Шымкентте вокзал ғимаратының қасбеті мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталды

0
160


Шымкентте вокзал ғимаратының қасбеті мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталды

Шымкентте 2024 жылдың 10 мамырдан бастап қалада валидаторлар төлем қабылдауды бастады.

Бұл туралы Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ибрагимов Ролан баспасөз брифингінде кеңінен тарқатып айтып берді.

Спикердің сөзінше, аталған жүйе әдеттегідей көлік картамен, Avtobys мобильді қосымшасы арқылы Bluetooth, NFC, QR кодтары және контактісіз банк карталары арқылы төлемдерді қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қосымша мектеп оқушылары, студенттер, зейнеткерлер және басқа санаттар үшін көлік карталарын сатып алмай-ақ, жеңілдетілген тарифтерді пайдалануға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, қазіргі таңда қоғамдық көліктерде аялдаманы дыбыстағыш құрылғымен қамту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бүгінде бұл құрылғы №12, №27, №35, №74, №84 бағыттағы жолаушылар көлігінде жалпы саны 110 автобуста орнатылған. Ал, жыл соңына дейін тағы 500 көлікте аялдамалар дыбыс құралымен хабарланады деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, қоғамдық көлік жүргізушілеріне бірыңғай киім үлгісінің дизайн бекітіліп, тасымалдаушы компанияларға қамтамасыз ету міндеттелген.

Сонымен қатар, басқарма басшысы қала көркін арттырып, тұрғындар мен қонақтарға заманауи талапқа сай жайлы жағдай жасау мақсатында теміржол вокзалының ғимараты қайта жаңартылғанын да атап өтті.

10 жылға жоспарланған инвестиция қаражаты 1 жыл ішінде қарастырылып, былтыр 10 маусымда басталған жұмыстар 2024 жылдың 10 мамырында толық аяқталды. Сенімгерлік басқаруға нысанды беру арқылы қайта жаңғырту жұмыстары тиімді жүзеге асқанын атап өткен жөн. Мұнда тәулігіне 27 бағыт бойынша поездардың қызметі ұйымдастырылған.

1968 жылы салынған ескі вокзалдың жалпы ғимарат алаңы 1 770,2 шаршы метрді, жолаушыларды өткізу қабілеті тәулігіне 2 мың жолаушыны құраса, бүгінде қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін теміржол вокзалының аумағы 2 249,33 шаршы метрге ұлғайып, өткізу қабілеті тәулігіне 6 мың адамға дейін арттып отыр.

Сондай-ақ, жолаушыларды күту залының аумағы 898,3 шаршы метрден 1 982,3 шаршы метрге дейін артқан. Жобада ғимараттың екінші кіреберісі, жолаушыларға жайлы қызмет көрсететін заманауи талапқа сай 2 күту залы және екінші қабатта фудкорт қарастырылған. Вокзал ғимаратының қасбеті мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталып, шыны витражды жүйелерден және металл кассеталардан жасалған.

Бөлісу