Шымкент еліміздегі 50 пайыз вакцинацияланған алғашқы қала

0
773

Қазіргі таңда қалада 45 бекетте вакциналау жұмыстары жүргізіліп жатыр.


Шымкент еліміздегі 50 пайыз вакцинацияланған алғашқы қала

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

Шымкент қаласында пандемияға байланысты құрылған жедел штабтың кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жиында ковидке қарсы іс-қимылдың нәтижелері мен вакциналау мәселелері талқыланды.

Шымкент қаласы эпидемиологиялық жағдай бойынша «қызыл аймаққа» өтті. Үш күн бойына қалада ковид инфекциясын жұқтырған азаматтардың саны 100-ден жоғары болып отыр. Осыны негізге алған қала әкімі Мұрат Әйтенов карантиндік шектеулердің орындалуын қатаң бақылауды тапсырды. Сонымен қатар, екпе салдыру мәселесінде тұрғындар арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді сала мамандарына міндеттеді.
Қазіргі таңда қалада 45 бекетте вакциналау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтқан денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары А. Бекбауова коронавирусқа қарсы вакцина салғандардың саны 50 пайыздан асқанын мәлім етті.
«Қалада 536000 адам инфекцияға қарсы екпе салдыру қажет болса, бүгінгі таңда бірінші компонентпен 267 595 адам егілді. Бұл вакцинация жоспарының 50% құрайды. Осы көрсеткіш бойынша Шымкент қаласы Қазақстанның басқа өңірлерінің көшбасшысы болып табылады», - деді А.Бекбауова.
Вакцина салу бойынша Шымкент «жасыл аймақта». 1 шілдеге 3500 адамға екпе егу жоспарланып, нәтижесінде 4373 адамға вакцина салынған.
Бүгінде қала әкімдігі жанынан ашылған call-center тәулік бойы жұмыс істеуде. Қаладағы бизнес субьектілері үшін «Ashyq» жобасы іске енгізілді. ASHYQ жобасына қосылған бизнес субьектілері саны – 676. Берілген өтініштер – 1182.
Сондай-ақ, жиында мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, тиісті салаларда жұмысқа рұқсат беруді шектеу бойынша жауапты мемлекеттік органдар тарапынан бақылауды күшейту, халықты вакцинациялаумен неғұрлым кеңінен қамту үшін мотивациялық факторды күшейту бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды.