Еліміздің үшінші қаласы Шымкентте «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жалғасуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Қаратау ауданындағы Нұртас шағын ауданында «Таза аула» акциясы өтті.
Мұндай ізгі шара қаланың барлық аудандарында жаппай өткізілуде және қоқыстарды жинау, тазалықты сақтау, жалпы қоршаған ортаға ұқыпты қарау құндылықтары мен мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Аудан тұрғындары, белсенді жастар мен «Жасыл ел» жасақтарының мүшелері қатысқан іс-шарада өздерінің аулалары мен іргелес аумақтарды ретке келтіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шарада аулалар тазаланып, қоқыстар шығарылды, қураған ағаштарды кесіліп, қоршаулар мен орындықтарды сырланды.
««Таза Қазақстан» ауқымды республикалық экологиялық акциясы қазір жер-жерде, елдімекендерде қолдау табуда. Бұл іс-шараның мақсаты – тұрғындарды, жастарды айналамыздың таза болуын сақтауға өз үлесін қосуға шақыру. Қоршаған ортаны, табиғатты қорғау – барлығымыздың міндетіміз», – деп атап өтті Еңбекші аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Пердеш Есенбек.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елді мекендердің аумақтарын абаттандыру және көгалдандыруға, қоршаған ортаға ұқыпты қарау құндылықтарын қалыптастыруға, халық арасында жоғары азаматтық жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті тәрбиелеуге бағытталған. Аталған акция Шымкент қаласында ары қарай да жалғасатын болады.