Шымкент пен Франция арасындағы қатынас нығая түспек.
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэмен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған кездесуде тараптар аймақтың экономикалық дамуы мен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі жетілдіру бағыттары жайында әңгімелесіп, шаhар басшысы Қазақстан мен Франция арасында түрлі салада тығыз байланыс орнап, дамығанын тілге тиек етті.
Сондай-ақ, басқосуда Е.Айтаханов қазіргі таңда өңірімізде инвесторларға қолайлы жағдай жасалынып отырғанын еске салып, Шымкент қаласының Франциямен түрлі салада қарым-қатынасты дамытуға мүдделі екенін атап өтті.
«Біз француздардың қаншалықты саяхатқа құмар халық екенін жақсы білеміз. Осыған орай Сіздерді келер жылы қаламызда дүбірлі етіп атап өткелі жатқан іс-шараларға шақырамын. Атап айтар болсақ, Шымкент 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болады, оған қоса әлемдегі «екінші ұстаз» Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен ұлы ақынымыз Абайдың 175 жылдығы да жоғары деңгейде тойланады. Туристер үшін таптырмас іс-шаралардың қадірлі қонағы болыңыздар. Бүгінде Шымкент – мегаполис қала. Осыған байланысты біз кез келген сала бойынша Францияның инвесторларына қолайлы жағдай жасай аламыз. Экономикалық, мәдени байланыстарымызды одан әрі өрбіткіміз келеді. Халықтың танымын арттыру мақсатында Францияның Шымкенттегі кино апталығын да ұйымдастыруды ұсынамын», - деді қала басшысы.
Сонымен қатар, жиында Франция елшісі қаланы цифрландыру, көлік қозғалысын жеңілдету және қауіпсіздік шараларын жақсарту бойынша IDEMIA француздық компаниясының «Safe city/Қауіпсіз қала» атты жобасымен таныстырды.
«Бүгінгі қоғам өте қарқынды дамуда. Оған ілесіп отыру заман талабы. Ал, көштен қалмай қарым-қатынасымызды нығайту үшін біз бір-біріміздің тілдерімізді жетік білуіміз қажет. Ғылым саласында және университеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуымыз керек», - деді Ф.Мартинэ.
Ал, кездесу соңында тараптар «Франкофония көктемі» аясында Шымкент қаласында француздық гастрономиялық фестивалін өткізуді жоспарлап, Шымкент пен Франция арасында өзара тиімді инвестициялық, сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық әріптестікті дамытуға сөз байласты.
дереккөз: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі