​ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ: «ЕЛДІҢ БІРЛІГІ МЕН ЫНТЫМАҒЫН САҚТАУ – БІЗГЕ ЖҮКТЕЛГЕН ЕҢ БАСТЫ МІНДЕТ»

0
476

Азаматтардың ұлтына, тіліне, түріне қарап бөлінуіне жол берілмей, жүйелі жүргізілген мемлекеттік саясаттың арқасында қоғамдық келісім еліміздің басты тұғырына айналды.


​ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ: «ЕЛДІҢ БІРЛІГІ МЕН ЫНТЫМАҒЫН САҚТАУ – БІЗГЕ ЖҮКТЕЛГЕН ЕҢ БАСТЫ МІНДЕТ»

ERNUR.KZ. Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тірегіміз – тәуелсіздік, байлығымыз – бірлік, мақсатымыз – өрлеу» атты V сессиясы өтті.

Жиынға ҚХА Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, қалалық ҚХА мүшелері, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Тәуелсіздік жылдары еліміздегі сан алуан этнос өкілдері бір шаңырақ астына топтасып, ырысты ынтымақ жолын таңдады. Азаматтардың ұлтына, тіліне, түріне қарап бөлінуіне жол берілмей, жүйелі жүргізілген мемлекеттік саясаттың арқасында қоғамдық келісім еліміздің басты тұғырына айналды.
Қала әкімі өз сөзінде қоғамда тұрақтылық пен этносаралық татулықты сақтаудағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына тоқталды.
«Қалалық Ассамблея алдында сан-қырлы міндеттер тұр. Қоғамдағы этносаралық татулықты, өзара сыйластық пен түсіністікті қалыптастыру, ұлтына, дініне қарай ерекшеленуге, оқшаулануға жол бермеу, игі істерге атсалысу және тағы басқа міндеттерді атқарып келеді. Жасыратыны жоқ, қоғамда Ассамблеяға қатысты түрлі пікірлер де айтылып жүр. Баршаңызға белгілі, Қазақстан халқы Ассамблеясы – ел бірлігін нығайтуға қызмет ететін бірегей институт ретінде елімізде өмір сүріп жатқан барша этносты бір арнаға ұйыстырып отыр. Ассамблея жүргізіп отырған мемлекеттік этносаясаттың нәтижесінде қоғамда тұрақтылық пен этносаралық татулық берік орныққан», - деді қала әкімі.
Шымкенттіктер тасқын судан зардап шеккен өңірлерге қол ұшын созуда да белсенділік танытты. Игі іске Ассамблея белсенділері де үлес қосты.
Сессияның күн тәртібі бойынша бірнеше азамат жарыссөзге шықты, сонымен қатар бірқатар белсенділер Қазақстан халқы Ассамблеясының наградаларымен марапатталды.
Бүгінде қалада 17 этномәдени бірлестік пен ҚХА жанындағы 7 құрылым жұмыс істейді. Жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат аясында жұмыс істейтін белсенділердің әлеуеті қоғамдық келісімді сақтау, қазақстандық патриотизмді дәріптеу бағытындағы жобаларға жұмылдырылған.