Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы «Шымқала кештері» атты мәдени шаралар циклын жалғастыруда.
17 тамызда қала тұрғындары үшін үш түрлі алаңда – «Арбат», «Шымсити» саябағы және Сайрам тұрғын алабындағы «Наурыз» саябағында концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.
Бұл жолғы «Шымсити» демалыс саябағында өткен «Шымқала кештері» концерті Шекарашылар күніне арналды. Сахнада «Шымкент концерт» концерттік ымының әншілері мен Түркістан облысының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі департаментінің өнерпаздары патриоттық әндер орындады. Іс-шара шекара қызметшілеріне құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылды.
Сайрам тұрғын алабындағы «Наурыз» саябағында өткен кеште Шымкент қалалық Өзбек драма театры мен бірлескен Өзбекстан Республикасының Юсуфжон Шакаржонов атындағы өнер ұжымының әзіл-сықақшылары мен сатира саңлақтары өнер көрсетті. Қойылымдар жиналған көпшіліктің көңілін көтеріп, күлкіге кенелтті.
«Шымқала кештері» концерттік іс-шарасы 27 шілдеден бастап ұйымдастырылып келеді және бұл мәдени шараның қаладағы төртінші кезеңі болды. Әр сенбі сайын өткізілетін бұл шаралар жаз мезгіліндегі мәдени демалысты тиімді ұйымдастыру мақсатында қаламыздың түрлі нүктелерін қамтуда.
Бұл мәдени кештер қала тұрғындарының жазғы кештерін ерекше әрі қызықты етіп өткізуге мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да іс-шаралар шеруін жалғастыруды жоспарлап отыр.