Шымкентте бала күтуші әйел үй иелерінің алтын бұйымдарын ұрлап кеткен

0
1 502

Құны жарты миллион болатын заттарды ломбардқа өткізіп жіберген.


Шымкентте бала күтуші әйел үй иелерінің алтын бұйымдарын ұрлап кеткен

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкентте бала күтуші болып жалданып жұмыс істеген әйел баласын сеніп қалдырып жүрген отбасының зергерлік бұйымдарын тонап кеткен, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.


Атап айтсақ, үй иелерінің жоқтығын пайдаланған бала күтуші жатын бөлмені тінтіп шығып, құны жарты миллион теңге болатын алтын бұйымдарды алып ломбардқа өткізіп жіберген және ақшасын өзінің жеке басының пайдасына жаратып та үлгерген.


Тиісінше, сенім артып сан соғып қалған жәбірленуші азаматша бала күтушінің үстінен құқық қорғау органдарына арызданып, оған қатысты қылмыстық іс Еңбекші аудандық сотына жолданған. Нәтижесінде, сотталушыға ҚР ҚК нің 188 бабының 3-ші бөлігімен айып тағылған.


Сондай-ақ, Еңбекші аудандық сотында аталған қылмыстық істі қарау барысында сотталушы бала күтуші өз ісіне өкінетіндігін айтып, жәбірленушіден кешірім сұрағанын алға тартқан. Сонымен қатар айыпталушы екі тараптың татуласқанын айтып, соттан қылмыстық жауапкершілікке тартпауын өтінген. Бұл туралы жоғарыда аталған соттың баспасөз қызметі мәлімдеме жасады.


«Істі қарау барысында сотталушы Т.М. жәбірленуші С.А.-дан кешірім сұрап, өзінің жасаған іс-әрекетіне қатты өкінетінін, оған келтірген материалдық шығынды толығымен өтегенін және онымен татуласқанын айтып, қылмыстық жауаптылықтан босатуды сұраған. Сот сотталушы Т.М.-ны жәбірленуші А.А.-мен татуласып келтірілген зиянның есесін толтыруына байланысты ҚК-нің 68-бабы 1-бөлігінің негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылды», -делінген мәлімдемеде.