Шымкентте үш ауысымды мектеп мәселесі шешіледі

0
883

Биыл бір жылда мектеп оқушылары 12 мың балаға көбейіп, мектеп оқушылары 224 мыңнан асты.


Шымкентте үш ауысымды мектеп мәселесі шешіледі

Шымкентте үш ауысымды мектеп мәселесі шешіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Үш ауысымды мектептер негізінен қаланың орталығында орналасқан. Соны ескеріп, бала саны көп мектептерге қосымша ғимарат салуды қарастырып жатырмыз. Атап айтқанда, №№45, 46, 47, 65, 38, 80 мектептер мен №8 лицейге қосымша ғимарат салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Дегенмен, бұл да мәселені түбегейлі шешпейді. Биыл бір жылда мектеп оқушылары 12 мың балаға көбейіп, мектеп оқушылары 224 мыңнан асты. Шымкент қаласы мен Түркістан облысында демографиялық өсім жоғары екенін ескерсек, оқушылар саны жылдан жылға көбейе береді.
Осы жағдайды ескеріп, білім саласына жеке инвесторларды тартып отырмыз. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасымен, үш ауысымды мектептер мәселесін шешу үшін іс-шара жоспары жасалды. Барлығы 31 мектеп қамтылды. Биыл жыл соңына дейін үш ауысымды 7 мектеп, 2021 жылы 7 мектеп, 2022 – 2023 жылдары 8 және 9 мектептің мәселесі шешіледі.
Осылардың ішінде 14 мектептің проблемасы жеке инвестиция арқылы шешілмек. Кәсіпкерлер жаңа мектеп салуда немесе бұрын салынған ғимаратты білім беру стандарттарына бейімдеп жатыр. Атап айтсақ, қазіргі таңда 4 тойхананың иесі мектеп етіп ашпақшы.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мәлімдеді.