Бала неге өзін "КЕРЕКСІЗ" сезінеді? Қандай жағдайда?

0
5 193

"Керексіз адам" - олар кімдер?


Бала неге өзін

Психологияда «керексіз адам», «баз кешілген жан» деген түсінік бар. Өзін керексіз, пайдасыз сезіну санаға жазылып қалса, ол адамның өмірінде түрлі қиындықтар міндетті түрде ұшырасады. Осындайда көкейде сауал туындауы да заңдылық.


* Жасанды түсік арқылы өмір есігін ашпаған сәбилер. Ана қандай да бір себеппен жүктілікті жасанды жолмен үзеді. Анықтап айтқанда, жоспарланбаған жүктілік.

* Ата-ананың қалауы бойынша туылмаған сәбилер. Яғни, ұл күткен ата-ана қыз баланы дүниеге әкелсе немесе керісінше. Бұл іште жатқан шаранаға құрсақта жатқаннан-ақ өз кесірін тигізеді.

* Тастанды балалар. Бұл түсінікті, ата-анасына керексіз болып, балалар үйіне қалдырылған балалар.

* Қиянатты кешіре алмағандар. Яғни, ата-анасының ажырасып, бірі басқа отбасын құрған, нәтижесінде ата-ана мейірімі мен махаббатына шөлдеген балалар. Мұны үлкендер «өмірдің жалғасы, солай болуы тиіс» деп ұқса да балалар үшін «ата-анам менен бас тартты, өз бақытын ғана ойлады» деген ой қалыптастырады. Бала үшін бұл келешек өміріне кесірін тигізеді.



Өмірлік мысал

Бір-бірін сүйген жастардың махаббаты отау құруға дейін жалғасты. Арада көп уақыт өтпей-ақ жас отбасында тұңғыш сәби іңгәлап дүние есігін ашты. Бірақ, бақытты отбасының ғұмыры келте болды. Балақай бір жастан асқанда ата-анасы бір себептермен ажырасты. Отағасы басқа әйелді ұнатып қалғанын айтып, жаңа өмір бастайтынын негіз ете отбасын тастап кетті. Ал, әйелі баласымен жалғыз қалды.

Біршама уақыт өтіп, әйел де тағы да отбасын құрды. Әйелге жалғыз болу қиын екендігіне дау айтпаймыз, дегенмен, баланың санасында «мен ешкімге керек емеспін» деген ой сол кезден бастап қалыптасты.

Анасы тағы да ұл-қыз сүйді. Тұңғышы есейіп, қалада жұмыс істеуді, өз өмірін қалыптастыруды көздеді. Тағдырдың жазуымен ол әкесінің кәсібіне жақын мамандықты таңдады. Анасы ұлының таңдауына қарсылық білдірмеді. Өз күшімен өзін дәлелдеуге тырысқан жас жігіт қаншама қиындық көрсе де мойымай аяққа тұрды. Оқыды, жұмысқа тұрды. Үй сатып алды, көлікті де болды. Өмірден өз орнын тауып, тұрақтылыққа қол жеткізген соң, үйленді де. Жұбайы оған шекесі торсықтай ұл сыйлады. Ұлы да жасынан асқанда ерлі-зайыптылар болмашы себептерге бола ажырасуға шешім қабылдады.


Куә болғаныңыздай, ұлы да әкесінің өмірін еріксіз түрде қайталап отыр. Неге бұлай? Сұрақ туындайды.

«Өгей әкенің қолында есейген, әкесіз өсудің қиындықтарын да бала кезінен білетін, өз өмірін жолға қою үшін қиындықтарға қарамастан, барлығын жеңе білген, бақытқа қол жеткізуге талпынған ақылды жігіт өз баласына да өзінікіндей өмірді лайық көрді ме?». Неге ол «менің балалық шағымнан бері татып келген өмірдің ащы дәмін ұлым сезбесін» деп кешірімді болуға, отбасын сақтап қалуға болмас па еді?» деген сұрақ әрбіріміздің көкейімізде тұр.

Оның себебі біреу-ақ. Өйткені, оның бала күніндегі тап-таза санасына «менен әкем бас тартқан» деген сөз өшпестей болып жазылып қалған. Сол санадағы таңба есейгенде де көрініс береді. Ес тоқтатып, ақыл кірген шағында «менен бас тартқан, мен де бас тартамын» деген ойды ол ойламаса да бейсаналы түрде оның өмірінде жүзеге асатыны психологияда дәлелденген.

Бала үлкендердің өзара қарым-қатынасын, мәмілелерін түсіне алмайды. Ата-анасы ажырасқан балада «мен жаманмын, сондықтан олар мені тастап кетті» деген мазмұнда өзін керексіз сезіне бастайды. Есейген шақта да бірдеңеден көңілі қалып, қатты наразы болғанда осы ой үнемі санада жаңғырып отырады.

Гүльвира ЖҰМАДІЛДАЕВА,

ERNUR.KZ

Тағы оқи отырыңыз:

КЕКшіл жансыз ба? ӨЗГЕРгіңіз келе ме? (тест)

КӨЗдің орналасуына қарап адамның БОЛМЫСЫН біле аласыз ба?