Үшінші мегаполис әкімі жауаптыларға саябақтың құрылысын өндірістік кестеге сай жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Шымкент қаласының Сәуле шағынауданында 2,5 гектар саябақ бой
көтереді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жылдан жылға жергілікті халық саны артып келе жатқан Сауле шағынауданының мүмкіндіктері қарастырылып, қажеттіліктеріне байланысты саялы саябақ салынуда. Қала әкімі жауаптылармен бірге саябақтың құрылыс жұмыстарын қадағалап, жобаның жүзеге асырылуын пысықтады.
Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға саябақтың құрылысын өндірістік кестеге сай жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ заманауи демалыс аймағын халыққа қолайлы етіп, озық үлгіде жасақтау бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Еске сала кетсек, жуырда Шымкент қаласының Бас жоспары қабылған болатын. 2035 жылға қарай қала халқы 1 млн 800 мың адамға жетеді деген жоспар бар. Бас жоспардағы негізгі басымдық – тұрғындарға жайлы ортаны қалыптастыру. Құжатта жол, логистика, кәріз жүйесі, инфрақұрылыммен қамту мәселелері егжей-тегжейлі қаралған.
Бас жоспарды әзірлеуде тұрғын үй қорының жағдайы, халықтың орналасу тығыздығы, әлеуметтік-мәдени нысандардың орналасуы және басқа бағыттар бойынша талдау жүргізілген. Жобаны әзірлеуде инфрақұрылым нысандарының тұрғындар үшін барынша қолжетімділігі ескерілген.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің үшінші мегаполисінің даму қажеттіліктері мен алдағы уақыттағы әлеуеттерін ескере отырып, қаланың бас жоспарын жаңарту бойынша тапсырма берген еді.