ШЫМКЕНТ: Конгресс-холл жыл соңына дейін пайдалануға беріледі

0
631

Құрылысқа 200-ден астам жұмысшы, 20 техника жұмылдырылуда.


ШЫМКЕНТ: Конгресс-холл жыл соңына дейін пайдалануға беріледі

Шымкент сити шағынауданында Конгресс-холл бой көтеріп келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов нысанда атқарылып жатқан құрылыс барысын қадағалады. Қазір мұнда әрлеу, ауланы абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылысқа 200-ден астам жұмысшы, 20 техника жұмылдырылуда.
5 блоктан тұратын 3 қабатты, ғимаратта 2066 орындық көрермен залы, 190 орындық конференц-зал, 80 орындық салтанат залы, 40 орындық баспасөз орталығы, 148 орындық асхана қарастырылған.
Заманауи талапқа сай бой көтеріп келе жатқан нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Көп салалы орталық ретінде іске қосылатын ғимаратта халықаралық конференциялар, фестивальдар мен концерттік бағдарламалар, өзге де ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.
Қала әкімі сала мамандарымен бірге бұл нысанның құрылыс қарқынын бірнеше рет тексеріп, оң бағасын берген-ді. Мұндағы құрылыс жұмыстары қызу, бекітілген кестеге сай атқарылуда.
Жұмыс барысын пысықтаған Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға ғимараттың талапқа сай жабдықталуын бақылап, құрылыстың сапалы атқарылуын қадағалауды тапсырды.
Сондай-ақ, шаһар басшысы үшінші мегаполисте мәдениет ошақтарының санын арттыра отырып, олардың құрылысы әлемдік тәжірибеге сай жүргізілуі керектігін атап өтті.
Айта кетейік, Шымкентте жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлер, жаңғыртылатын және күрделі жөндеуден өтіп жатқан обьектілердің сапасына бақылау күшейтілді. Қазіргі таңда қала аумағындағы құрылыс сапасын бақылау бойынша техникалық қадағалаушылар объектілерге ай сайын мониторинг жүргізіп жатыр. Жыл басынан бері құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқан 585 нысанға (оның 118-і бюджеттік нысандар, 467-і жеке нысандар - 467) мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде басқарма тарапынан 43 (сапасына қатысты – 4, заңсыз құрылыстарға қатысты – 39) құрылыс объектісі бойынша 118 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған (8 866,5 АЕК – 30 589 425 теңге).