​ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Шымкентке жұмыс сапарымен келді

0
764

Жұмыс сапарының негізгі мақсаты — ҚР Президентінің Халыққа арнаған Жолдауын түсіндіру, полицияның сервистік модель бойынша қызмет көрсетуін кеңейту.


​ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Шымкентке жұмыс сапарымен келді

Бүгін Ішкі істер министрінің орынбасары Ержан Сәденов Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшылығы және жеке құрамымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Жұмыс сапарының негізгі мақсаты — ҚР Президентінің Халыққа арнаған Жолдауын түсіндіру, полицияның сервистік модель бойынша қызмет көрсетуін кеңейту.

Еске сала кетейік, сервистік модель негізінде полиция қызметін қалыптастыру және дамыту жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көрсетілген тапсырмаларға сәйкес жүргізілуде.

Жиын барысында ІІМ-нің орынбасары Ержан Сапарбекұлы құқық тәртібі саласындағы мәселелерді бірлесіп анықтау және шешу үшін ішкі істер органдары қызметкерлерінің азаматтармен тиімді әріптестік қарым-қатынас орнатуына назар аударды.

«Полицияның мемлекеттік күштік құрылымындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналады. Полицейлер жұмысының тиімділігі полиция қызметінің беделді болуына байланысты», - дейді Е. Сапарбекұлы.

Сондай-ақ, генерал-майор сервистік полиция, ең алдымен, мемлекеттік орган жұмысының «қадамдық» қолжетімділігін, ашықтығы мен нәтижелілігін қамтамасыз етуге бағытталғанын да атап өтті.

Кездесу соңында тәртіп сақшыларын Жаңа Қазақстанды құру жолында халыққа адал қызмет етуге және халықтың сенімін ақтау мақсатында аянбай еңбек етуге шақырды.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 20 сәуірінен бастап Шымкент полициясы құқық бұзушылықтарға жедел әрекет ету мақсатында республика бойынша алғашқы болып "қорғау" бағдарламасын пайдалана бастады. Бір тәулік ішінде патрульдік полиция полкінің қызметкерлері "қорғау" бағдарламасының көмегімен әртүрлі бұзушылықтары бар 70-тен астам автокөлікті тіркеді, олардың ішінде 18-і жалған нөмірлермен.