0
1 554

«Менің өмірімдегі ең маңызды шешімді әпкем қабылдады»


​«Жетінші күні емшінің әйелі боп шыға келдім»: алматылық әйел бақытсыздығына әпкесі мен жездесін кінәлайды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Өмірімді өкісткен әпкеме деген өкпем қара қазандай. Жалпы, менің бүгін сіздерге хабарласып, өз өмірімнен сыр шертіп отыруымның басты себебі мынау: адам боп өмірге келдің бе, ешкім сен үшін шешім қабылдап, сенің тағдырыңа қатысты мәселелерге араласпауы тиіс екен. Кейінгі жастар осыны ұқсыншы, жүрегі мен ақылын тыңдап, өмірін сүрсінші деп өз оқиғамды баяндағым келеді», - дейді Халуа есімді алматылық әйел.


Туған әпкесінің айтқанымен жүріп, айдауына көнем деп бақытсыздыққа ұшырадым деген оқырманымыз болған жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Қазір жасым елуге таяп қалды. Жалғызбын. Не қызметтен, не күйеуден жолым болмады. Басқалар сияқты өзім үшін бала да туып алмаппын. Әйтеуір кеудесінде жаны бар, сүлдерін сүйретіп жүрген біреу сияқтымын.


Бала күнімнен әнші болуды армандадым. Сол баяғы Мақпал, Роза апайларға еліктеп өскен қыз едік қой, тоғызыншыны бітірген соң қалайда музыкалық училищеге оқуға түсем деп алдыма мақсат қойдым. Мектептегі ұстазым да менің талабымды қолдап, екі жыл тынбай дайындады. «Сені қабылдайды, таланттысың» деп сендіріп, желпіндіріп қойған. Ұстазыммен бірге құжаттарымызды реттеп, бүгін-ертең қалаға жолға шығам деп отырғанда үйге үлкен әпкем қыдырып келіп қалды.


Әке-шешем өте жуас, оқымаған жандар еді. Олар үшін қашанда бақуат тұратын үлкен қыздың айтқаны заң-тұғын. Ал әпкем менің көңілді жүргенімді, арманыма деген талпынысымды көре алмады-ау.

«Мына қыз ертең әртістің оқуына тапсырам деп отыр» деп, келгенің жақсы болды, ертең өзіңмен бірге ала кет, оқуына ертіп апар» деп шешем жағдайды ол сұрамай жатып баяндап тастады. Естіген жердем әпкем «Қыз баласын мектепті бітірмей жатып үлкен қалаға қалай жібересіздер? Қала – үлкен, бұзақы да, бандит те, нашақор да сонда. Бұл әлі бала ғой, ертең бірдеңеге ұрынса қайтесіздер? Астынан су шықты ма, мектепті ауылда бітірсін, сосын түссе де үлгереді» деп өз пікірін тақылдап отырып дәлелдеп, дегеніне жетті.

Әке-шешем менің екі жыл бойы дайындалып, училищеге түсу үшін күн-түн еңбектенгенімді біле тұра «үлкен әпкең білген соң айтады» деп бір сөзге келмей келісе салды. Жыладым, «мен оқимын, қалайда барамын» деп дер тоқпақтап отырмадым. Үнсіз ғана жылап, іштен тынып қала бердім.


Арада екі жыл зу етіп өте шықты. Әнші болам деген арманым әпкем кеткесін басылып қалды. Мұғалім болғым келді. Әншілікті менен біреу тартып ала ма, мұғалім боп та әнімді айта берем деп ойладым. Тағы да күндіз-түні дайындық, қиялмен оқушыларға сабақ беріп тастадым. Әке-шешем де менің шешімімді қолдады. «Мұғалім болған ұтылмайды» деп әкем қанаттандырып қойды. Тура сезгендей, дәл сол уақыттарда үйге әпкем мен жездем балаларымен қыдырып келгенін қарасайшы.


«Әй, сен университетте оқудың қанша тұратынын білесің бе? Мақұл, тегініне түсерсің-ақ, бірақ қазір сессияға бір биенің құнын сұрайды. Әке-шешеміздің жағдайы жетісіп тұр ма еді? Жүр, одан да мен сені кәсіптік училищеге түсірем. Бастығы біздің танысымыз, жақсы араласамыз» деді де, ай-шайға қарамай өздерімен бірге алып кетті. Әкем де, шешем де «Қой, баланың ынтасын жықпайық, мұғалімдікті оқысын» демеді.


