​«Бауырларымның арасында бірлік жоқ»: түркістандық бойжеткен әпкесіне деген ренішін жеткізді

0
728

«Біз салып берген үйді бізден қызғанды»


​«Бауырларымның арасында бірлік жоқ»: түркістандық бойжеткен әпкесіне деген ренішін жеткізді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Бір-бірі үшін жанын беріп, сөзін сөйлеп, біреуіне көмек керек болса қоғадай жапырылып жұмысын істеп беретін бір туған бауырларды көргенде қатты қызығам. «Олардың ата-анасы тәрбиені қалай берді екен» деп ойлап қалам. Себебі бізде бір-бірімізге мейірім жоқ, көп болсақ та басымыздың қосылуы қиын. Бір мәселе туындаса бірі анда, бірі мұнда тартып, ортақ келісімге келе алмай, ақырында ұрысып тынады», - дейді Жұлдызай есімді бойжеткен.


ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан оқырманымыз алты баланың ең кенжесі екен. Төркініне деген өкпе-назын тілшімізге тарқатып айтып берді.


«Папам мен мамам бізге жаман тәрбие берді деп айта алмаймын. Қай ата-ана балаларының жаман болғанын қалайды дейсіз. Сол заманның ағамымен біріміздің кигенімізді екіншімізге киіндіріп, бұйырғанын ішкізіп-жегізіп өсірді. Екеуі де күні-түні еңбек етіп, үй бетін көрмейтін. Бізге әкемнің анасы бас-көз болды. Көзі көрмесе де аузымен бәрімізді бақылап, үлкендерімізге бізді қарауға тапсырма беріп отыратын. Басқа бауырларымның арасындағы хикаяны айтып, бастарыңызды қатырмай-ақ қояйын. Соңғы, жездеммен болған жағдайды айтқым келеді.


Ең үлкен әпкем өзіміздің ауылға келін болды. Көшенің басында тұратын көрші атаның қызы күйеуінен ажырасып келіп, ұлын төркініне тастап, екінші мәрте тұрмысқа шығып кеткен тұғын. Сол жиен баламен әпкем мектеп кезінен жақсы араласты. Ақыры екеуі үйленді.


Жездеміздің нағашыларының жағдайы жоқ-тұғын. Үйтіп-бүйтіп той-томалағын өткізді де, тура біздің үйдің жанындағы бос тұрған үйді жалға әперіп, сонда отырғызып қойды. Сол күннен бастап екеуінің ас-ауқаты папамыздың мойнында. Көрші отырған соң қол қусырып отыра алмайды, қой сойса да, қазан асса да жартысын Жазираның үйіне арттырып жіберетін.


Мен де өсіп, жетіліп, Шымкентке оқуға түстім. Өзім бірінші курста оқимын. Ауылға деген сағыныштың желдей есіп тұратыны белгілі, апта сайын алып-ұшып тартып отырам. Солай бір аптаның демалыс күндері үйге асығып жетсем үйдегілер тойға дайындалып, алып-ұшып жатыр екен. Жаңағы әпкем мен жездеме әкеміз көршісінің жалға беріп отырған үйі мен жерін сатып әперіп, үлкен үй тұрғызуға көмектескен. Ертеңіне соның қоныс тойын тойлауға ниет етіпті.


«Сен қыз отыра бермей әпкеңнің үйіне бар, көмектес» деп мамам мені сонда жұмсады. Дастархан дайындасуға сол үйге бардым. Кішкентай балалардың әдеті ғой, менің қаладан келгенімді таңсық көріп, сағынып, ағамның үш баласы менімен еріп барды. Өздерінің кішкентайлары бар, үйдің ішінде асыр салып ойнап жүрген. Сол сәтте жездем үйге кіріп келді де, «Жап-жаңа үйдің топалаңын шығармай, бәрің далаға шығыңдар» деп балаларға жекіп, ұрысты. Ағамның ең кішкентай қызы менің жанымда «Шықпаймын, әпшемнің қасында отырам» деп маған қарай ентелеп келе жатыр еді, жасы елуге таяп қалса да ақылы кірмеген есерсоқ жездем кіп-кішкентай қызды басынан бір ұрып, сыртқа сүйрей бастады.


Анау көрініске үндемей, шыдап отыра алмадым. Қатты ашуланып, істеп отырған тірлігімді тастадым да, кішкентай сіңлімнің артынан жүгіріп шықтым. Тура сол сәтте далада қатты жел тұрып тұрған, мен шыққан кезде жездемнің жап-жаңа үйінің темір есігі желмен тарс етіп жабылды. «Қап, менен көретін болды ғой» деп ойладым, бірақ әлгі ашумен артқа қайтпадым. Далада ойнап жүрген кішкентай балаларыды жетектеп, үйге қайтып кеттім.


Күн кешкіріп қалған, еркектер жағы малдың соңында, мамам сиыр сауып, бәрі сыртта жүрген. Бір кезде қап-қара боп түтігіп жездем кіріп келіпті. Келе сал маған бас салды. «ей, менің жап-жаңа үйімнің есігін неге қатты жабасың?! Қандай ақың бар?!» деп айқай салды. «Істеген тірлігіңді міндет қылма, өз балаларың емес, неменеге анау боқмұрындардар үгін күйіп-пісіп отырсың» деп дікеңдеп, мені білегімнен ұстап жұлқып-жұлқып жіберді.


«Неге кішкентай қызды қуып шығасыз, үйіңізді көтеріп әкетпейді ғой» деп айқайладым. «Ей, сол үйді саған кім салып берді...» деп бірталай нәрсе айтқым келіп еді, өзімді әрең ұстадым. «Көргенсіз» деп иығымнан қағып өтіп, үйіне қайтып кетті. Ауа жетпей, үйден далаға атып шықтым. Сөйтсем есіктің алдында оқтау-тақтай сұрап әпкем жүр. Біздің ұрысымызды естімеуі мүмкін емес, маған біртүрлі, кінәлі көзбен қарап, дереу жанарын тайдырып әкетті.


Ертеңіне үйдегілерге үндемей, сабағымды сылтауратып қалаға кетіп қалдым. Бірақ ағамның есі кіріп қалған баласы жездемнің мені ренжіткенін айтыпты. Сөйтсе әпкем «Өзінен де бар, мінез көрсетіп, есігімізді қатты жапты» деп күйеуінің сөзін сөйлепті. Содан бері он айдай уақыт өтті. Осы уақыт ішінде көрші тұратын әпкемнің үйіне ат ізін салмадым. Бір рет жездем түк болмағандай амандасып жатыр еді, тыйып тастадым. Әпкеммен салқын ғана амандастым.


Жездемнен гөрі әпкеме деген өкпем қара қазандай. Неге сонда көз алдында сіңлісін табалатып қарап тұрды деп әлі күнге ойланам. Жездемді көрсем, амандаспай, емеурін де білдірмей ешқашан танымаған адам сияқты қасынан өтіп кетем. Ішім жылымай-ақ қойды. Бір туған бауырыңмен осылай араңның суып кеткені жанға батады екен. Бұл өкпенің қашанға дейін жалғасатынын...»