Еліміздегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында.
Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен "Көрме" орталығында халықты ерте пісетін көкөністермен қамту мәселелеріне арналған аймақтық форум өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Оған Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің төрағасы А.Әбілдабеков, Ауылшаруашылығы министрлігінің департамент директорының орынбасары Ш.Ахметов және QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы өкілдері мен салалық басқармалар қызметкерлері, өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары мен сауда желілерінің өкілдері қатысты. Ашық диалог алаңында тауарлардың бағасын тұрақтандыру тетіктері қарастырылып, өңірлерді сапалы өнімдермен қамтуда өзекті мәселелер талқыланды.
Айта кету керек, Шымкент Қазақстанның кәсіпкерлік орталығы болып табылады. Әлеуметтік-экономикалық даму оң серпінді сақтап отыр. Қаланың ішкі тауар айналымы 14% -ға өсіп, 2,4 трлн теңгені құрады. Саудаға инвестиция тарту жоспары екі есеге артып, 88,5 млрд теңгені құрады.