«Ел қатарлы неге мен де университет есігін ашып өзімді неге бір сынап көрмедім, мүмкін түсермін, мүмкін түспеспін, сыныптастарымның тең жартысы кетті ғой» деген ойдан ішім өртеніп жатты. Бірақ оны тыңдайтын жан болмады.


Бұйырғаны осы шығар, мен келдім де жездем айтқан оқу орнына қабылдандым. Танысы болғасын түсірді де. «Болды, дипломды алып тұрмын деп есепте, барсаң да, бармасаң да бағаң қойыла береді» деп әпкем арқамнан қағып-қағып үйіне әкелді. Сөйтсем оның о баста жоспары болған екен, екіге әлі толмаған баласын маған бақтырып, өзі жұмысқа шықпақшы болған. Ақыры дегеніне жетті. Аптасына бір рет оқуға барып қайтам, қалған уақытта әпкемнің үйін жинап, балаларына қарап отырдым.


Диплом алған соң ауылға қайтқым келген. «Қайда барасың, осында қал, есіктің алдындағы дүкенге сөйлесіп қойдым, сол жерде сатушы боласың» деп жібермей қойды. Күндіз сатушы, кешке бала бағушымын. Әпкем мен жездем қалаған жеріне қыдырып, жандары кіріп қалды.


Бір күні аяқ астынан құсып, ауырып қалдым. «Ойбай, сен қызға көз тиді ме, сөз тиді ме? Жүр, мен сені бір емшіге апарып, оқытып жіберейін. Демі жақсы, біз барып тұрамыз» деп бір жерге апарды. Емші дегені менен оншақты жас үлкен отызға жете қоймаған жігіт екен. Мені көрді де емделмесем болмайтынын айтты. «Жеті күн оқимын» деп сендірді.

Әр барған сайын әңгімеге тартып, іші-бауырыма кіріп, жетінші күні кездесуге шақырды. Емшінің бұл ұсынысы маған ерсі көрінген. Болған жағдайды әпкеме айтып ем, «шақырса несі бар, жасың келді, басың бос, кездесіп көрсейші, ол да адам ғой» деп көндірді. Өзім де таза адам ғой, жеп қоймас деп кездесуге келістім.


Сол кездесуден кейін мен емшінің әйелі болдым. Ашуланғаныма да, басқасына да қараған жоқ. «Әпкең мен жездең мені таниды, бұл жағдайдар хабардар» деді де, басыма орамал салып, беташарды өткізіп тастады.

Емші күйеуіммен екі жыл отастық. Бұрын үйленіп, қызғаншақтығының кесірінен ажырасқан біреу екен. Екі жыл өмірім тозақта өткендей, тынысым тарылып, жиі талып қалатын ауру таптым. Бір күні әлгі үйден қашып кеттім. Енді қалсам өз-өзімді өлтіріп қоятын едім. Себебі күйеуімнің тірлігі адам төзгісіз еді.


Содан бері жалғызбын. Артымнан телефон шалып, іздеген күйеуім «Мен сені байлап, оқып тастадым. Енді сен өмір бойы жалғыз өтесің» деп қорқытқан. Шынында да солай болды ма, әлде Құдайдың маңдайыма жазғаны ма, сол жағдайдан кейін жігіт атаулыға жоламадым. Той-жиында болмаса, әпкемді де көрмеймін. Өмірімді өкісткен адамнан іргемді аулақ салғам. Қазір бір мейрамханада аспазбын, таң ата кіріп, түн жарымында шығам. Күнделікті қайталанып жатқан өмір...


«Балаларым болғанда ғой, олардың нені армандап, нені қажет ететініне қатты мән беріп, сырласып, көзімнен таса етпеуге тырысар едім. Қандай жағдай болмасын, кез келген жерде өз пікірін айтуға құқығы барын, өз мақсаты үшін күресе білу керек екенін үйретер едім деп армандаймын. Егер сіздің балаңыз болс, оның арманын ақсатпаңыз, бетінен қақпай, керісінше белін буыңыз дегім келеді».