Шымкентте көлік саласы қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

0
537

Ресми мәртебеге ие мереке Президент Жарлығымен бекітілген, Қазақстан Республикасының кәсіби мерекелерінің тізбесіне кіреді.


Шымкентте көлік саласы қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Бүгін мереке қарсаңында Көрме орталығында қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ұйымдастырумен салтанатты іс-шара өтті.

Қаланың логистикасын дамыту тұрғындар үшін ғана емес, өңір экономикасын өркендету үшін де маңызды. Сондықтан жолаушыларды тасымалдайтын қызметкерлердің еңбегі қашан да елеулі. «Көлік қызметкерлері күні» тамыздың бірінші жексенбісінде аталып өтеді. Ресми мәртебеге ие мереке Президент Жарлығымен бекітілген, Қазақстан Республикасының кәсіби мерекелерінің тізбесіне кіреді.

Жиынға арнайы қатысқан Шымкент қаласы әкімінің міндетін атқарушы Айдын Кәрімов көлік саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, ел экономикасына еңбек етіп жүрген азаматтарға алғысын білдірді.

– Қазіргі таңда қоғамдық көліктердің қызметін жақсарту, жүргізушілердің мәдениетін көтеру мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету басым бағыттар болып саналады. Сондай-ақ, жолаушылар көлігін жаңарту ісі жанданып келеді. Өздеріңізге белгілі, 2020 жылы қалалық мәслихатпен жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы бекітілді. Схемаға сәйкес, 77 маршрутты құрайтын жаңа маршруттық желісі әзірленді. Маршруттық желімен 6 ХАБ, 33 жеткізуші, 39 магистралды және 6 айналма маршруты қаралған, - деді Айдын Мейрамбекұлы.
Шарада Көлік министрі Марат Қарабаевтың құттықтау хаты оқылып, бірнеше марапаттар арнайы табысталды. Бір топ тәжірибелі маман «Құрметті автокөлікші» төсбелгісімен, «Үздік автокөлікші» төсбелгісімен, Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапатталды. Бірқатары қала әкімі мен басқарма басшысының да Алғыс хаттарымен марапатталды.
Бұл бағыттағы қыруар жұмыстардың нәтижесінде соңғы жылдары мегаполисте бірнеше қоғамдық көлік бағыттары жаңартылуда. Маршруттар толығымен қызмет көрсетуде, шет аймақтарда орналасқан барлық шағын аудандар мен тұрғын алаптарға қоғамдық көліктер қатынайды.
Бөлісу