Жаңартылған білім мазмұны аясында біліктілікті жетілдіру бағдарламалары аясында 2016-2018 жылдар аралығында қала мектептерінен 11736 мұғалім білім сапасын арттырған.
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидиновамен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар оқу орнының озық педагогикалық тәжірибелерін өзге мектептерге тарату және қаладағы инновациялық білім берудің сапасын арттыру жайын сөз етті.
Бүгінгі таңда білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге өту қажеттілігі арта түскенін айтқан қала басшысы инновациялық білім берудің сапасын арттыруда ортақ мүдделерге бірлесіп қол жеткізуді көздеп отырғанын жеткізді.
Меморандумның мақсаты - балаларды тәрбиелеу және оқыту, білім беру ұйымдарын басқару саласында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының тәжірибесін тарату, сонымен қатар, аймақта инновациялық білім беруді дамыту бағытында педагогтардың кәсіби деңгейін арттыру болып табылады.
Басқосу соңында қала әкімдігі мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы арасында өзара ынтымақтастық орнату жөнінде меморандумға қол қойылды. Болашақта меморандум негізінде қаладағы мектеп мұғалімдері «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» озық педагогикалық тәжірибелерін меңгеретін болады.
Жаңартылған білім мазмұны аясында біліктілікті жетілдіру бағдарламалары аясында 2016-2018 жылдар аралығында қала мектептерінен 11736 мұғалім білім сапасын арттырса, оның 636-сы Кембридж университеті мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның бірігіп жасаған деңгейлік бағдарламалар аясында, ал, 170-і мектеп үйлестірушілер курсынан, қалған 482-сі мектеп тренерлерін дайындайтын курста біліктіліктерін жетілдірген.