Жібек Жолы бойындағы қалалар туризмді бірлесіп дамытады
Бүгін Шымкенттегі "Сәукеле" салтанат сарайында Қазақстандағы Өзбекстан туризмі жылының жабылуына орай Шымкентте бизнес-форум өтті, деп xабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Аталған форумда ежелгі Жібек Жолы бойында орналасқан екі елдің туризм саласындағы ынтымақтастық жайы, ондағы ескі шаһарлардың туризм әлеуеті талқыға салынды.
Шараға ЮНЕСКО кластерлік бюросының директоры Криста Пиккат, Дүниежүзілік туристік ұйымының Жібек жолын дамыту жобасының жетекшісі (ЮНВТО) Алла Пересолова секілді Жібек жолы мемлекеттері бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.
Форумға қатысушылар панельдік сессияларда Жібек жолы елдерінің өзара серіктестігі, соның ішінде Орталық Азия аймағының Ресей мен Еуропа елдері нарықтарында турөнімдерді насихаттау мəселелерін талқылады. Сондай-ақ осы форумның қорытынды бөлімінде Жібек Жолы бойынша (Қазақстан - Қырғызстан - Өзбекстан - Тəжікстан) жаңа трансшекаралық тур таныстырылды.
Қос елдің бауырластығын арттырған форум аясында "Ұлы Жібек жолы бойымен" фотокөрмесі өтті. Ондағы қылқалам шеберлерінің көрмесінде Қазақстан мен Өзбекстанның кəсіби суретшілері өз туындыларын жұрт назарына ұсынды.
Айта кетерлігі, еліміздегі Өзбекстан туризмі жылының қорытындысына орай алдағы уақытта бірқатар ынтымақтастық келісімдер мен агро-көрмесі өтеді деп жоспарлануда.