Шымкентте биыл 160 нысан салынады

0
952

биыл 67 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап жыл соңына дейін ел игілігіне тапсыру көзделуде.


 Шымкентте биыл 160 нысан салынады

Шымкентте биыл 160 нысан салу жоспарлануда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Құрылыс жобасына 98 тұрғын үй, 18 инженерлік инфрақұрылым нысандары, мәдениет және 7 білім беру нысандары, 3 төтенше жағдай кешені, 4 спорт кешені, 2 саябақ енгізілді.

Айта кетейік, қалада 2025 жылға дейін жаңа заманауи перзентхана мен жеке инвесторлардың есебінен 800 орындық клиниканың құрылысын жүргізіп, 6 медициналық орталық ашу жоспарлануда.
Биыл жеке инвесторлар есебінен 3 жаңа медициналық орталық ашылды. Соңғы 4 жылда 12 жеке медициналық орталық пайдалануға беріліп, қаладағы мемлекеттік емханалардың жүктемесі 30 пайызға азайды.
Биыл жартыжылдықта 41,5 мың шаршы метр болатын 10 көпқабатты тұрғын үй, 3 білім, 2 спорт нысандарының құрылысы аяқталып, 70 нысанның жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленген.
Соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы саласында мегаполисте ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2020 жылы тұрғын үй құрылысын жүргізу бұдан екі есеге дейін төмен болатын. Биылғы жылы 1 млн 73 мың шаршы метр үйді тапсыру жоспарлануда.
Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында мемлекеттік бюджеттен 312,4 мың шаршы метрді құрайтын 4 090 пәтерлі 98 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Осы ретте биыл 67 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап жыл соңына дейін ел игілігіне тапсыру көзделуде. Тұран шағынауданында 18 үйдің, Бозарық шағынауданында 54 үйдің, Ақжайық шағынауданында 26 үйдің құрылысы жүргізілуде.
Сондай-ақ жыл соңына дейін жұмыс істейтін жастарға 900 пәтер және халықтың әлеумкеттік осал топтарына 505 пәтер нарықтан сатып алынатын болады.
Биыл мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 4 445 отбасы баспанамен қамтылады. Алайда мемлекеттік бағдарламадан тыс қалып отырған әлеуметтік санаттағы азаматтар да бар.

Аталған санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамту үшін «Қамқор» жергілікті тұрғын үй бағдарламасы қабылданды. Аталған бағдарламаның биылғы конкурсына 150 лимит бөлінген. «Қамқор» бағдарламасының шартына сәйкес, қатысушы азамат 20 миллион теңгеге дейін 5 пайыздық жеңілдетілген несиемен баспаналы бола алады. Бағдарламаны жүзеге асыруға 3 миллиард теңге бөлінді.