Шымкент қаласының көлік инфрақұрылымында жол қозғалысын реттеу мақсатында кешенді шаралар жүзеге асырылуда.
Темірлан тас жолы мен Бәйдібек би көшесінің қиылысын Алпысбаев көшесіне қосу арқылы көлік кептелісін азайту жоспарланған. Жоба аясында - 56 түп ағашты кесу, инженерлік желілердің орнын ауыстыру және жер телімдерін мемлекет меншігіне алу қарастырылған. Жобаның болжамды құны 600 миллион теңгені құрайды.
Алайда, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бұл жобаны қайта қарап, жасыл желекті сақтау мен бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында тиімді шешім қабылдады. Құны 45 миллион теңге болатын жаңа жоба бойынша, жолдың белдеуін бұру арқылы көлік қозғалысын реттеу жүзеге асырылды. Бұл шара жасыл желекке зақым келтірмей, қаладағы экологиялық тепе-теңдікті сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Жөндеу жұмыстары барысында жол таңбалары сызылып, жиек тас орнатылды. Сонымен қатар, жаңа аяқ жол салынып, жарықшамдар орнатылды. Оң жақ өткел қосымша жолағымен кеңейтіліп, көлік қозғалысы үшін қолайлы жағдай жасалды.