ШЫМКЕНТТЕ ҚАЛА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРА ӨТТІ

0
280


ШЫМКЕНТТЕ ҚАЛА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРА ӨТТІ

«Tulip hall» көпфункционалды кешенінде Қала күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.

Бүгін Шымкентте қала күні мерекесіне орай Шымсити шағынауданынында бой көтерген сыйымдылығы - 2066 орындық заманауи үлгідегі мәдени орталық «Tulip Hall» ғимараты пайдалануға беріліп, алғашқы мерекелік концертін қойды.
Қызғалдақ ғимаратының ашылуы Шымкент халқы үшін қала күніне арналған мерекелік тарту болды.
«Tulip Hall» ғимаратының ашылу салтанатында «Шымкент: Кеше. Бүгін. Ертең» тақырыбында көрме жасақталып, келушілерге шаһардың өткені мен бүгінін, қаланың қалыптасу жолы мен келешегін көрсететін фото туындылар таныстырылды.
Салтанатты шарада қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен қала мәслихатының төрағасы Бақадыр Нарымбетов қатысып, қала халқын “Қала күні” мерекесімен құттықтап, қаламызға еңбегі сіңген түрлі сала үздіктерін Шымкент қаласының “Құрметті азаматы” атағымен марапаттады.
Концерттік бағдарламада әлемнің классикалық музыка қорынан ең үздік шығармалар орындалса, қазақтың классик композиторлары Е.Хасанғалиев, Е.Шакеев, Е.Серікбаев, Қ.Сапарбаевтың туындылары көрермен қауымның назарына ұсынды.
Шараға Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреты Талғат Күзембаев, қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Сәкен Майғазиев, Данияр Барыс, Али Сұлтан әннен шашу шашты.
Сонымен қатар, қалалық опера және балет театрының симфониялық оркестрі, Опера және балет театрының солисті Жұмабек Қаңтарбаев және хор ұжымы, опера балет труппасы, «Шымкент концерт» концерттік ұйымының өнерпаздары мен «Қаған» этно-фольклорлық, вокалды-аспапты ансамбльдері, «Қазына» және заманауи би ансамбльдері, домбырашылар ансамблі, көрерменді ән- күймен тербеді.
Іс-шараға қала басшылығы, зиялы қауым өкілдері, түрлі сала ардагерлері мен қала тұрғындары қатысты.
Бөлісу