Департаменттің бас маманының лауазымдық жалақысы 91 мың теңгеден 219 мың теңгеге дейін көтеріліп отыр.
Шымкент қаласындағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы жоғарылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаевтың мәлімдемесіне сілтеме жасап.
Арнайы брифинг барысында департамент тарапынан атқарылған жұмыстар бойынша есеп берілді.
2018 жылдың басынан бері Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бастамасымен еліміздің бірқатар облыстарында жалақы төлеудің жаңа пилоттық жүйесі іске қосылған. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызметкерлердің айлық жалақысы жоғарылап отыр. Шымкент қаласы бойында департамент басшысының айтуынша, мысалы, департаменттің бас маманының лауазымдық жалақысы 91 мың теңгеден 219 мың теңгеге дейін көтеріліп отыр. Бұған қоса Агенттік төрағасының тапсырмасы бойынша бос лауазымдарды 20%-ға жеткізіп, үнемделген қаржы мемлекеттік қызметкерлердің жалақысына үстеме ретінде төлеуге бағытталмақ.
Айта кетейік, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын белгілеудің жаңа жүйесі екі бөліктен тұрады. Олар факторлы-балдық шкала негізіндегі кепілдендірілген лауазымдық жалақы және үстемелер. Осы факторлы-балдық шкала жүйесі бойынша жұмысы тиімді қызметшілер жыл қорытындысы бойынша үстеме жалақыдан үміткер бола алады. Яғни жаңа жүйе ешбір жағдайда мемлекеттік қызметшінің болжамды табысын нақты шектемейді, дейді департамент өкілдері.