Вакцинацияның бір күнінде 50-ге жуық дәрігер екпе салдырады.
Шымкентте медицина қызметкерлерін коронавирусқа қарсы вакцинациялау жұмыстары басталды. Қазір қалада 4 емхана базасында екпе жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қалалық №6 емхананың 6 медицина қызметкері ерікті түрде коронавирусқа қарсы екпе салдырды.
Емхананың бас дәрігері Айгүл Қылышбаеваның айтуынша, пунктке «Спутник V» вакцинасының 250 дозасы жеткізілген. Алғашқы күні бұл базадан қаладағы 4 денсаулық сақтау мекемесінен 50-ге жуық медицина қызметкері вакцина салдырады деп жоспарлануда.
Емханада вакцинаны алғаш болып бас дәрігер Айгүл Қылышбаеваның өзі ерікті түрде салдырды.
– Алдымен денсаулығымды тексертіп алдым. Дене қызуым, қан қысымым барлығы қалыпты жағдайда болып, рұқсат етілді. Жарты сағат СОVID-19 қарсы екпе егуден кейінгі күту залында мамандардың бақылауында болдым. Қазіргі жағдайым жақсы. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген. Қазіргі таңда коронавирустан сақтанудың бірден-бір жолы – осы екпе болып тұр. Осы кезге дейін дертке қарсы өзге де вакциналарды үзбей алып жүрдім. Сол үшін аса қорқынышты болған жоқ. Өзімді, отбасымды, айналамдағы адамдарды сақтаудың, қорғаудың жолы осы болғандықтан азаматтық міндетімді орындадым, - деді бас дәрігер.
Қалалық №6 емхана базасы вакцинациялауға алдын ала дайындалып, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Екпе алатын медициналық қызметкерлер бірінші дәрігерлік тексеруден өтіп, өз келісімін жазбаша қалдырады. Сосын екпе жүргізіліп, арнайы күту залында жарты сағат дәрігерлердің бақылауында болады.