​Энергетика блоктарын шешудің ЕҢ ТИІМДІ тәсілі

0
2 724


​Энергетика блоктарын шешудің ЕҢ ТИІМДІ тәсілі

фото: i10.fotocdn.net

Бүгінде энергетикалық блок дегеннің не екенін бәрі білсе керек. Тым болмағанда бұл туралы естіген болар. Өйткені әлеуметтік желілерде психолог-коучтар энергетиканың адам өмірі үшін маңыздылығын жиі айтып жүр.

Энергия мен энергетика мағыналас, қарапайым тілмен түсіндірсек, энергия – күш қоры болса, энергетика – қуат. Жалпы, энергетиканың болкталуы ең бірінші эмоцияны ноқталап ұстап, іште жинағаннан болады екен. Ал энергетикалық блоктары ашық адамдар көңілді жүреді, жолы болғыш, іздегені алдынан табыла кетеді және кез келген проблеманы оңай еңсереді.


Олай болса, энергияны блоктауды доғарыңыз. Ол үшін эмоцияны сол сәтте қорытып тастауға әдеттеніңіз. Иә, энергетиканы блоктардан шешудің де ең тиімді тәсілі – эмоцияны қорыту. Бұл – бастан өткеру, сезіну, нақты шешімге келу, аяқтау. Эмоцияны қорыту әлі де түсініксіздеу болып жатса, бірер қарапайым мысал келтірейік.



1. Бір жеріңізді ауыртып алдыңыз ба? Ойбайлаңыз, ыңырсығыңыз, айқайлаңыз, тіпті жылап алыңыз. Айналамдағы адамдардан ұят болады деп, тістеніп ауырсынуды білдірмей әуреленбеңіз. Қайғылы жағдайға душар болдыңыз ба, қыстығып емес, даусыңызды шығарып, айтарыңызды айтып жылаңыз. Ата-бабамыздың жоқтау және сыңсу салты – эмоцияны түгел босатудың бір түрі. Сыңсу мен жоқтау адамның ішіндегі сағынышын, күйінішін, басқа да эмоцияларын жан мен тәнге салмақ салмай сыртқа шығарып тастайтын ең жақсы жол.

Сондықтан, тәніңіз немесе жаныңыз ауырса жұрт көзінше ұялсаңыз, оңашада отырып әндетіп өз-өзіңізбен сырласып, қалауыңызша жылап алыңыз.



2. Сүйінші естідіңіз бе, қуанышты хабар жетті ме, алайқалаңыз, секіріңіз, билеңіз. Қатты қуанғанда тағы не істегіңіз келеді, тәніңізге, сезіміңізге ерік беріңіз.



3. Жақсы-жаман эмоцияның бәрін бастан өткізу. Яғни, ұмытуға тырысып, фокусты басқа жаққа бұрмай, оқиға болған сәтте тәннен, жаннан өткізу, сонда ғана ол сізді іштей мүжімейді.

Мысалы, баласынан айырылған немесе жарымен ажырасқан адамға жақындары «Көңіліңді аулайын, ойыңды басқа нәрсеге бұрайық, қыдырып қайтайық», «Жұмысқа шық, күніңді тек жұмысқа арна, сонда қайғың сейіледі» деп жатады. Ал психологтар бұл қате дейді. Кез келген психологиялық жарақат, ауырлық көңілді басқа жаққа бөлумен жоғалып кетпейді. Ол эмоциямен ғана шығады екен. Қайғыру, өкіну, уһілеу, күрсіну сияқты эмоцияларды сол мезетте «қорытып» тастаудан қорықпаңыз.



4. Аяқтау. Кез келген істі де, эмоцияны да аяқтай білу керек. Ойға алған, яғни жоспарлаған істі «Әне, істеймін. Міне, істеймін» деп кейінге ысыра беру, біреуге уәде беріп орындамау да адамның қуатын соратынын білсеңіз керек. Сол сияқты аяқталмай қалған сезім энергетиканы блоктайды.

Мысалы, бойжеткен бір жігітті жақсы көрді делік. Ессіз ғашық болды, сүйді. Бір жылдан соң немесе алты айдан кейін жігіт «Осы жерден тоқтатайық» деп жоғалып кетеді. Немесе ренжіп, телефон нөмірін өзгертіп жібереді. Қыз «бір күні кеп қалар» деп күтеді, сондықтан да басқа жігіттермен байланыс құра алмайды. Өйткені ол жігітінің нақты келетінін не келмейтінін білмейді. Егер жігітпен ашық сөйлесіп, оның байланысты үзудегі себепті білсе, қыз нүкте қойып, басқа таныстықтарға жол ашар еді.

Сол сияқты қарым-қатынасты, жұмыстарды аяқсыз қалдыру энергетика жолын бітейді. Аяқтау үшін нақты шешім келіп «жоқ» деп айту да кейде жеткілікті. Мысалы, үш жылдан бері ағылшын тілін үйренем деп жүрсіз бе, бірақ әлі үйренуге әрекет жасамадыңыз ба «Үйренбеймін, ағылшын тілі маған қажет емес» деп бір шешімге келіп, бұл ойға нүкте қойыңыз.



5. Дұрыс демалу. Адамның энергия қоры оның жамбасында орналасқан екен. Сондықтан адам өмірі – ананың жамбасынан басталады. Аналық ұрық, аталық ұрық та сол жамбаста. Тегіс жерде аяқ (арасын ашып) пен қолды денеге тигізбей шалқадан жату энергетикалық блоктарды ашады дейді чакролог мамандары.

Адам жүргенде энергия жерге таралады екен де, ал шалқадан жастықсыз жатқанда жамбастағы энергия қоры бүкіл тәнге жайылып, қуаттандырады. Сондықтан түнде шалқадан әрі жастықсыз жатуға үйренген дұрыс. Немесе өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, қатты шаршап тұрсаңыз, шалқадан жатып 10 минут демалып алуға болады. Тез қуаттанасыз.



Есте ұстаңыз: Қорытылмаған эмоция бұл – фильмнің барлық сериясын көрмеу, романды ортасына дейін ғана оқу сияқты. Жұмыстан, басқа шаруалардан кітап оқуға, кино көруге уақытыңыз болмаса да ойыңыз еріксіз «Ары қарай не болады екен?», «Қалай аяқталады?», «Бас кейіпкер соңында өлді ме, тірі қалдыма?» деген сияқты сұрақтарға орала береді. Ал ойдың бір нәрсені айналшықтап алуы энергияңызды басқа арнаға бұрмай, бөгет болады.

Сондықтан да бәрін аяқтап немесе «ол енді маған керек емес, қызық емес» деп нүкте қойып үйренгеніңіз абзал.

Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


«Ментальды таңғы асты» ішуді ешқашан ұмытпаңыз!


«Жайлы аймақтан» қалай ОҢАЙ шығуға болады?