Барлық керек-жарақ аурухана дәрігерлерінің ақылы қызметтерінен түскен қаражатқа алынған.
Шымкент қаласындағы №1 қалалық клиникалық ауруханадағы бөлімшелердің төсек жабдықтары 100 пайыз жаңартылып, ем алатын науқастар үшін қолайлы жағдай жасалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері А.А.Донбай ауруханаға шұғыл түрде келетін науқастарға сапалы медициналық көмек көрсетіп, қолайлы жағдай жасау мақсатында «Азала текстиль» ЖШС-нің тігін фабрикасымен бірлескен келісім шарт жасасқан. Нәтижесінде, екі жақты келісім негізінде бүгінгі күні ауруханадағы 500 орынға арналған төсек жиынтықтары жаңартылды.
«Біздің аурухана дәрігерлерінің ақылы қызметтерінен түскен қаражатқа «Азала Текстильден» 1500 төсек-орын жинағын сатып алдық. Бұл сан үш ауысымға жетеді, өйткені бізде 455 төсек орын бар. Сондай-ақ, біз керек жабдықтарды сапа мен баға критерийі бойынша таңдадық және жергілікті өндірушінің өнімін тұтындық. Сонымен қатар, алдағы уақытта медициналық қызметкерлер үшін бірыңғай формаға тапсырыс беруді жоспарлап отырмыз», - дейді аурухананың бас дәрігері Абылай Донбай.
Айта кетейік, жыл соңына дейін ауруханадағы өзге де материалдық-техникалық базалар жаңартылып, ең бастысы – науқастарға қолайлы жағдай жасау үшін біршама оң өзгерістер орын алмақ.